• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мирас 08 Қараша, 2024

Ұлттық киім үлгілері – жұртшылықтың көз қуанышы

47 рет
көрсетілді

Жақында еліміздің үшінші мегаполисінде «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» деген атпен маңызды фестиваль өтті. Фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қаласындағы филиалына қарасты Достық үйінде ұйымдастырылды.

Мәдени іс-шара аясында көрме өтіп, оған жергілікті қолөнер шеберлері мен дизайнерлері дайындаған ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар үлгі­лері қойылды. Сондай-ақ этно­стильдік, заманауи сәндік киім үлгілерінің көрсетілімі болды. Ерекше сәнмен тігілген киімдер жиынтығы көпшілікке қатты ұнады. Ең бастысы, жергілікті дизайнерлер көрсетілім арқылы жиналған жұртшылық ықыласын өздеріне аудара білді.

Ұлттық құндылықтарды, мә­дениетті дәріптеу мақсатын көздеген шырайлы шараға Шым­кент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқар­масының басшысы Айгерім Жұмағұлова қатысты. Сала басшысы құттықтау сөзінде ұлт мәдениеті мен ұлттық құн­ды­лықтарды талмай насихаттап жүрген қолөнер шеберлеріне көпшілік атынан үлкен алғыс білдірді.

«Шымкентте ұлттық киім үлгілерін тігетін, қазақтың ою-өрнегімен зергерлік бұйым­дар жасайтын қолөнер шебер­лері жетерлік. Оларға бүгінгі таңда керегі – қолдау мен насихат. Өнерлі жандар жасап жат­қан істеріне көңіл бөлгенді, еңбектерінің лайықты бағасын алғанды қалайды. Біздің мақ­сатымыз – осындай ісмерлік, қол­өнершілік өнермен айналысатын ерекше жандардың жұмыстарын, дүниелерін елге таныстырып, жұртшылыққа жария­лау. Шым­кенттік шеберлердің, сурет­ші-дизайнерлердің туындылары талайдан бері көптің аузына ілігіп, таңдайларын қақтырып жүр. Ендігі ретте осыларды дә­ріптеуіміз керек. Жергілікті халық өз өнерпаздарын мақтап, қолдау білдірмесе оларды кім на­сихаттайды, оларға кім де­меушілік танытады. Бүгінгі таңда жалпыұлттық бірлік пен татулық құндылықтары ел ішінде бірінші орынға шықты. Ынтымақ бар жерде бәрі де болады. Еліміздің жетістігі сол ынтымақ пен бірлік жемісі. Қазір әлем дүрлігіп тұр. Шиеленістердің басты себебінің бірі қоғамдағы бірлік пен татулықтың жоқтығы. Құдайға шүкір, еліміз достық пен ынтымақтың арқасында гүлденіп, жұрт қызыға қарайтындай дә­режеге жетті. Енді осы бай­лы­ғымызды сақтау – біздерге парыз», деді басқарма басшысы А.Жұмағұлова.

Фестиваль барысында Ө­з­бекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы «Ақ баян» сән теа­тры қазақтың ұлттық киім­де­рінің этностильдік, заманауи үлгілерінің топтамасын көрсетті. Сонымен бірге жұрт А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің сәндік киімдерін тамашалады. Одан бөлек жиналған қауым Г.Еспай жетекшілік ететін «Ару аналардың» киім үлгілерін ба­ғалады. Сәндік көрсетілім барысында №5 Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің дизайындық өнер бұйымдары да көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе Ә.Қас­теев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Асыл мұра» топтамасы қонақтарды ерекше әсерге бөледі. Талғамы биік өнер сүйер қауым сәндік киімдер көрсе­тілімінде Б.Жетібаева же­тек­шілік ететін «Асыл мұра» топ­тамасына да айрықша іл­типат танытты. Мұнан бөлек, фестивальде Орталық Азия ин­новациялық университетінің «Сән» топтамасындағы тамаша киім үлгілері жұртшылық назарына ұсынылды.

Сонымен іс-шара қоры­тын­дысында кәсіби мамандар­дан жасақталған қазылар алқасы Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ жанындағы «Ақ баян» сән театры мен Бибіхадиша Жетібаева басқаратын «Асыл мұра» тобы­ның сәндік киімдер топтамасын үздік деп таныды. Барлық қа­тысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сый­лық­тар тапсырылды.

Айта кету керек, аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассам­блеясының «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынды. Өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Ассамблея тарапынан осы секілді көптеген мәдени жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі ре­тінде биыл күзде өткен «Қазақ дастарқаны» фестивалін атап өтуге болады.

Шымкенттің этномәдени бірлес­тік мүшелерінің айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын елімізде өмір сүріп жатқан барша халық білуі тиіс. Тек біліп қана қоймай, сонымен бірге шынайы өмірде де оларды қолдануға тырысу қа­жет. Мәселен, бүгінгі фести­вальді алсақ, жұртты ерекше қы­зықтырған этностильдегі киім­дер тек сән көрсетілімінде ғана тамашаланбай, еліміздің әрбір азаматы ұлттық нақыш­тағы мұндай киімдерді күнде­лікті тіршілікте де киіп жүрсе қандай жарасымды болар еді.

 

ШЫМКЕНТ