Талдықорғандағы «Береке» коттедж қалашығының бұрыннан келе жатқан даулы құрылысы туралы оқырман қауым жақсы біледі. Бүгінде сол тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жақында 97 үйдің кілті табысталады. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мердігерлердің жұмысын жіті бақылауында ұстап отыр.
Бұрын орын алған былықтың Жетісу облысына қатысы жоқ десек те, аталған нысандар Талдықорғанның кіре-берісінде орналасқандықтан, жауапкершілік жергілікті билікке жүктеледі. Сондықтан облыс әкімінің бастамасымен шағын қалашықтың құрылысын толық аяқтап, кезекте тұрған көпбалалы ата-аналарға беру жоспарланған. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян Ахметжанов пен қала басшысы Ернат Бәзіл құрылыс жұмыстарын барып көріп, пысықтап қайтты. Тұрғындарға тапсырылатын үйлерден тағы бір шикілік шықпау үшін жауапты мамандар барынша тексеріс жүргізіп жатыр.
«Бұл үйлердің мәселесі бүгінде күн тәртібінде тұр. Өткен жылдан бері сапасыз құрылыс жүргізген мердігер компания, жауапты мемлекеттік қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, біраз адам жауапқа тартылды. Қолды болған қаржы мемлекет есебіне қайтарылды. Осыдан кейін құрылысы аяқталмай тұрған 204 үйді қайта қалпына келтіру жұмысы қала әкімдігінің құзырына берілді. Жыл басынан бері қайтадан мемлекеттік сараптама жасалып, 600 млн теңге қаржы бөлініп, 97 үйдің құрылысын екі компания қарқынды жүргізіп жатыр. Қалған үйлерді келесі жылдың қыркүйек айына дейін аяқтаймыз», деді Е.Бәзіл.
Жалпы, қалашық туралы тұрғындардың арыз, өтініші облыс әкімінің де, қала әкімінің де тұрғындармен кездесуінде, есепті жиындарда жиі айтылып жүрді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына орай қала әкімдігі осы күлбілтелі мәселені шешуге білек сыбана кірісті. Қазір бұл жерде құрылысы бітпеген 204 үйді қайта жөндеу жұмысы қауырт жүріп жатыр. Бұйыртса, алдағы 15 қарашаға дейін 25 үй, жыл соңына дейін 72 үй толық жөнделіп, тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, тұрмысы нашар отбасыларға үлестірілмек. Қалғандары келесі жылы ел игілігіне беріледі.
Коттеджді қалашықтың әу бастағы жоспарына сәйкес бұл жерде 2 мектеп салынуы керек болатын. Алайда былтыр 1200 орынға арналған №30 орта мектеп салынып, қазір онда 900-ге жуық бала білім алып жатыр. Жыл соңына дейін берілетін 97 үйге қоныстанатын отбасылардың оқу жасындағы балаларын қоса есептегенде, осы мектептің жоспарланған жүктемесі орындалады. Сондықтан мектеп құрылысы салынады деген екінші жер теліміне келер жылы 3 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қаржысы да шешілген.
«Бастапқыда бұл жерде 3 қабаттан да биік үйлер салуды ойластырғанбыз. Алайда қалашықтың келбетін ескеріп, осындай шешімге келдік. Бұл жоспарды да толығымен орындаймыз», дейді қала әкімі.
Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың салдары халық арасында әлеуметтік шиеленісті тудыратыны анық. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылыстың сапасыз салынуы, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы – жиі орын алатын жағдай. Сондай-ақ уәдені үйіп-төгіп, оны орындамай кету бұрынғы жылдары жиі ұшырасатын. Салдарынан халық құрғақ уәделерден әбден жалығып, көңілдеріне сенімсіздік ұялайтын. Ендігі жерде осындай жағдайды болдырмауды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары басты назарға алып, бақылауда ұстамақшы.
«Коттеджді қалашықтың жағдайы – тұрғындардың көкейінде жүрген мәселе. Осы келеңсіздікті түбегейлі шешу облыстағы тәуекел картасына енгізілді. Сондықтан бұл құрылыстың жасалуы, аяқталуы, сапасы біздің үнемі бақылауымызда болады. Биыл 97 үй бітіп, баспана кезегінде тұрған көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балаларға беріледі. Бұл атқарушы органның жұмысы болғанымен, мұны да назарымызда ұстаймыз. Салынып жатқан үйлерде жұмыс сапалы жүріп жатыр. Дегенмен үй тапсырылғаннан кейін тағы да кемшіліктер анықталып жатса, мердігер компания кез келген уақытта оны реттеп беретін болады. Бұрынғы жылдары қателіктер көп кетті. Ендігі мақсатымыз – сол қателіктерді қайталамау жолында бірлесіп жұмыс істеу», дейді С.Ахметжанов.
Бүгінде 97 үйдің құрылысын «Stroy oрt» ЖШС, «Амиржан company» ЖШС жүргізіп жатыр. Айта кетерлігі, кезінде бұл үйлердің 70–80 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған. Бірақ бірнеше жылдан бері қараусыз қалғандықтан, су, газ, жарық желілері бүлініп, үйдің есік-терезесі сынған, ішіне орнатылған құрылғылар тоналған.
«Қазір тозып кеткен су, газ, жарық желілері қалпына келтіріліп, бүлінген есік-терезелер, үйдің тағанына төселген материалдар толық жаңаланды. Пеш орнатылып, батареялар тазаланды. 15 қарашаға дейін 25 үй дайын болады», дейді мердігер компания өкілі.
Алматы облысы екіге бөлінбей тұрып болған жағымсыз жайт қайталанбас үшін жергілікті билік құрылыс орнын көзден таса қылмақ емес. Халыққа берген уәде Құдайға берген уәдемен бірдей. Біз қала басшысынан «Алдағы уақытта ешқандай кедергі шықпай ма?» деп қайыра сұрағанымызда, жыл соңына дейін 97 үй толық бітіп, баспанаға зәру отбасылар үйлі болатынын нық сеніммен жеткізді.
Жетісу облысы