• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қараша, 2024

Ахметін іздеген қаламгер

131 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясы облыстық филиалының «Кітап-Amanat» орталығында белгілі журналист Байтұрсын Ілиястың 85 жыл­дығына арналған тағылымды кеш өтті. Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана мен партия филиалы ұйым­да­с­тырған іс-шараға қаламгердің туыс-туғандары, өңір зиялылары, мем­лекеттік қызметшілер, студенттер қатысты.

Еске алу кешінде қарымды жур­налистің «Egemen Qazaqstan» газетінің өңірдегі меншікті тіл­шісі бола жүріп, Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының мұраларын зерттеп, насихаттауға зор үлес қосқаны жө­нінде де әңгіме өрбіді. 1996 жылы  Байтұрсын Ілияс «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, оған басшылық етті. Экспедиция Алаш ардақтысы Ахмет Байтұр­сын­ұлының жүріп өткен ізімен Торғай өңірін аралап, ел ішін­дегі көнекөз қариялардың аузы­нан көптеген құнды дерек-мағ­лұматтарды  жинады. Ғылыми сапардан соң қаламгер Ахаңның өмірі мен қайраткерлігі туралы «Алтын бесік» атты зерттеу еңбегін жазды.

Кеш барысында кезінде «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспе­дициясының басы-қасында болған Ибрахим Ағытайұлы сөз алып, Байтұрсын Ілиястың азаматтық болмысы мен журналистік шеберлігі жайында ой толғады.

«Алдымен бір өтініш айта кетейін, кітапхана қызметкерлері, студент жастар бірлесіп кітап талдау дегенді ұйымдастыру керек. Ахметті жазып жүргендердің біразы жақшаның ішіндегі «үлкен ізденіспен» естіген-білгендерін қайталап, көркемдеп жазып жүр. Ал ең бірінші Ахметті танытушылардың бірі – осы Байтұрсын Ілияс. Бір күні ол қоңырау шалып: «Осындай экспедиция ұйымдастырып жатыр едім. Маған жолбасшы болуға қалайсың?» деді. Мен: «Жолбасшы емес, атшы боламын. Мен сіздің бұл сапарыңызға бензин, тоқтап, қонатын орын жағын қамдап, кездесетін адам­дарыңызбен кездестіремін», дедім. Сонымен атшы болып бардым. Байтұрсын ағамыздың кереметі – уақ-түйек нәрсенің барлығын түртіп жазып отырады екен. Өте ыждағатты. Ол сапарда тапқан ең басты олжамыз – Ахметті көрген екі торғайлық ақсақалмен кездестік. Біріншісі – Міржақыптың ­немере баласы есепті Байеке Жұмабаев. 1919 жылы Ахмет атамыз бен Бәдрисапа әжеміз сол Жұмабайдың үйінде болған. Бәкең осы кісіден көптеген құнды материалдар жазып алды», деді  Ибрахим Ағытайұлы.

Байтұрсын Ілияс артында «Тың түлектері», «Тоғыз перне», «Патша көңіл» атты тамаша жыр жинақтарын қалдырды. Кеш барысында қаламгердің поэзиясы туралы айтылып, облыстық кітапхананың қызметкері Ботагөз Дүйсенбаева көпшілікке ақынның туған жер тақырыбындағы өлең­дерін жатқа оқып берді.

 

Қостанай облысы