• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:50

Партия жобалары халық тұрмысын түзеуге сеп

42 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау жүйесіне енгізген өзгерістері Парламентте саяси партиялар санын көбейтіп, бір мандатты округтен депутаттардың сайлануына жол ашты. Қазір Мәжілісте сөзі мірдің оғындай, өзі сайдың тасындай депутаттар көп жиналған. Бұл – «ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қалыптастыруға бағытталған қадам.

Фракция мүшелері 45 заңға 2 030 түзету енгізді

Апта сайын Үкіметке өзекті мәселелер жөнінде депутаттық сауалдар жолданады. Депутаттар халық мүддесін көздейді. Үкімет өз позициясын ұстанады. Мұнда халық мұңына құлақ асатын мем­лекет құруға бастайтын бас­тамалар көтеріліп, әсіресе заңдарды түзеп, республикалық бюд­жеттен облыстарға қаржы тарту үшін тартысты күндер өтіп жа­тыр. Қазіргі Мәжілістің аяқ алысы жақсы әрі өткір сын айтудан, маңызды мәсе­ле­лерді көтеруден тартынбайды. Өйт­кені әрбір депутаттың артында мыңдаған сайлаушы мен сенім артқан партия тұр. Мәжіліс өз миссиясын дұрыс атқарып келеді деп есептеймін.

«Жалпы, алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қол­дауға арналуы керек. Ұлттық жоба­лар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюд­жеттің әрбір тиыны тиімді жұм­салуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріп­тестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасын орнықтыруға сеп­тігін тигізеді. Әсіресе сайлауда жеңіске жеткен «Amanat» партия­сы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сон­дықтан «Amanat» партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін», деп Мемлекет басшысы сенім артқан соң оның көтерген барлық бастамасы дереу назарға алынып, жүзеге асырылып жатқаны белгілі.

Айталық, VIII шақыры­лым­ның ІІ сессиясынан бастап фракция мүшелері жетекшілік еткен 33 заң жобасына Президент қол қойды. Қазірдің өзінде Мәжілістің қарауына қабылданған заңдар аз емес. Алдымызда Салық ко­дексі, сот жүйесі мен құқық­тық заңнамалар, банк туралы құжаттарды әзірлеу сияқты жа­уап­­­ты жұмыстар күтіп тұр. Әріп­тес­тер Парламент заң шығарушы орган болғандықтан, заң жобаларын тек депутаттардың әзірлеуі мәселесін көтеріп жатыр. Мұны халық та құптап отыр. Мемлекет басшысының да Парламент пен партияға артқан сенімі бар. Оны ақтау – ел үмітін ақтау. Кейінгі жылдары орын алып жатқан оң өзгерістерге біреу сеніп, біреу сенбей жатыр. Десек те, көп нәрсенің өзгеріп жатқаны – ақиқат.

Президент тапсырмасы мен мемлекеттік саясатты іске асыруда «Amanat» партиясы үлкен рөл атқарады. Себебі партияның бағыт-бағдары Президенттің сай­лауалды бағдарламасымен қабы­сады. Сондықтан партия ел үшін дамылсыз еңбектеніп жатыр. Күн сайын партия­да қоғамдық қабылдау өтіп, азаматтардың арызы бо­йынша талдау жасалып, зерттеу жүр­гізі­леді. Өзектілігіне қарай ше­шім қабылданып, тіпті заңға өзгерістер енгізуге ұсынылады. Мәселен, «Amanat» партиясы фракциясының мүшелері Сенатқа жолдаған 45 заңға 2 030 түзету енгізсе, апта сайын Үкі­метке депутаттық сауалдар жол­данып, 500-ге жуық мәселе көтерген.

