• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Жәдігер 09 Қараша, 2024

Ең құнды жәдігер

122 рет
көрсетілді

Қызылордада Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлерден «Тарихы терең Түркістан» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған көрменің ашылуына өңірдегі зиялы қауым өкілдері, жастар келді.

С.Айтбаев атындағы Көр­кемсурет галереясында өткен іс-шарада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Сапар Көзейбаев ел арасындағы мұраны жинақтаған мекеменің 85 жылдығына орай биыл Сырға әр өңірден осындай көне жәдігер жинақтаған көшпелі көрмелер келіп жат­қанын атап өтті. Осындай мәдени байланыс аясында аймаққа жеткен ғасырдан астам тарихы бар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорын­дағы құнды мұралар көпті қызықтырады.

Көрме қонақтары Ұлы Жі­бек жолы бойындағы Түркіс­тан, Шойтөбе, Қараспантөбе, Отырар, Алтынтөбе, Мар­дан­күйік қа­лаларының фо­тосуреттерін тамашалады. «Ер қаруы – бес қару» бөлігінде қы­нынан жаңа суырылғандай жарқыраған қылышқа көзіміз түсті. Жақын­дап келіп қазақтың соңғы ханы Кенесарының қылышы екенін оқығаны­мызда, тіпті айран-асыр болдық. Ел еркіндігі үшін атқа қонған әруақты ердің жанынан тас­тамаған қаруын немересі Әзім­хан Кенесарин сонау 1931 жылы тапсырыпты. Сол за­ман­­­­ның ызғарынан сескенгендер қабылдау қағазының бір бұрышына Әзімхан Кенесарин есімін елеусіздеу етіп жазып кеткен екен. Атадан қалған мұраны музейге аманаттаған қайраткер 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен сотталып, атылып кеткен. Музейдегілер хан қолының табы қалған қылышты ұзақ жыл бойы көпшілік көзінен таса ұстап келіпті.

«Бұл – біздің музейдегі ең құнды жәдігердің бірі. Ас­танада өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарындағы көрмеден кейін қызығушылар қатары тіпті арта түсті. Әлі күнге дейін тот бас­пауы қарудың асыл темірден со­ғылғанын көрсетеді. Осыдан да қарудың қандай металдан жасалғанын зерттегісі келетін мамандар табылып отыр. Алда осы бағытта жұмыс істеуіміз мүмкін», дейді Түр­кістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Баян Айтымбет.

Көрмеге Түркістан облы­­сының археологиялық және этно­графиялық мұрасы, зер­гер­лік бұйымдар коллекция­сы да қойылған. Қазақтағы го­бе­лен өнерінің бастауында тұрған Батырбек Өтептің му­­зей қорындағы Ұлы дала өрке­ние­тімен таныстыратын туын­дылары да жиылған жұрт­тың назарын аударды.

 

Қызылорда