Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұсынысымен құрылып, қолдауымен жемісті жұмыс істеп жүрген, бұл күндері 20 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясын өмірімізге аса қажетті жасампаздық саясат құрылымы ретінде бағалаймын. Себебі, 1991 жылы егемендігін жариялаған кезде жас мемлекет – Қазақстан Республикасының «болашағы бұлыңғыр» деген сөзді көп естідім, көп оқыдым және ондай пікірге іштей күйзелгеніммен, қарсы уәжім жоқ еді. Олай болатыны, 1986 жылғы Алматыда орын алып, дүниежүзін дүрліктірген Желтоқсан оқиғасы көкейден кетер іс емес. Ал мұндай қасіретті оқиғаның туындауы, сөздің тура мағынасында, ұлттық саясатқа қатысты үлкен қателіктің салдары болғаны және даусыз.
350 жылдан астам уақыт қазақтар Ресей империясының боданы болып келген. Оның 70 жылында КСРО құрамындағы өміріміз өтті. Жасыратын несі бар, Кеңестер Одағының және оны құрған Коммунистік партияның іс-әрекеттері негізінен қолдауға лайық болды. Мәселен, 100 пайызға жуық сауатсыз болған қазақтар 70 жылдың ішінде түгелдей орта білімді ұлт болып шықты. Мұндай биікке әлемнің санаулы ұлты ғана көтеріле алған. Сондай-ақ, Қазақстанда ұлттық ғылым қалыптасты. Денсаулық сақтау саласы ерекше қарқынды дамыды. Қазақтардың денсаулығы нығайып, табиғи өсімі қуанарлықтай деңгейге жетті. Ғылымда және өнерде, әдебиетте әлем мойындаған тұлғалар пайда болды. Қаныш Сәтбаев, Мұрат Айтқожин, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұхтар Әуезов, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Рамазан Бапов әлем таныған, әлем мойындаған және сүйсінген дара тұлғалар болып шықты. Елдің экономикасы өсіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі жоғарылады. Пайдалы қазбаларымыз игерілді. Тың көтеріліп, Қазақстан КСРО державасының асыраушысына айналды. Көңіл көншітпесе де индустрия деп аталатын экономика саласы пайда болды. Атыраудан Алтайға дейінгі алып даланы көктей өтетін теміржолдар мен тас жолдар халық игілігіне айналды. Кең далада үлкен қалалар бой көтерді. Басқаны былай қойғанда, кеңшарлар мен ұжымшарлар орталығына ұшақпен қатынауға жағдай жасалды. Қарап отырсаңыз, осының бәрі – қазақтар пайдаланған игілік.
Игілікпен қоса, қасірет ере жүрді. Мен бұл мақалада бүкіл КСРО державасын мекендеген ұлттардың бәріне бірдей қасірет болып жабысқан 30-жылдардағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы айтқым келмейді. Себебі, ол баршамызға бірдей, ортақ қасірет болды. Десек те, қазақтардың бұдан бөлек көрген жеке қасіреті де аз емес еді. Мәселен, тың игеру деп аталатын ауқымды науқан басталды да, Орталық және Солтүстік Қазақстан аумағында жайылымдық жер қалдырылмай тегіс егіс үшін жыртылды. Әлі есімде, сол науқан басталған шақты Қостанайдан бауырларым телефон шалып, «Ата-бабамыздың зираттары тегістеліп, сол жерлер де жыртылатын болды» деген хабарды естіртті. Көзге де, көңілге де булыққан ыстық жас келді. Дереу сол кезде Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген Оразалы Қозыбаев ағамызға хабарластым. Жағдайды толық түсінген ол кісі мені сабырға шақырып, мәселені шешуге уәде берді. Бұл кезде Орекең «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған санаулы танымал да беделді тұлғалардың бірі еді. Іске ол кісі араласқан соң біздің мекендегі ата-баба қорымы ысырылудан аман қалды. Бұл – өзім ғана бастан кешкен ақиқаттың өзі.