 

Қаржылық сауат қарыздан құтқарады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру үшін азаматтарымыздың қаржы және экономика негіздері мен цифр­лық дағдыларды меңгеру­дің аса маңызды екенін айтты. Осыған байланыс­ты адам­дар­дың қаржылық сауатын арт­тыруға бағытталған партия­ның «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өтті. Халық­тың аңғалдығын пайдаланып, жымысқы ойын жүзеге асыратындар көбеймесе, азаймай тұр. Екі күннің бірінде алаяқтарға алда­нып қалғандар кездеседі. Кибералаяқтыққа қарсы тиімді күрес жүргізіп жатқан мемлекеттер бар. Біздің құзырлы ор­ган­дарға солардан үлгі алу керек шығар. Президент тапсырмасына сәйкес «Amanat» партиясы қаржылық сауатты күшейтуді қолға алып, осы уақыт­қа дейін 70 мыңға жуық азаматпен жұмыс істеді. Сол сияқты қаржылық сауатын арттырып кәсібін бас­тап жатқандар бар. Өкініштісі, несиені тұрмыстық қажеттілік үшін алып, банк­терге берешек боп жүргендер жетерлік. Ал тиыннан теңге құрап, қанша ақша түссе де, жос­пармен жарататын жандардың қарекеті құптарлық. Пәленбай мил­­лион кредитке теледидар, телефон, тоңазытқыш, киім-кешек алғанша, сол қаржыны алдымен бір кәсіпке салып, табыс тауып, бизнесті кеңейтіп, содан жиған-тергенге керек дүниені алған дұрыс. Алаяқтарға алданып жатқандар – бірден мол табысқа кенелгісі келіп тұра­тын­дар. Осыны пайдаланған әккі пысықайлар аңғал жұртты сазға отырғызып, сан соқтырып жатыр. Сондықтан Президент бастап, партия қостап жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасының берері мол.

Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қар­жылық сауатын арттыруға арнал­ған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қар­жылық және цифрлық сауат­ты­лық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс. Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өте­луі мемлекеттің тиімді жұмыс іс­тейтінін айқын көрсетеді», деді.

Осыған және өзге де өзекті мәсе­лелерге байланысты заң­дар қабыл­данды. Мысалы, зор­лық-зомбы­лықтың кез келген түрінің алдын алу мен салдарын жою үшін жазаны қа­таң­дату шара­лары қаралды. Әсі­ресе балалар мен аналардың құқын қор­ғауға, буллинг, ки­бер­бул­­лингті болдырмауға баса назар аударылды. Қанша жерден тыйым салынып, заң күшейтілгенімен, қылмыстар әлі де азаймай тұр. Бұл ретте заңды күшейттік, енді санамен жұмыс істеуге көшкен дұрыс деп ойлаймын. Айталық, АҚШ, Канада, Жапония, Колумбия, Еуропаның буллинг түрлерін болдырмау шараларын құзырлы министрліктер қарастырса игі еді. Бәлкім, бізге Қытай, Корея, Жапония сияқты балаларды кіш­­кентайынан кәсіпке баулып, қыл­мыс жасауға жетелемейтін тәсілдерді қолдансақ, келешекте жақсы адамдар қатары көбейетін болар.

Мемлекет басшысы қоғамда туындап жатқан қылмыстық жағ­дайларға алаңдаушылық біл­діріп, тиісті заңдарды әзірлеуді депутаттарға ұсынып келеді. Біздің қоғамға үлкен зардабын тигізіп жатқан проблеманың бірі – құмар ойындары мен отбасылардың ажырасуы. Бүгінде мыңдаған отбасы ойран болып, шаңырағы ортасына түсті. Мұның сорын ортадағы кішкентай балалар тартады. Көпшіліктің пікі­рін­ше, бұған – материализм себеп. Шиеттей балаларының аузынан жырып, ойынға салып, одан қалса, әйелін ұрып-соғып, отбасын асырауға жарамай жүр­гендер шаңырағын сақтай алмай отыр. Жақсы немесе жаман жолды таңдау адамдардың өз ықтиярында болғанымен, қо­ғамның негізі ретінде тәрбие мен тәртіпке ел болып көңіл бөлмеске болмайды. Ал заң – қоғамдағы келеңсіздіктерді реттеуге арналған құжат.

Президент бір сөзінде: «Біз нашақорлыққа және есірткі биз­не­сіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудо­­­ма­ниямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жү­­­зін­де шектеу қою қажет. Біз жас­тардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деп «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен әзірленген заң жобасын құптады.

