• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 07 Қараша, 2024

Шекара шебіндегі Ахметбұлақ

157 рет
көрсетілді

Шілікті қазаншұңқырынан оңға бұрылғанбыз. Тура тартсақ, алтын адам табылған әйгілі Шілікті қорғаны еді. Біздің бағыт – Ахметбұлақ. Шалғайдағы шағын ауыл. Шекара шебінде жатыр. Жолай Маңырақ, Жаңалық ауылдарына соғып, жүріп жатқан құрылыс нысандарын көре кеткенбіз. Тарбағатайдың қай аулына бұрылмасақ та, тіршілік құж-құж қайнаған. Жеке аудан болғалы бірқатар істің басы қайырылыпты.

Әр ауылда медициналық пункт, балалар ойын алаңы, спорт кешендері бой көтерген. Жеке­леген кәсіпкерлер қатым­хана, тойхана салып, ауылдас­тарына тарту еткен. Биылдың өзінде ауданда үш бірдей медициналық пункт салынса, былтыр осындай 6 орталық пайдалануға беріліпті.

Маңырақ аулынан шыға бере Бозшаның бұрылы­сы­на дейінгі 15 шақырым жол тақтайдай тегіс. Биыл асфальт төселіп, орташа жөндеу жүргізілген. Зулап қана оты­ра­сың. Келер жылдары Бозша ау­лына қарайғы үш шақы­рым да асфальтталады деген аудан басшылары.

Арқар жортқан тау арасын­дағы соқпақты қуалай салған жол­мен жүйткіген күйі Май­лы асуы­нан өттік дағы, жап-жазық сары даладан шыға келдік. Шілікті қазан­шұңқыры дегені­міз осы тұс. Көз ұшы­нан Сары­өлең ауылы көріне­ді. Жол бойын­дағы қабақта көз­дері Шығысқа қараған «дзот» тұр. Ал­мағайып заманда қойылса керек.

Құлдилап Сарыөлеңге қарай түстік. Тозыңқы ауыл екен. Терезесі үңірейген бос үй көп. Көшесінде көлденең жүрген тірі жан көрінбеді. Аялдасақ, ауылдың арғы-бергі тарихын айтатын ақсақал кездесер ме еді, кім білсін? Діт­теген жеріміз Ахметбұлақ бол­ған соң Жаңа ауылға да тоқтай қойған жоқпыз. Әйтпесе, Жаңа ауыл, Жаңаталап ауылдары жаңашылдыққа бет бұрған. Жаңаталап аулындағы ойын алаңында балалар асыр салып жүрсе, орталық көшесіндегі жаңа тойханада ұлан-асыр той өтіп жатыр.

Тойхана ғимаратын тұр­ғын­дар бірлесіп көтеріпті. Бұдан ауыл­дық­тар­дың ауызбіршілігін бай­қа­дық. Атап отырған ауылдар­дың барлығы шекара шебінде жатыр. Ал біз бара жат­қан Ахметбұлақ ауы­лы Қытай шека­расының дәл т­үбінде.

Жаңа ауыл мен Ахметбұлақ ара­сындағы дала жолы асфальтқа бер­гісіз. Күреп, тегістеп отырғандықтан ба, ойылып кеткен бірде-бір жері жоқ. Ахметбұлаққа жете берісте мыңғырған қой, табын-табын сиыр жайылып жүр. Ауылды айнала, Қосағаш өзені ағып жатыр. Желке тұсында адыр белдер. Оның етегінен шекарашылардың мұнарасы менмұндалайды. Шека­раның шегесіндей болып тұрған мұнара емес, ауылда қалған халық. Алақандай мекенде отыз шақты ғана түтін бар. Дені – жас­тар. Күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Мектеп пен балабақшасы бар. Көше-көшені кезіп жүріп, осы ауылдың кейуанасы Иіс Сармолдинаның шаңырағына ат шалдырғанбыз.

– Қыста қар тоқтамайтын қасиетті аймақ. Көктемде езіліп, батпақ та болмайды. Осы ауылда тумасақ та, өсіп-өндік. Кішкентай күнімде көшіп келген едім. Осында оқыдым, коммунистік партияға өттім. Сол заманда жұмыс істедік. Еңбегіміз елеусіз қалмады. Қой шаруашылығы бағытындағы кеңшар болды. Жер кең. 30 отар қой жайылды. 120 сиыр, 120 жылқы өсірді. Үш кең­шардың жемшөбі осы жақтан дайындалды. Еңбекке ерте араласып, шөмеле салдық. Сай-сайдағы отауды қыстың күні тартты. Кейін комсомол жастар бригадасы құрылды. Жаман болған жоқ. 120-ның үстінде үй болған, – деді өткеннен өріп, әңгіме бастаған Иіс апа.

Зейнеткер ұстаз Иіс Сармолдина Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Ауыл жастарына ақыл-кеңесін айтып отырған сыйлы кісі. Қандай да пікір айтпас бұрын салмақтап, саралап алады. Ойланып барып, байыппен сөйлейді. Ауылдың ертеңіне болжам жасап, ауданның әу-жайын айтып отырғанымызда, дауыстай сәлем беріп, көршісі кірген. Аңқылдаған ауыл халқы бірінің үйіне бірі күніге кіріп-шығып жатады емес пе. Есіктеріне құлып та салынбайтын шығар.

– Ауылдан еш жамандық көріп отырған жоқпыз, – деп дастарқанға жай­ғасты ауыл тұрғыны Жамал Исақызы, – Біз қалаға көшіп кетіп, қайта келгенбіз. Мал бағып отырмыз. Әкімдік интернетін тартып берсе, ауылдан жастар кетпейді. Мұнда тұрып жатқандардың бәрінің қалада үйлері бар. Бірақ табыс көзі ауылда. Шаруашылық жетекшілері жұмыспен қамтып отыр. Біз он жылға жуық мал бағып келеміз, – дейді Жамал Исақызы.

Рас, ауылдан тіршілік көзін тапқан тұрғындардың кеткісі жоқ. Тек, арман-тілектері ғана бар. Ол дегендері, ең әуелі интернет, жол, ауызсу. Округ әкімі Сәу­ле Ақылбекқызының айтуынша, келе­сі жылы әр үйге орталықтандырыл­ған ауызсу тартылады. Егер әкімдік халық үніне құлақ асып, тілектерін қабыл етсе, ауылдан көшкенді қойып, ауылға бет алатындар көбейетін секілді.

Биыл оңтүстік өңірлерден үш отбасы көшіп келіп, мал өсіріп отыр. Сөй­тіп, ауыл өркендеп, жан саны арта түс­кен. Шекара шебі жалаңаш қалмауы үшін мемлекет тарапынан әлі де үлкен әлеу­меттік бағдарламалар керек.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ахметбұлақ ауылы