Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдер нәтижесінде 2025 жылдың сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады.
Министр Нұржан Нұржігітов Түркіменстанның Ашхабад қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 87-ші отырысына еліміздің атынан қатысты. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Ал Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты. Нәтижесінде, 1 сәуірге дейін еліміздегі Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберіледі деп күтіліп отыр. Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді. Айта кетсек, отырысқа қатысушылар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті, сонымен қатар 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне Орталық Азия елдеріне су беру көлемін айқындады.
«Биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асырылды, сондай-ақ биыл суару маусымында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды», деді министр Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, МСШҮК 88-ші отырысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.