Оңтүстікті орталықпен байланыстыратын «Қызылорда – Жезқазған» күре жолының бойында тірлік қауырт. Қайта жаңғырып жатқан жолдың көп бөлігінде көліктер кедергісіз зырлайды. Қазір автожолдағы үш учаскеде асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын тұр. Қызылорда мен Ұлытауды жалғап жатқан 424 шақырым жолдың 204 шақырымы біздің аумақта. Осы күні жолдың Қызылорда аумағындағы үш учаскесінде үш қабат асфальт төселіп бітуге жақын. Жыл соңына дейін 140 шақырым жол қолданысқа беріледі.
Мердігер міндеттен жалтара алмайды
Қазір осы бөлікте жол таңбаларын сызып, белгі орнату және жол жиегін нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Жол жөндеу барысында 6 асфальт зауыты құрылып, 165 шақырымға айналма жол салыныпты. Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасеновтің айтуынша, жолдың 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Осы уақыт аралығында ақау байқалса, мердігер өз есебінен жөндейді. Басқарма басшысы басқа өңірлермен салыстырғанда Қызылордадағы жол жағдайы көш ілгері екенін айтады. Мұнда 3 571 шақырым жолдың республикалық маңызы бар 1 024 шақырымының жағдайы 94% жақсы деген бағаға ие болып отыр. Жергілікті жолдардағы бұл көрсеткіш қазір 87%-ға жетті.
«Жол сапасына сырттан қарап сын айтатындар, көрмей-білмей бөлінген қаржыны қалтаға басты деп болжам жасайтындар көбейіп отыр. Бір жылда еліміз бойынша 12 мың шақырым жол жөнделіп жатыр. Соның 7 мыңы биыл аяқталады. «Қызылорда – Жезқазған» күре жолының қайта жаңғыртылып жатқан 192 шақырымы бойында 700-дей адам мен 400-ге жуық арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Қиыршық тас сонау 300 шақырым қашықтықтағы Қаратау қойнауынан тасымалданады. Осындай қиындықпен салынған жол құрылыс қатаң қадағаланады», дейді басқарма басшысы.
Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан күре жол 5 учаскеге бөлінген. Мердігерлердің төртеуі – қытайлық компания, біреуі – жергілікті «Қыран» ЖШС. Жергілікті компания алғашқылардың бірі болып жұмысын аяқтады. Осыған дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының құрылысына қосалқы мердігер ретінде қатысқан жергілікті компаниялар да қазір тәжірибе жинақтап, халықаралық талапқа сай жол салуға қауқарлы екенін көрсетуде. «Қыран» ЖШС басшысы Жайсаң Сыздықов жол қолданысқа берілгеннен кейін мердігердің құрылыстан тапқан қаржысының бір бөлігі 5 жыл бойы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ есебінде тұратынын айтады. Бұл – Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобадағы басты талаптың бірі. Жұмысынан ақау шықса, қаржы қайтпайды. Демек жол сапасына мердігер де мүдделі болады, міндеттен жалтармай жұмысын адал атқарады.
Бақылау бір сәт бәсеңдемейді
Жол сапасы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандарының да ұдайы бақылауында. Биылдың өзінде жылжымалы зертхана арқылы қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жолға 1 028 тексеру жүргізіліпті. Жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынып, зертханалық зерделеу барысында соның 857-сінің талапқа сай еместігі белгілі болған. Анықталған олқылықтарды мердігерлер өз қаржысы есебінен 167,1 млн теңге жұмсап, қалыпқа келтіріпті.
Жалпы, жол сапасы әуелі мердігер зертханасынан өтеді. Содан кейін халықаралық инженерлер бақылауына көшеді. Одан соң «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жергілікті филиалы мамандары тексереді.
«Мемлекет басшысының тікелей назарындағы республикалық маңызы бар автожолды қалыпқа келтіру барысын бақылау бір сәт те бәсеңдемейді. Қандай да бір ақау анықталса, мердігер компания дер кезінде кемшілікті жойып, талапқа сай жұмыс істеп жатыр. Салынған үш учаскедегі жолдың тегістігі зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетті», дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.
Белгіленген мөлшерден тыс жүк артып, бақылаушыларды айналып өтетін көліктер де енді құтылмайды. Жол бойына орналасатын автоматты өлшегіш құрылғылар оларға артық салмақ үшін сол сәтте-ақ айыппұл арқалатып жібереді.
Жалақы жақсы, маман тапшы
Нұртілек Хасеновтің айтуынша, қазір саладағы үлкен проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Сегіз жыл жабылып қалып, былтыр қайтадан ашылған жол құрылысы маманын еліміздегі 8 жоғары оқу орны даярлайды екен. Осы мамандыққа 800 мемлекеттік білім гранты бөлінгенмен, небәрі 40 студент қана құжат тапсырыпты. Осылайша, мыңдаған шақырымға созылып жатқан жол бойындағы жұмысқа төрт жылдан кейін санаулы инженер ғана дипломмен келмек.
«Қазір осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мен «Қазавтожолдың» жергілікті филиалдағы мамандары мектеп бітірушілер арасында мамандықты насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жол саласындағы көп компания үшін маман табу мұңға айналды. Жалақы жақсы болғанмен, маман тапшы болып тұр», дейді ол.
Бүгінде мемлекет жол саласына жеткілікті назар аударып отыр. «Қазақ жол» ғылыми-зерттеу институты мамандары ғалымдармен бірлесе отырып Кеңес одағынан қалған 1 200-дей стандартты ғылыми технологияның дамуына байланысты оңтайландырып, қазіргі заман талабына бейімдеу үстінде. «Сапа керуені» баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Ұлытау облысы шекарасына дейін барып, жол бойындағы қайнаған тірлікті көрді. Кездескен жолаушылармен тілдесті. Жалпы, жыл аяғына дейін «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 140 шақырымы қолданысқа беріліп, келер жылы Ұлытау жағындағы бөлігін жөндеу басталады.
Келешекте Сыр мен Арқаны жалғайтын күре жол бойында демалыс алаңдары, санитарлық-гигиеналық тораптар, қоғамдық тамақтану орындары, жанар-жағармай құю стансалары бой көтеріп, күн сайын жүретін көлік саны да арта түседі.
Қызылорда