• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қараша, 2024

Сан өнердің сарбазы

91 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин музейінде жазушы, этнограф-ғалым, сатира сардары Сейіт Кенжеахметұлының 85 жылдығына арналған «Сан өнердің сарбазы» атты көрме ашылды.

Көрмеге қаламгердің ғылыми-таным­дық, этнографиялық еңбектері, өлең жинақтары, сати­­­ралық мұрасы, фото­суреттері, көзі тірі­сінде пай­даланған тұр­мыс­тық бұйым­­­дары қойылған.

Көрменің ашылу рәсіміне мәдениет саласының қызметкерлері, өңір зиялылары, студенттер мен оқушылар, жазушының туыстары қатысты. Іс-шара барысында ақын Серікбай Оспанов, Жазушылар одағының облыстық өкілі Жанұзақ Аязбекұлы сынды Сейіт Кенжеахметұлының көзін көрген кісілер қалам­гердің өмірі мен шығармашылығы туралы тағылымды әңгіме айтты. Сту­дент­­тер жазушының сатиралық шығар­ма­ларын оқыды.

«Бұл іс-шара Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Өйткені ұлы ағартушы мен Сейіт Кенжеахметұлының арасында рухани сабақтастық бар. Сейіт ағамыз қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Қаламгер Ыбырай жайында зерттеу мақалалар, көптеген еңбек жазды. Өкінішке қарай, Ыбырай Алтынсарин энцик­лопедиясын аяқтай алмай кетті. Ол кісі қазақ халқының рухани байлығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін, тұрмысы мен тіршілігін терең талдап, жеріне жеткізе зерттеп жазып шықты. «Қазақ халқының салт-дәстүрі», «Жеті қазына», «Ұлттық әдет-ғұрыптың бізге беймәлім 220 түрі» деп аталатын ғылыми-танымдық, этнографиялық еңбектері жұрттың қолына түспейтін қымбат қазынаға айналды, мектеп оқушыларының ұлттық-танымдық оқулықтарының қатарына қосылды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақтың дарқан дас­тар­қаны», «Қазақстан халқының тұр­мы­сы мен мәдениеті» атты көлемді ең­бектері әлемнің 37 еліне тарады. Сейіт Кенжеахметұлының ұлттық салт-сана, дәстүрімізді дәріптеп, ел жадын жаңғыртып, жандандыруға қосқан еселі еңбегін халқымыз ешқашан ұмытпақ емес», дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Бейбітұлы.

 

Қостанай облысы