Ал ақиқат одан да ащырақ. Өйткені, сол тұста талай қорым ысырылып, жермен жексен етілді. Қазір егістік ретінде жыртылып жатқан жердің біразында аруақтардың сүйегі тапталып жатыр. Қазақ үшін бұдан асқан қайғы бар ма? Мұны қарапайым қазақтар түгілі, ғылым докторы, профессор, академик деген атақтарымыз бар біздің өзіміз ұлтпен санаспау, ұлтты басыну деп ойлаймыз. Сол кезде де солай ойладық, қазір де сол ойымыздан айныған жоқпыз. Демек, игілік жасай отырып, компартияның білімсіз, көкірек көзі соқыр басшылары бұл жерде де «асыра сілтеуге» жол берді.
Қазақтың қасіреті кемелденген социализм тұсында тіпті, қоюлана түскендей. Мәселен, басқаны былай қойғанда, ұлттық республика астанасы – Алматының өзінде балаларды қазақша оқытатын бір ғана мектеп болған екен. Ресми деректерге сенсек, сол кезде Алматы тұрғындарының 20 пайыздайы қазақтар болған. Демек, ең кемі қала мектептерінің 20 пайызы қазақ тілінде оқытатын білім мекемесі болуы тиіс қой. Жоқ, олай болмады. Мәселе Солтүстік және Орталық, Батыс Қазақстан аймақтарында мүлде күрделене түсті. Бұл өлкелерде қазақ мектептері жаппай жабылды десе де болғандай. Бұл жерде негізгі қозғаушы күш біреу-ақ, ол – балабақшалардың тәрбиесі орыс тілінде жүргізілуі. Сонымен бірге, республикадағы ресми құжаттар тек орыс тілінде толтырылды. Сөйтіп, орыс тілі басты қажеттілікке айналды да, қазақ тілі керексіз болып қалды. Бұл орыстанудың алғы шартындай әсер етті десек, артық айтқандық емес.
Осылайша қазақтың тың игеруге қатысты қасіретіне тілден айырылу қасіреті және қосылды. Мұны Горбачевтің ел басына келуі одан сайын ушықтырып жіберді. Ол Брежнев заманындағы кадрлардан арылып, өзінің жаңа саясатын, демократияшыл саясатын жүргізуге келгенде одақтас республикалармен санасып жатпады. Сөйтіп, қас-қағым сәтте республиканы 20 жылдай басқарған Д.Қонаевты қызметінен алды. Бұған наразы болған жастар «ең болмаса бұл қызметке қазақстандық орыстар тағайындалуы керек еді» деген ұранмен бейбіт шеруге шықты. Кеңестер Одағы тұсында мұндай демократиялық шеру бүкіл тарихта болмаған. Сондықтан оны әсери күшпен басып жанышты. Қазақтардың қанға боялғандығы жайлы хабар дүниежүзін шарлап кетті. Солай бола тұрса да, мәскеулік орталық білімді ықпалды қазақтарды лауазымды қызметтерден ығыстыра берді. Бұл республикаға аты берілген ұлттың саналы тобын ызаға булықтырды.
Көп ұзамай Жаңаөзенде тағы да қанды қақтығыс орын алды. Бұл жолы қазақтар мен кавказдықтар арасында болған текетірес әділетті делінетін Кеңестер Одағы тұсының өзінде ұлт саясаты дұрыс жүргізілмегенін дәлелдей түсті. Өйткені, жоғары жалақылы мұнай өндірісінде жергілікті халықтан гөрі кавказдықтардың басым болуы шиеленістің туындауына себепкер болды. Міне, осы екі оқиға ғана мемлекетке аты берілген ұлттың келімсектерге қарсы наразылығы болмай қоймайтындығын, ал ол мемлекет ішіндегі тыныштықты бұзушы қызмет атқаратынын алдын ала дәлелдеп берді. Орайы келгенде ескерте кетейік, дәл сол шақта Қазақстан азаматтарының арасында жергілікті ұлттың үлес салмағы аз болды. Ертедегі соғыс кезінде эвакуацияланып келіп, осында тұрақтап қалғандар, миллиондап ағылып келген тың игерушілер, қойнауы бай Қазақстан жерінен ашылып жатқан қазба байлықтарын өндіруге келушілер, не керек, солардың бәрі қосылып, жағдайды жер иесі халықтың ызасын келтіретіндей деңгейге жеткізді. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы сәуегейлер «Қазақстан егеменді мемлекетінің болашағы бұлыңғыр» демегенде не десін?
