• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 09 Қараша, 2024

Қаланың мектебінен қалыспайды

135 рет
көрсетілді

Астанада алғаш рет «Ауыл мектебі» фотокөрмесі өт­ті. «ÓzgeEpic» креатив хабында ұйымдастырылған бұл іс-шара шалғай ауылда орна­ласқан бір мектептің тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңашыл бастамаларды насихаттайды.

Аталған көрмеге Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Мо­мышұлы аулының Әлихан Бөкей­хан атындағы №15 тірек мек­теп-лицейінде түсірілген фотосурет­тер қойылған. Жиынға осы білім ошағының директоры Руслан Сайлаубаев та қатысты.

«Біздің мектепте 603 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Тірек мектептер желісіне 2023 жылы кірген едік. Соған байланысты мате­риалдық-техникалық базамыз толықтай жаңарып, оқушыларымыз облыстық және республикалық деңгейдегі роботтехника, ғылыми жобалар сайыстарында жүлде ала бастады. Материалдық база жақ­сар­ған соң, біз түрлі үйірмелер аштық. Айталық, телестудия, робот­тех­никасы, қолөнер шебері, драма өнері, домбыра, шахмат, арт сту­дияға байланысты қылқалам шебері үйірмелері жұмыс істеп тұр. Осын­дай жұмыстардың арқа­сынд­а ауылдағы мен қаладағы мектеп­тердегі білім сапасының алшақтығы төмендеп келеді. Сол талаптарға сай болғандықтан бүгінгі көрмеге біздің тірек мектеп-лицей таңдалып отыр», деді Р.Сайлаубаев.

«Ауыл мектебі» фотокөрмесі – шал­ғайдағы білім беру мекемеле­рінің зияткерлік әлеуетін көпшілікке танытуға, сондай-ақ ауылдағы оқу­шылардың дамуына жаңа серпін беретін бірегей шығармашылық жоба. Креатив хаб директоры әрі жоба жетекшісі Тоғжан Құрман­­жан­қызының айтуынша, бұл көшпелі көрме ендігі кезекте Түркістан қаласында, сосын Алматыда өтеді.

«Мақсатымыз – қала және ауыл жастарына мәдени-рухани құнды­лықтарды тең қолжетімді ету. Осы себептен де бізге Білім саласын тұрақ­ты дамыту қорының ауыл мек­теп­терін жандандыру жобасы өте қатты ұнады. Көрменің фотографтары – Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік. Олардың осыған дейін де әлеуметтік-ағартушылық бағыттағы көрмесін ұйымдастырғанбыз. Шы­ғармашылық тобымызбен бірге осы жобаны үш ай зерттеп, зер­делеп, жарыққа шығарып отыр­мыз. Жұмыс барысында ауылда­ғы білім берудің жаңа дәуірі бастал­ға­нын сезіндік. Қаланың озық мектеп­терінен қалыспайтын, кей тұста озатын мектептер бар екеніне көз жеткіздік. Сондықтан да біз бұл ізгі өзгерістердің өнер туындысына айналғанын, көпшілікке таралғанын қаладық», деді Тоғжан Құрманжанқызы.

Көрме барысында фотосурет­шілер шығармашылық ойларын ортаға салып, жобаның бірнеше кейіпкерін таныстырды.

«Шынымды айтсам, мен өзім де ауылда ескі мектепте білім ал­дым. Біздің ауылда бірде-бір үйір­ме болған жоқ. Сабақтан кейін тек үй шаруасымен ғана айналыстық. Бізді дамытатын, өсіретін, шығар­машы­лығымызды байытатын еш нәрсе болмады. Бұл жобаға шақырған кезде, әрине, қуандым. Өйткені мен бір жылдары Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істе­дім. Ол жақтағы мүмкіндіктерді, балаларға жасалған жағдайды, үйірмелерді, білім сапасын көзіммен көрдім. Содан соң мұндай игіліктер неге бір ғана мектепте болуы керек деген ойға қалдым. Осы көрмеге арқау болған Жуалы ауданындағы білім ошағына барғанда сол НЗМ-ның ауылдағы үлгісін көргендей болдым. Қараңыз, мектепте телестудия бар. Оқушылар өздері ауылдың жаңалықтарын жазады. Камераға өздері түсіреді, өздері монтаждайды, сосын өздері мектептерінде экраннан көрсетеді. Яғни осылай ауыл мектептерінде де жағдай жасауға болатынын паш еткім келді»,  деді Әйгерім Бегімбет.

Айта кетейік, осынау игілікті фотокөрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен және Білім  саласын тұрақты дамыту қоры­ның қолдауымен жүзеге асты.