• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2024

Отыз жылдан соң жөнделген жол

92 рет
көрсетілді

Жетісу ауылдарын жандандыруға ең алдымен қалыпты жол, содан соң жаңа әлеуметтік нысандар қажет. Жүйелі жұмыс бар жерде халық тұрақтайды. Осы тұрғыда облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауылдарға көбірек көңіл бөліп келеді. Айталық, шалғайдағы Көпбірлік ауылына отыз жылдан соң жаңа жол салынды. Талай жыл халықты қинап келген ауызсу мәселесі де шешілді. Көп ұзамай мұнда медициналық кешен мен мәдениет үйі салынбақ.

Бұрын бұл елді мекендерге жет­кілікті көңіл бөлінбегені белгілі. Себебі халық Алматы маңайында тығыз қоныс­танғандықтан, шалғайдағы ауыл­дардағы әлеуметтік нысандар ескі күйінде қала берді. Облыс орталығына қатынайтын үлкен жол да жөндел­меді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алыстағы ауылдарға қа­жет­ті инфрақұрылым тартылып, ме­дициналық, спорттық, мәдени нысандар бой көтеріп жатыр. Оған дәлел – Қызылбалық ауылдық округіне қарас­ты Көпбірлік ауылындағы іс-шаралар. «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 176 км құрайды. Соның кетеуі кеткен 137 шақырымы толық жөн­делді. Биыл жолдың 78,5 шақыры­мы ашылды. Ал қалған бөлігі қанағаттанарлық жағдайда.

«Былтыр ұзындығы 30 шақы­рым учаске жөн­дел­ді. Бүгінде авто­­трас­саның 90–147 шақы­рым аралығын­дағы учаскесіне асфальт төселді. Қазіргі кезде абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жол жиегі нығайтылып, белгілер орнатылады. Жұмыс 10 қарашаға дейін бітеді. Жөндеу жұмысы трассаның екінші, үшінші учаскелерінде де аяқталды. Бұл нысандар пайдалануға берілді. Сөйтіп «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» жолының барлық аталған учаскелеріне асфальт төселді. Жобаның құны 4,9 млрд теңгеден асады. Жол үшінші санатты, жүру бөлігінің ені 7 метр», деді Б.Исабаев. 

Жалпы, Көпбірліктен Алма­лы ауы­лына дейінгі ұзын­­­­дығы 28 км жол учаске­сіне 2021 жылы орташа жөн­деу жүргізілген. Жолдың қал­­ған бөлігінің құрылысы төрт бөлікке бөлінген. Облыс әкі­мі баспасөз қызметінің мәлі­метінше, келесі жылы «Үштөбе – Алмалы – Көп­бірлік» жолының 145-учас­ке­сіндегі Алмалы көпірі жаң­ғыр­тылады. Өңірде жақсы, қанағаттанарлық жағ­дай­дағы облыстық маңызы бар жол­дар­дың үлесі жылдың соңына қарай 94%-ға жетеді.

Тұрғындар ауызсу мәсе­ле­сінің шешіл­­ге­ніне де дән риза. Ауылда орталық­тан­дырылған су құбыры болғанымен, кейінгі жылдары тұрғындар тұзды су ішуге мәжбүр еді. 2010 жылы ауылда сумен жаб­дықтау жүйесі қайта жаң­ғыр­тылған, жаңа желілер са­лынып, те­рең­дігі 100 метр­ден асатын ұңғыма қазылған. Сол кезде тұщыландыру қондырғысы орнатылып, ысырмалары ауыстырылды. Қабылданған іс-шараларға қарамастан, кейінгі жылдары судың тұздылығы литріне 5,9 грамнан 8 грамға дейін өскен. Сөйтіп, бұл ауыл халқын мазалаған мәселеге айналды. Осыған байланысты, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес бюджеттен қаражат бөлініп, мә­се­лені шешуге қажетті ша­ралар қабылданды. Атап айт­­­­қанда, 2 км желіге қайта жаң­­ғырту жүргізіліп, жаңа су мұнарасы тұрғызылды. Оған қоса тұздану деңгейі литріне тіпті 12 грамға жеткен күнде де суды тұщыландыруға қуаты жететін жаңартылған тұщы­­лан­дыру қондырғысы орнатылды.

«Ауылда 179 аула бар, соның 168-і ор­талық сумен жаб­дықтау жүйесіне қо­сыл­­ған. Ауылда тұратын ха­­­­лық саны 900-ден асады. Ауызсу – тіршіліктің негізгі көзі, денсаулықтың кепілі. Сон­­дықтан оның сапасының жақсы болғаны маңызды. Бізде бірнеше жылдан бері ауызсу сапасы нашар еді. Биыл бұл мәселе шешімін тапты, халық риза. Ауылымызға бұдан былай да көңіл бөлінеді деп сенеміз», дейді ауыл тұрғыны Зәмзәгүл Несіпбаева.

Тұрғындардың тілегіне орай көп ұзамай Көпбірлік ауылында кітапханасы бар мәдениет үйі салынады. Мұны облыс әкімі Қаратал ауда­нына жасаған жұмыс сапары барысындағы ауыл тұрғындарымен кездесуінде айтты. Ауылдықтардың өтіні­ші негізінде өңір бас­шысы тиісті лауазымды тұлға­ларға аталған нысанның құры­лысына дайындық жұ­мыс­тарын бастау туралы тап­сыр­ма берді.

«Көпбірлік – облыстың ең шалғай­дағы ауылының бірі. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес облыс ор­талығына жақын елді мекендерді ғана емес, алыс жатқан ауылдарды абат­тандыру мен дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Халықтың өмір сүру сапа­сын жақсартуға ең алдымен сапалы ауызсу, жол, жарық, әлеуметтік нысандар керек. Тұрғындар тұр­мыс­тың жақсарғанын сөз жүзінде емес, іс жүзінде се­зін­уге тиіс. Ауылға келетін жол­ды жөндеп бітірдік, ауызсудың сапасын жақсарттық, денешынықтыру-сауықтыру кешенін, ауыл әкімдігінің кеңсесін салып бердік. Енді сіздердің өті­ніш­теріңізге сәйкес кітап­­­ха­насы бар мәдениет үйі тұрғызылады. Екі ауылдық округке ортақ өрт сөндіру депосын құ­рып, қажетті техникамен қам­тамасыз етеміз. Сол сияқты көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға назар аударылады», деді Б.Исабаев.

Одан бөлек, тұрғындар тарапынан ауыл балаларын түрлі жарысқа апаруға ша­­ғын автобус керектігі ай­тылды. Сонымен қатар Бал­қаш көлінің жағалауына апа­­­ратын 2,5 шақырымдық жол­дың мәселесі де көтерілді. Ауылдықтардың айтуынша, әсіресе жаңбырлы күндері жа­ға­лауға жету қиындық ту­ды­рады. Қос ұсыныс та көп ұза­май шешілетін болады.

Айта кетейік, Көпбірлік ауылы мен Қарақұм ауылы Қызылбалық ауылдық округіне қарайды. Оның маңайында 4 елді мекенді қам­титын Байшегір ауыл­дық округі бар. Оған Ал­малы, Дөңшей, Ақиық, Ақ­жар ауылдары кіреді. Соның ішіндегі халқы көп Алмалы ауылында үш бірдей әлеу­меттік нысан салынбақ. Келер жылы мәдениет үйі­нің, блокты-модульді дәрігер­лік амбулаторияның, спорт кешенінің құрылыс жұмыс­та­ры басталады.

 

Жетісу облысы