Бірақ «сәуегейлер» қателесті. Меніңше, олар өз болжамдарында жас мемлекетті құру тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білімі мен парасатын терең білмегендіктен қателесті. Ал Назарбаев болса, сол кездің өзінде-ақ буырқанған толқынға қарсы шыға алатын үлкен дипломат екенін іс жүзінде дәлелдеген болатын. Мәселен, Жаңаөзендегі толқуды басу үшін қала басшылығына сол кезде іскерлігімен аймағының құрметіне бөленген Р.Шардабаевты тағайындады. Ол болса, өзіне жүктелген міндетті дер кезінде абыроймен орындап шықты. Қарағанды жұмысшыларының толқуы басталған шақта-ақ Н.Ә.Назарбаев бір кездері өзі жұмыс істеген қалаға барып, қарағандылықтармен жүзбе-жүз кездесті. Бұл кездесуде ел бастан кешіп жатқан болмыс ақиқатын жұмысшыларға бүкпесіз ашық айтып, оларды шыдамға шақырды. Толқу басылды. Осы екі шара Назарбаевтың кейінгі қызметінде үлкен сабақ болды десек, артық айтпағандық шығар.
Иә, өткен ғасырдың 90-жылдары аса ауыр кезең болды. Қаладағы өндіріс ошақтары бірінен соң бірі жабылып, жұмысшылар далада қалып жатты. Ауыл шаруашылығына жанар-жағармай жеткізу мұңға айналды. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы айлап төленбейтін жағдай қалыптасты. Дүкен сөрелері бос қалды. Ал баға болса, сағат санап өсті. Халық қолындағы рубль «пішен ақша» аталып кетті. Не керек, жас мемлекетті құрушы Көшбасшы өз қызметінде бір қиындықтан соң екінші қиындықпен күресуге мәжбүр болды. Соның өзінде ол қиналған халық алдына шығып, басу сөздер айтты. Н.Ә.Назарбаев осылайша кабинетінде тығылып отыратын қорқақ басшы емес екенін көрсетті. Ол шын халықшыл басшы болатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп берді. Сөйтіп, алғашқы бәсекелі жалпыхалықтық сайлаудың өзінде Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдаушылар басым көпшілік болды. Бұл оған қуат берді. Назарбаевтың әр күні, әр айы, әр жылы қиындықтармен күресте шыңдалған үлкен мектеп еді десек, артық айтқандық емес.
Бірақ, солардың бәрінде ұлт тағдырын мойнына алған Көшбасшы жеңіскер болып отырды. Меніңше, мұның сыры мынада: ол халқын, халқының үкілі үмітіндей егеменді мемлекетін сүйген, сол үшін неге де дайын басшы болды. Сондай-ақ, жауапкершілікті мойнына алған тұлғаға үлкен және жан-жақты білім керек екенін де білді. Ерінбей оқыды, үйренді. Мұны мен сол кездері Н.Ә.Назарбаев командасында жүрген ғалымдардың бірі ретінде жақсы білемін. Айталық, ол – социалистік қоғам мен Коммунистік партия тәрбиелеп, өсіріп шығарған тұлға. Солай бола тұрса да, Нұрекең көп ойланып жатпай-ақ қоғамнан да, партиядан да бас тартты. Бұл тағдыр шешер сәтте жасалған дұрыс таңдау болды. Олай болмаған жағдайда беймәлім Қазақстанға Батыс, Шығыстың байлары инвестиция құймас еді. Ал өзінің ұстанымынан бас тартқанын іс жүзінде дәлелдеу үшін жекешелендіруді және мемлекеттік құрылымды оңтайландыруды апыл-ғұпыл бастап кетті. Кейбіреулер осынау шешімдердің асығыс жүргізілгеніне әлі сын айтады. Ал мен ол кезде Тұңғыш Президентіміз үшін әр күн түгіл әр сағат қымбат еді деймін.
Иә, жекешелендіру кезінде әділетсіздіктер болған шығар. Бірақ ол ең басты мақсатқа жетудің жалғыз жолы болғандықтан, кеткен олқылықтарға түсіністікпен қараған жөн. Көп жағдайда өзім ғалым ретінде сол жекешелендіру кезінде билік тарапынан кеткен қателіктен гөрі, халық тарапынан кеткен қателік басым ба деймін. Мәселен, Н.Ә.Назарбаев бастаған билік ауыл шаруашылығын жекешелендіруге шешім қабылдады. Кеңестер Одағынан мұраға қалған мыңғырған мал түгелдей дерлік сол ауыл шаруашылығында жүргендерге бөлініп берілді. Басқа жаққа Қазақстан мал айдаттырған жоқ. Бірақ араға көп уақыт салмай-ақ, ауылдағы ағайын қолына тиген малынан айырылып қалды. Сойғанын сойып, етін жеді, ал басым бөлігін керекті-керек емес ұсақ-түйекке айырбастап жіберді. Бірақ әділдікке тура қарар болсақ, осы ортаның өзінде өмірге білімді қарағандар болмай қойған жоқ. Олар өзіне тиесілі малын көбейтіп, бұл күндері ірілендірілген шаруа қожалығы деген кәсіпкерлікті өмірге әкелді. Мінекей, ақиқат осы.
Ал осылай істеу, тек қана осы жолмен жүру басты талап болғандықтан, Н.Ә.Назарбаев одан бас тарта алмайтын еді. Нәтижесінде мемлекеттік меншіктің 70 пайыздайы қысқа мерзім ішінде жекешелендіріліп, мұны көрген Батыс, Шығыстың капиталистері Қазақстанға инвестиция әкеле бастады. Дүкен сөрелері тамаққа да, күнделікті тұтынатын тұрмыстық тауарларға да лық толды. Бір жақта жер қойнауындағы пайдалы қазбаларға инвестиция құйған шетелдіктер алғашқы егеменді Қазақстан өнімін экспорттай бастады. Одан елге валюталық кіріс түсті. Бұл кезде іргедегі Қытаймен де ашық есік жағдайында алыс-беріс, барыс-келіс орныққан болатын. Бірақ, бір кедергі Ресей рублі болды. Күн санап құнсызданған соның өзін Ресейдің сол кезде билік басында болған тұлғалары бізге беруден қашқақтады. Н.Ә.Назарбаев олармен дипломатиялық байланысқа сызат түсірмей, бір-ақ күнде ұлттық валютамыз – теңгені өндіріске енгізіп жіберді. Сөйтіп, теңге ұлттық экономиканы көтеруші, қозғаушы қуатты күшке айналып шықты. Мұның бәрін Елбасымыз ың-шыңсыз, «сіз, біз» деп жүріп дер кезінде атқарды.
Дәл осы тұста әлемдік алпауыт – АҚШ басшылығымен сыйластық, түсіністік қарым-қатынас орнатты. Ядролық қару-жарақтан өз еркімізбен бас тартуымыз, одан бұрынырақта әлемге әйгілі Семей ядролық сынақ алаңын жабуымыз Н.Ә.Назарбаевтың дүниежүзі алдындағы беделін өсіре түсті. Еуроодаққа біріккен мемлекет басшылары табиғи қоры мол Қазақстанмен тығыз байланыс орнатуға қуана кірісті. Сөйтіп, Германия, Англия, Франция, Италия және Нидерланд секілді дамыған мемлекеттер кәсіпкерлері Қазақстанға тікелей инвестициямен келе бастады.
Әлі есімде, сол кездері Н.Ә.Назарбаев отандық бір топ ғалымды жинап алып, ол топқа танымал экономист Сауық Тәкежанов ағамызды жетекші етіп тағайындап, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қарқынды дамушы мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, зерделеуді тапсырды. Мемлекеттік іссапармен сол жақтарда болып қайттық. Жай қайтқанымыз жоқ, олардың қарқынды дамуын қамтамасыз еткен бағдарламаларын алып қайттық. Іле-шала онымен танысып шыққан Тұңғыш Президентіміз бізге Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасын жасауды тапсырды. Жасадық та. Алғашқы нұсқасын әбден оқып, танысып шыққан Президентіміз біз ұсынған жобаның көп тұстарын сызып, көп тұстарына өзінің ұсыныстарын қосқан екен. Сөйтіп, бағдарламаның жаңа жобасын жасадық қой. Халыққа ұсынылған жоба – көп түзеуден өткен нұсқасы. Міне, осы тұста мен Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік нарықтың сұранысын жете зерттей алған білімді Көшбасшы екеніне көзім жетті. Ол бәрінен бұрын көмірсутектері өндірісін ұлғайтуға басымдық беру керек деп шешті. Екінші орынға өндірістік металдар орналасты. Өмір тәжірибесінде бағдарламаның дәл осылай құрылуы дұрыс екеніне куә болдық. Мұнай мен газ өндірісіне инвестиция құюшылар легі молая түсті. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді өсіріп, қазынамызды валютамен толықтырды. Жас мемлекетке керегі де осы еді.
Мен мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мұны да түсіндіретін кез келген сыңайлы. Қазақстан халқы Ассамблеясы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу қажет деп ұсыныс жасағанда оны республика тұрғындарының, қоғамдық ұйымдардың басым көпшілігі қолдап шықты. Ақыр аяғында ол ұсыныс Президент Өкімімен заңды күшке ие болды. Сонан соң президенттікке кандидаттар ұсыныла бастады. «Нұр Отан» партиясы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бәсекеге түсуін ұсынды. Мұны партиядан бұрын қарапайым халық айтқан болатын. Партия халықтың сол ойын тек жүзеге асырды. Турасын айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы секілді кемел басшының бұл қызметте болуын мен де қолдадым. Әлемнің қазіргі болмыс-бітімі мен болашағына жіті көз салып отырған ғалым ретінде бізге Н.Ә.Назарбаевтың зор білімі мен беделі бұған дейінгі қай кезеңнен де алдағы уақытқа аса қажет деп ойлаймын. Өйткені, алдағы уақыт бүкіл әлем үшін үлкен сын-сынақ кезеңі болмақ. Оның шет жағасы қазір де байқалып тұр. Ал ол таяудағы екі-үш жылда қаулаған өрттей жайпайтын жерін молайтып, зардабын салмақтырақ ете түсетін бір алапат секілді көрінеді. Сондықтан елін небір сындардан аман алып шаққан тәжірибелі де беделді Көшбасшы біздің алдағы уақытымызға аса қажет. Сөзімді нақты деректермен және дәйектермен дәлелдеп берейін.
Капиталистік қоғамда алғашқы дағдарыстан кейінгі дағдарыстың күрделірек және күштірек соққы болып тиетіні әлемдік экономика тарихын оқығандар үшін айқын. Өйткені, мұның алдындағы жазғандарымда айтып кеткенімдей, капиталистік қоғамдағы өндіргіш күштер мен капиталдың арасындағы қарым-қатынас бір-бірінен алшақтай түскендей. Қазіргі заманда ақшасы барлар содан ақша жасау оңай екенін жақсы біледі. Ал оған дейін ақша-тауар-ақша тізбегі пайда табудың жалғыз көзі деп бағаланды. Байқалғанындай, тізбектен тауар сөзі түсіп қалған. Сондықтан да натуралды тауар өндірісшілердің өздері ақшаға зәру кездері жиі қайталанады. Ал ақша иелері одан бірден ақша жасау жолында жанталаса жарысып, не керек, бағаны өсіре береді, өсіре береді. Сөйтіп, әлемдік базарда үлкен-үлкен көбіктер пайда болады. Өйткені, бағасы өскен тауарды сатып алу негізгі тұтынушының мүмкіндігіне келмейді. Ақыр аяғында тауарлық өндірістің тоқырауы, іркілуі көрініс береді. Мінекей, қазіргі әлемнің бастан кешіп жатқан жағдайы осы.
2007 жылғы тамыз дағдарысынан бергі уақыт ішінде АҚШ федералдық қаржы жүйесі айналымға бюджет қаражатымен қамтамасыз етілмеген 18 триллион доллардай мол ақшаны шашты. Ал АҚШ мемлекетінің ішкі берешегінің өзі 17 триллион доллар. Жылдық ішкі жалпы өнімі 15 триллион долларға жетпейтін мемлекеттің және әлемдік экономиканың негізгі тірегі саналатын мемлекеттің, ол-ол ма, дүниежүзін халықаралық валютамен қамтамасыз етіп тұрған мемлекеттің жағдайы осылай болғанда, бұл күндері әлемдік экономика түзелуге бет бұрды деу мүмкін емес. Орайы келгенде айта кетейік, құнсызданған доллардан есе қайтару үшін Жапония өздерінің ұлттық валютасы – йенаны да құнсыздандырды. Еуроодақ еуроны құнсыздандыру үшін наурыз айынан бастап келер жылдың қыркүйек айына дейін ай сайын айналымға 60 миллиард еуро шығарып, қосындысында 1 триллион 140 миллиард еуроны іске қоспақ. Бұл да бірде-бір мемлекеттің бюджетімен қамтамасыз етілмеген қаражат. Ресей рублі табиғи түрде құнсызданғандықтан, бұл мемлекет те айналымға шығаратын ұлттық валюта массасын өсіруге мәжбүр болады. Ал қарқынды дамушы және әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытай ұлттық валютасы – юаньды 2 пайызға құнсыздандыруға шешім қабылдады. Біз де теңгемізді құнсыздандырғанбыз.
Қысқасы, әлемнің барлық мемлекеттері осы жолмен жүруде. Демек, дүниеде ақша массасы ұлғайғанымен, натуралды өндіріс өспеді. Өйткені, оны сатып алатын негізгі тұтынушының қолындағы ақша массасы азайған. Мұның себебі қысқартулар екені айтпаса да түсінікті. Демек, қазіргі таңда құнсызданып жатқан еуро АҚШ натуралды өндірісін тежейтін күшке айналады. Ал Еуропадан инвестициялық қаражат массасы Атлант мұхитының арғы бетіне барып қонақтайды. Мұндағы жалғыз себеп – бағасы өсіп жатқан доллар арқылы пайда табу. Осы айтылғандардан байқалатыны – біз үлкен көбіктің жарылуын енді көп күтпейміз деген тұжырым. Мұны алдын ала сезіп отырған АҚШ билігі жер бетінің түкпір-түкпірінде қолдан келсе жанжал өртін тұтатып, сол арқылы пайда табуға көшкендей.
Қазіргі жағдайды кейбіреулер «қырғи-қабақ» соғыстың басталғаны дейді. Бірақ осыдан 30 жыл бұрынға дейін жалғасқан капитализм мен социалистік лагерь арасындағы қырғи-қабақ соғыстан бұл дағдарыс тым қымбатқа түсетін секілді. Өйткені, қанша жерден қырғи-қабақ соғыс болды десек те, ол қарсылас екі жақтың бір-біріне оқ атуы секілді кеселді туындата алмаған. Ал қазіргі таңда шығыс Украинада қантөгіс құрбаны 5000 адамнан асты деп тұрмыз. Алда не болатыны белгісіз. Ирак пен Сирия жерлерінде де қанды қырғын тыйылмай тұр. Солтүстік Африкадағы қырғынды текетірес дүмпуі жалғасып жатыр. Осындай жағдайда көңілге демеу болады деп күткен Иранның ядролық жоспары жайындағы халықаралық келіссөз жүргізушілер мәмілеге келе алмай, АҚШ бұл елге санкциясын соза түсетінін мәлімдеді.
2015 жылдың бюджетінде АҚШ қатердің күштісі Қытайдан болатындай, сонымен күреске аса мол мөлшерде қаражат бөліпті. Одан кейінгі «жау» – Ресеймен күреске бөлінген қаражат та аз емес. Тіпті, бұл мемлекеттермен күреске бөлінген қаражат мөлшері «Ислам мемлекеті» деп аталатын жаңа құрылыммен, Украинадағы шиеленіске және Солтүстік Кореямен күреске бөлінетін қаражаттан әлдеқайда көп екенін әлем біліп отыр. Сонда дөңгеленген дүние қайда барады, деген сұрақ алдан шығады.