Кез келген заң дұрыс жұмыс істеуі үшін халыққа кеңінен таралуға тиіс. Сонда олқылықтар орын алмайды, қылмыс та азая­ды деп есептеймін.

 

Ауыл-аймақтың ырысын еселейді

Ауылдағы ағайынның әл-ауқатын жақсарту жөніндегі Президент баста­масының аясында «Amanat» партиясы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл үшін республи­ка­лық бюджеттен 1 трлн теңге қарастырылған. Былтыр оның 100 млрд теңгесі бөлінген. Мысалы, Түркістан облысына 2023-2025 жылдарға 11 млрд теңге бөлініп, 3 мыңдай адамға несие беру көзделген. Пайызы төмен әрі кәсіпті өркендетуге қолайлы бол­ғандықтан біздің өңірде сұра­ныс артқан. Қосымша 14 млрд теңге бөлу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтінім берілген. Алайда «Amanat» партиясы анықтағандай, елі­міз бойынша осы жылға қарастырылған 100 млрд теңгенің 7 млрд тең­гесі ғана бөлініпті. Үкіметке бұл мәселені шұғыл шешу жөнінде партия фракциясы атынан депутаттық сауал жолданды. Отандық ауыл шаруа­­шы­лығы өнімдерін өсіру­шілер мен өндірушілер еккен еңбектің есесін импорттық тауар­дың арзандығынан ала алмай жүр. Шеттен келетін бау-бақша өнімдерінің сапасына күмән бар. Мұны айтып агроөнеркәсіп өкілдері қанша шулап жатса, отандық өндіру­шілерді қолдап, қорғауға асыққан Үкімет­ті көрмей келеміз. Прези­дент тапсырмасының бәрі де – депутаттардың назарында. Мысалы, бюджет тапшылығын жабуға арналған кешенді іс-шаралар легінің қашан да­йын болатыны белгісіз. Белгілісі, Мемлекет басшысының түрлі төлем, салық, айыппұл, кәсіпкер­лікті қолдауға бөлінген ақшаның есебінен емес, экономикалық даму жолдарын табумен толтыру тапсырылған. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы саласындағы даму жоспарының бірі екенін атқарушы билік ұмытпаса екен. Себебі бұл төмен пайызды несиеге сұраныс қала тұрғындары тарапынан да туындап отыр. Келешекте бұл мәсе­­лені шешуді де назарға алу керек.

«Amanat» партиясы аз уақытта ауқымды істер атқарды. Азамат­­тар­дың маңызды мәселелерін шешу үшін 13 партиялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл басында болған су апатынан зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып партия көмек көрсетті. Қай жағынан қарасақ та игі істер­дің басы-қасында «Amanat» партиясы жүр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты партия қатарынан бас тартады деп ешкім ойламаған. Сол сияқты әкімдер де партия филиалдарына төрағалық етпейтін болған. Бұл – бұрынғыдай билік пен партия бір жақ, халық бір жақ болмау үшін, қоғам мен депутаттардың арасын жақын­датып, халықтың билікке деген сенімін арттыруға жасалған қадам. Партия мен Мәжілістің дұрыс бағытта жұмыс істеуі бас­шының біліктілігіне байланыс­ты. Бұл тұста «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың еңбегі елеулі екенін айтқым ке­ле­ді. Мемлекеттік сая­сатты жү­­зеге асыруға атсалысу екінің бірі­­нің қолынан келмейді. Сон­дық­тан бұл мәселе сенімді қолда деп есептеймін. Әрбір де­путат­қа сенім білдірген сайлаушылар бар. Олардың дені – партия қатарынан сайланғандар. Прези­дент айтқандай, ықпалды Пар­­ламент қалыптасуы үшін өз жұмысына асқан жауапкер­шілікпен қарайтын партиялас­тар керек. Жер-жердегі депутаттар басшылыққа қарап сап түзеуге тиіс. Сайып келгенде, бәрі­міздің көздегеніміз – елдің өсіп-өркендеуі.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты