Спортшылардың өткен аптадағы жетістіктері сала министрлігінің апталық шолу хабарламасында жарияланды, деп жазады Egemen.kz.
Шахмат: Блиц-шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Шымкентте өткен Гран-при жарысының екінші кезеңінде қола жүлдегер атанды. Ол 9 турда 2487 ұпай жинады. ⠀ Шайбалы хоккей: Алматыда шайбалы хоккейден алғаш рет ұйымдастырылған Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы топ жарды. Шешуші матчта жерлестеріміз Жапониядан 5:1 есебімен басым түсті. ⠀ Үстел теннисі: Италияның Линьяно қаласында өткен WTT Youth Contender Lignano 2024 халықаралық турнирінде Жәния Бекмұхамбетова қола жүлдегер атанды. Ол 13 жасқа дейінгі ойыншылар арасында сынға түсті. ⠀ Сондай-ақ Алан Құрманғалиев Мажарстанның Сомбатхей қаласындағы WTT Youth Contender Szombathely 2024 халықаралық турнирінде үшінші орынды еншіледі. ⠀ Жүзу: Гонконгта ашық айдында жүзуден Азия чемпионатында отандасымыз Лев Черепанов мәрені үшінші болып кесіп, қола жүлдегер атанды. ⠀ Триатлон: Сауд Арабиясының Әл-Джубаил қаласында өткен U23 жас санатындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз 1 күміс, 1 қола медаль иеленді. ⠀ Арбадағы теннис: Грекияның Месин қаласында ұйымдастырылған ITF Wheelchair Tennis Tour турнирінде Жанна Үмітқұлова күміс жүлде олжалады. ⠀ Самбо: Спорттық, жауынгерлік және зағип жандар бойынша ересектер арасында Елордада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медальдармен жалпыкомандалық есепте 2-орынды еншіледі.