АҚШ өз әскерлерін Ауғанстаннан әкететін болды. Ал бұл елде билік пен оған наразы топтың арасындағы қырғынды шайқас әлі тоқтаған жоқ. Әлемге есірткі таратудан алдына жан салмаған Ауғанстан біздің іргелес көршіміз –Өзбекстанның арғы бетінде. Дүниежүзіндегі саяси ахуал осылай болып тұр. Біз болсақ, Ресей, Қытай секілді іргелес көршілерімізбен толып жатқан халықаралық одақтар бойынша әріптеспіз. Сондай-ақ, Еуроодақпен және АҚШ-пен стратегиялық әріптеспіз. Қысқасы, бір-біріне қарама-қарсы саясат ұстанып жатқан мемлекеттермен әріптеспіз. Өйткені, негізгі саясатымыз – көптарапты. Көптарапты саясат ұстансақ та қарсылас жақтардың бір-біріне лақтырған тасы бізге де тиюі әбден мүмкін. Айталық, АҚШ және Еуроодақ Ресей Федерациясына санкциялар қойып еді және әлемдік базардағы мұнай бағасы түсіп еді Ресей рублі құнсызданып шыға келді. Ал рубль құнсызданғанда Ресей тауары өтімді болып шығады. Біз – бұл елмен ашық есік жағдайындағы байланысты заңдастырған одақтаспыз. Сонда не істеу керек?
Баяндалғандардан көрініп тұрғанындай, әлем саяси және экономикалық үлкен дағдарыс есігінің алдында тұр. Мұндай кезде жас мемлекетімізді басқару үшін талай сыннан мүдірмей өткен, сондай-ақ, дүниежүзінің саяси элитасы алдында беделі зор Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді білімді, кемел, кемеңгер басшының Президент тағында отырғаны Қазақстанға, Қазақстан халқына аса қажет. Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі сонда, ол ел тізгінін қолына алған кезде талай қиындықты жеңе білді. Дағдарыстарды күні бұрын көре білді. Сөйтіп, елді қатерлі өткелдерден аман алып шықты. Тіпті, 2008 жылы екінші деңгейдегі банктерімізді дефолттық жағдайдан құтқара алған ол бұл кеселді банк олигархтарынан бұрын көріп, Ұлттық қор арқылы дер кезінде көмекке барды. Мұның өзі Н.Ә.Назарбаевтың көреген және дұрыс шешімді жедел іске қосатын басшы екенін дәлелдеп тұр емес пе?
Қорыта айтқанда, бүгінгі әлем арқаны кеңге салатындай мүмкіндік бермейді. Мен баяндаған жағдайдың өзі дөңгелеген дүниенің қайда бара жатқанын нұсқап тұр. Демек, мен бұл мақаламда Н.Ә.Назарбаевтың білімі мен тәжірибесі және шешімталдық қасиеті Қазақстан үшін бұған дейінгі қай кезеңнен де енді қажеттірек десем, ол жоғарыда айтылған ақиқаттарды білгендіктен туындаған ой деп түсінген жөн. Иә, Нұрекең бізге бұрынғы қай кездегіден де бүгін және ертең қажеттірек. Бұл – өмір сұранысы.
Үстіміздегі жылғы 26 сәуірдегі президенттің сайлауда қазақстандықтар өз қалауын жасады. Қалау, көпшілік күткендей, Нұрсұлтан Әбішұлына түскені жақсы мәлім. Менің отандастарымның білімі мен ақылына сенгенім ақталды. Солай бола тұса да, бұл мақала отандастарға әлемдегі бүгінгі жағдайды тағы бір түсіндіре түсу үшін жазылды. Біз алда болатын алапат қиындықты тек қана кемел басшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге жеңе аламыз.
Сөз соңында айтарым, Қазақстан – «Мәңгілік Ел» болуға талпынған, «2050» Стратегиясын жүзеге асыру үшін «Нұрлы Жолға» түскен мемлекет. Бұл секілді ұлт тағдырын шешер ауқымды бағдарламалардың авторы Нұрсұлтан Әбішұлы екені баршаға белгілі. Сондықтан отандастарымның дұрыс таңдау жасап, білімді авторға өз жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бергені кім-кім үшін де қуанарлық жайт. Бізге қиындықтан қысылмай шығу үшін ғана емес, жасампаз Қазақстанды жаңғырта түсу үшін де Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың білімі мен тәжірибесі және әлем алдындағы зор беделі аса қажет. Бүгінгі ақиқат білімді адамға осылай дегізеді.
Сағындық САТЫБАЛДИН,
академик.
АЛМАТЫ.