Жалпы білім беретін мектептерде бұған дейін екі пән бірігіп, «Көркем еңбек» болып оқытылып келді. Биылғы оқу жылынан бастап «Бейнелеу өнері» жеке пән ретінде мектептерге жол тартты. Соған орай «Атамұра» баспасының 3-сыныпқа арналған жаңа «Бейнелеу өнері» оқулығы әзірленіп шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кітаптағы әрбір сабақ оқушылардың шығармашылық қабілетін, креативті ойлау дағдысын, эстетикалық талғамы мен жас ерекшелігін ескере отырып дайындалған.
Сондай-ақ оқулықтың электронды нұсқасы да даярланған. Онда оқушылардың қызығушылығын оятып, танымын дамытатын интерактивті тапсырма, аудио-видеолар, сурет салу әдістері мен қажетті ақпараттар берілген. Электронды құрал арқылы сұрақтардың жауабы мен суреттер сәйкестендірілген, ол суреттерге пішім таңдайды, заттардан үйлесімді натюрморт құрастырады. Оқушылар сабақ материалын меңгерумен қатар, заманауи ақпараттық құралдарды қолдануға үйренеді.