• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Қараша, 2024

Жарыстар күнделігі

60 рет
көрсетілді

6-9 қараша аралығында Алматы қаласындағы Halyk Arena көпфункционалды спорт кешенінде хоккейден тұңғыш Азия чемпионаты өтті. Еліміз құрамасының қарсыластары Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай командалары болды. Турнирдегі соңғы матчында еліміздің хоккейшілері Жапония құрамасымен кездесіп, 5:1 есебімен жеңді. Ұлттық құрама сапынан Евгений Рымарев (8, 28-минут) екі, Егор Наместников (30), Владимир Гребенщиков (45), Евгений Королинский (59-минут) бір-бірден шайба соқты. Жапондықтардан жалғыз голды Тайга Ирикура (43-минут) салды. Осылайша, еліміз құрамасы үш матчта алты ұпай жинап, Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Жапония құрамасы да турнирді алты ұпаймен қорытындылады. Бірақ еліміз құрамасы өзара ойында жеңіске жеткендіктен, бірінші орынға шықты. Оңтүстік Корея төрт ұпай, Қытай екі ұпай жинады.

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 2024 жылдың 11 қарашасында әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңа рейтингте бір позицияға түсіп, енді алтыншы орында тұр. Әлемнің бесінші ракеткасы ретінде Чжэн Циньвэнь (Қытай) танылды. Қытайлық спортшы соңғы жақсы көрсеткіштерінің арқасында бірден екі сатыға көтерілді. 11 қарашадағы WTA рейтингі: 1. Арина Соболенко (Беларусь) – 9 416 ұпай; 2. Ига Швентек (Польша) – 8 370; 3. Коко Гауфф (АҚШ) – 6 530; 4. Жасмин Паолини (Италия) – 5 344; 5 (+2). Чжэн Циньвэнь (Қытай) – 5 340; 6 (-1). Елена Рыбакина (Қазақстан) – 5 171; 7 (-1). Джессика Пегула (АҚШ) – 4 705; 8. Эмма Наварро (АҚШ) – 3 589. Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева 29-орында орналасқан. Біріккен күрес әлемі ұйымы соңғы жарыстардағы көрсет­кіштерді саралап, үздік спортшылардың тізімін жаңартты. Оған сәйкес әйелдер күресінен ұлттық құрама мүшесі Жәмила Бақбергенова төртінші орыннан екінші орынға көтерілді. Оның еншісінде қазір 45 000 ұпай бар. 72 килода өнер көрсететін жерлесіміз жуырда ғана Албанияның Тирана қаласында өт­кен әлем чемпионатында күміс медаль алған болатын. Ол барлық қарсыласын ұтып, финалда жапониялық Ами Исииге ғана есе жіберді. Әлемдік рейтингтің де көш басын осы Исии бастап тұр. Үздік үштікті румыниялық Александра Николета Ангел түйіндеді. Айта кетейік, Жәмила осымен әлем чемпионаттарында қатарынан 4 жыл жеңіс тұғырынан көрінді. Бұған дейін 2021, 2022 жылдары күміс алса, 2023 жылы қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Кәсіпқой боксшы Иван Дычконың келесі кездесуіне қатысты ақпарат шықты. Ол 27 желтоқсан күні Алматы қаласында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Бұл жөнінде жауапты промоутерлік компания мәлімдеді. Дычко соңғы жекпе-жегін биыл тамыз айын­да Америкада өткізді. Ол жергілікті Крейг Льюиспен кездесіп, екінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңді. Жалпы, Иван бүгінге дейін кәсіпқой рингте 13 кездесу өткізіп, 13-інде де басым түсті. Тіпті оның 12-сін уақытынан бұрын аяқтады. Дычконың келесі қарсыласына қатысты әзірге нақты ақпарат жоқ. Еске сала кетейік, бірер ай бұрын спорт порталдары «қазақ­стандық Иван Дычко мен өзбекстандық Бахадүр Жалолов кездесуі мүмкін» деген мәлімет таратты. Қос мықты әуесқой бокс­та 4 рет кездесіп, 4-еуінде де жерлесіміз жеңіске жетті. Қазір екеуі де кәсіпқой бокста өнер көрсетеді. Көкшетауда спорт шебері Асқар Сатыбаевты еске алуға арналған жастар арасында бокстан халықаралық турнир өтті. Ерлер арасындағы медальдер 46-дан 92+ килоға дейінгі он төрт салмақ дәрежесінде сарапқа салынды. Жарыс қорытындысында еліміздің боксшылары он үш алтын медаль жеңіп алды. Әлішер Әріпжан (46 кг), Нұрбек Азадов (48 кг), Бексұлтан Көпбергенов (51 кг), Әли Мереке (60 кг), Мұхамедали Қалиев (63,5 кг), Тагир Сатаев (67 кг), Бекарыс Нұрмұхан (71 кг), Жандос Алпысбаев (75 кг), Аманжол Иманғалиев (80 кг), Бақытжан Айтмұханов (86 кг), Ержат Тілеужан (92 кг), Нұрсұлтан Жолдасбек (92+ кг) сынды боксшылар жеңіс тұғырына көтерілді. Бірінші орын алған жалғыз қонақ Өзбекстан өкілі болды. 57 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Джамшид Джаббаров алтыннан алқа тақты. Алматы қаласында баскетболдан 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында күзгі ішкі біріншілік өтті. Еліміздің әр өңірінен келген 15 команда алдымен топтық кезеңде өзара мықтыны анықтады. Үздік шыққан төрт команда жүлделі орындарды сарапқа салды. Алдымен қола жүлде үшін Қарағанды, Атырау командалары кездесті. Сарыарқа баскетболшылары тартыс­ты ойында табандылық танытып, 70:54 есебімен жеңіске жетті. Ал бас жүлде үшін Алматы және шымкенттік өрендер шеберлік байқасты. Бастапқы кезеңде алаң иелерінің қарқыны күшті еді. Уақыт өте шымкенттіктер тізгінді қолға алып, қарсыластарынан ұзай берді. Матчтың қорытынды нәтижесі – 61:31. Оңтүстік өрендері ел чемпионы атанды.