Мал шаруашылығы саласындағы маңызды мамандардың бірі зоотехниктердің кешегі кеңестік кезеңде беделі жоғары болатын. Ал бүгінде елімізде зоотехник жетіспеушілігі айқын сезіледі. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің деректеріне қарағанда, елімізде 700 зоотехник жетіспейді екен. Түркістан облысының Ордабасы ауданында Беларусь технологтерінің еңбек етіп жүргені – маман тапшылығының бір көрінісі.
Мал өсіріп жүрген шаруа қожалықтары мен фермерлерге дұрыс бағыт беретін зоотехник қажет-ақ. Шетелдік маман 30 күн жұмыс істеп, Қазақстанда болу мерзімі аяқталған соң, еліне қайтады. Орнына келген басқа шетелдік маман өз білгенін істейді. Шаруалардың айтуынша, шетелдік мамандар жергілікті, ауыл шаруашылығына ебі бар жастарды үйретпейді. Осылайша, сырттан келген мамандардың қолына қарап қалған шаруа көп. Жуырда Сарыағаш ауданында өткен жиында облыстағы қой шаруашылығының қазіргі хал-жағдайы талқыланған болатын. Сол басқосуда көп жылдан бері зоотехникалық асылдандыру жұмыстары босаңсып, мал ұсақтала бастағаны айтылды.
Қой басын көбейтуде бүгінде негізінен қолдан ұрықтандыру әдісі қолданылады. Бұл ретте өңірде қойды қолдан ұрықтандыратын, барлық керекті затпен жабдықталған екі пункт ғана жұмыс істейді. Сарыағаш аудандық ветеринария қызметі мекемесінің зоотехник маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Құралбай Әбдірамановтың айтуынша, бүгінде бұл шаруашылықпен айналысатындардың басым бөлігі зоотехникалық ілімді меңгермеген, мал басын өсіру, күтіп-бағу, азықтандыру технологияларын жетік білмейді.
«Ет, сүт, жұмыртқа, тағы басқа да мал және құс өнімдерін өндірудің тиімділігін арттыруда зоотехник мамандардың рөлі зор. Олар мал және құс, асыл тұқымды ірі қара, жылқы, түйе шаруашылықтарында сүт және ет өнімдерін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға көмек береді. Фермерлерге мал азығының жұғымдылығын, мөлшерлеудің жалпы қағидаларын түсіндіреді. Десек те, көп жерде ет, сүт өндіретін ірі қара малына азықтандыру рационын дайындайтын маман жоқ. Әсіресе сүт фермаларында оның қажеттігі қатты байқалады. Сондықтан мал өсірген шаруа зоотехник іздеп жүр. Облыстағы мал шаруашылығының қазіргі даму деңгейі мен келешегіне талдау жасалғанда, көптеген кемшілік анықталды. Яғни мал тұқымын жақсарту жұмысының ақсап тұрғаны байқалды. Жайылым тапшы болғандықтан, мал басын көбейту мүмкін емес. Осы жұмыстардың бәрін зоотехник мамандар үйлестіруге тиіс. Бірақ оларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген соң, арнайы штаттардың қысқарып кетуіне байланысты келеңсіздіктер орын алып жатыр. Енді ол олқылықтардың орнын толтыру үшін бірінші кезекте штаттар санын қалпына келтіруіміз керек. Тағы бір мәселе – шағын шаруа қожалықтардың арнайы селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге де, өз отарын жақсарту үшін асыл тұқымды қошқарлар сатып алуға да жағдайы жоқ. Жаңа технологиялық шараларды өндіріске енгізу де оңай емес. Жыл өткен сайын түрлі себепке байланысты саны кеміп бара жатқан асыл тұқымды шаруашылықтарға жоғары санатты мәртебе тағайындалып, олардың тұқымдық өніміне неғұрлым жоғары тариф белгіленгені дұрыс болар еді. Нағыз асыл тұқымды қошқар, бұқаларды өсіру осы шаруашылықтарда жүргізілуі керек. Нарық сұранысына назар салсақ, бүгінде етке деген сұраныс өтімді болғандықтан, қой шаруашылығын ет өндіру бағытында дамыту қажеттілікке айналып отыр», дейді Құралбай Әбдіраманов.
Мамандар зоотехникалық жұмыстың бірі – мал тұқымын асылдандырудың кенжелеп қалуы асыл тұқымды малдың тектік қорына да залал келтіргенін айтады. Осындай жайттарды зерделеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен бүгінде зоотехникалық қызметтерді жүйеге келтіру жұмыстары төрт аудан – Бәйдібекте, Сарыағашта, Сайрамда, Отырарда жүргізіліп жатыр. Әсіресе Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмысы жүргізіліп, олардың зоотехникалық қызметке ынтасы арта бастаған.
Үш айлық курста оқып үйренген мамандар арнайы сертификатпен мемлекеттік тіркеуден өтіп, қызметке кіріскен. Осы орайда Бәйдібек ауданында мал шаруашылығымен айналысатындарға арналған семинар-кеңесте ұсақ малды асылдандыру жұмысы түсіндірілді. Қолдан ұрықтандыру жұмысы көрсетілді.
«Мал мамандарының мақсаты – тұқымды асылдандырумен қатар, мал басының сақталуын және тұқымдық әлеуетін жақсарту. Сол үшін мүмкіндігінше әр шаруашылықта теориялық даярлығы мол, іріктеудің барлық практикалық амалын жүзеге асыруға қабілетті, білімді технолог мамандарды даярлауға атсалысуымыз керек. Бүгінде Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам аудандарында зоотехник мамандар жұмыс істеп жатыр. Өзім осы қызметке ақпан айында тағайындалдым. Содан бері осы аудандағы ауыл шаруашылығы қожалықтарымен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жайымыз бар», дейді Бәйдібек аудандық ветеринария қызметі мекемесінің зоотехник маманы Бақытжан Керімжанов.
Маманның айтуынша, қолдан ұрықтандыру – мал басын көбейтудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Табиғи жолға қарағанда, бір аталықтың ұрығымен ондаған, тіпті жүздеген ұрғашы мал ұрықтандырылады. Нәтижесінде, қысқа уақыттың ішінде төрт түліктің тұқымдық және өнімділік сапасын жақсартуға әрі жұқпалы аурулардың алдын алуға болады. Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Мәдениет елді мекеніндегі «Әділет» шаруа қожалығы 20 жылдан бері осы бағытта жұмыс жүргізіп келеді екен.
«2004 жылдан бастап өзіміз қолдан ұрықтандырып жатырмыз. 650 саулық қой ұстаймын, соған қашырымға 30 қошқар керек. Ал біз екі қошқармен 650 саулықты қолмен ұрықтандырып, мал басын көбейтіп, өнімділікті арттырып жатырмыз. Облыстық ветеринария басқармасы семинарлар ұйымдастырып, облыс шаруаларын әр аудан, ауылдан жинап, қолдан ұрықтандырудың сапасы мен өнімділігін жан-жақты түсіндіріп жатыр. Ел аралап, шаруа қожалықтарына да барып түсіндіріп жүрген мамандар бар. Мемлекет тарапынан қашырымға қаржысы төленеді, қаншама адам жұмыс істеп жатыр. Соның өзі үлкен көмек қой. Естіп-біліп, қошқарларымызды алуға қаншама қожалықтардан адамдар келеді. Көріп үйренетіндері де бар», дейді шаруа қожалығының төрағасы Өсербай Қадыров.
Өңірде ветеринария басқармасының зоотехникалық жұмыстарды жандандырып жатқаны көңілге демеу. Облыста 1 млн 101 мың ірі қара мал, 4 млн 968 мың ұсақ мал, 470,3 мың жылқы, 43,5 мың түйе, 2 млн 93 мың құс бар. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл 9 айда 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 млн дана жұмыртқа өндірілген. Бұл көрсеткіштерді еселей түсу үшін мамандарды мал азығын дайындау ісіне де машықтандыру керек. Шаруалар рацион дайындауда мамандарымыз шетелдің мықтыларымен таласа алатындай, елімізге келіп жүрген шетелдіктерді алмастыра алатындай білімді болуы қажет деп есептейді. Сондықтан елмен етене жұмыс істейтін зоотехниктердің көп болғанын қалайды.
Түркістан облысы