Қызылордадағы Достық үйінде IХ республикалық әкелер форумы өтті. Отбасы мәселелерімен айналысатын сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен республикалық әкелер одағының өңірлік жетекшілері, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысқан жиында бала тәрбиесінде әке жауапкершілігін арттыру төңірегінде келелі ой-пікірлер айтылды.
Он төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әкелер одағының негізін қоғам қайраткері Қуаныш Жұматаев құрған еді. Бұл күнде дүниеден өтіп кеткен азамат әкелер қауымын мектепке жақындатып, әр отбасында елін сүйетін, ұлтына жаны ашитын еңбекқор азаматтың тәрбиеленіп шығуында ерлердің орны ерекше екенін ісімен көрсетті. Кейін жұмыс ауқымы ұлғайып, мектеп жанындағы кеңес көптеген облыста филиалы бар одаққа айналды.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов биылғы форумның «Тәрбие – талбесіктен» деп аталуының себебіне тоқталды.
«Отбасындағы тәрбие мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты» деп атап өтті. Отбасы – өскелең ұрпақ құндылықтарының қалыптасуының негізгі көзі. Министрлік жүргізген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы халықтың 82 пайыздан астамы ерлі-зайыптылар бала тәрбиесімен бірдей айналысуы керек деген тұжырым жасағанын көрсетіп отыр», деді Б.Әлімжанов.
Форум қатысушыларына баспагер Бақытжан Бұқарбайдың бала тәрбиесі туралы бүгінгі әкелердің әңгімелері мен ойлары топтастырылған «Заманмен санасқан 30 әкенің хикаясы» атты кітабы таратылды.
«Ер адамның бейнесін қалыптастырудағы әкенің рөлі: жауапкершілік, батылдық, құрмет» тақырыбына модераторлық еткен отбасылық психолог Ержан Мырзабаев қазіргі қоғамдағы көп келеңсіздік бала тәрбиесіндегі әкелер ықпалының әлсіреп кетуінен екендігін айтты. Бір үйелменнің жауапкершілігін арқалай алмайтын әке өсіп келе жатқан ұлына қандай үлгі көрсетеді?
Осы тақырып аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев әкеге құрмет турасында ой өрбітті. Әкесі, даңқты композитор, әйгілі әнші Ескендір Хасанғалиевтің жанынан тастамай ертіп жүретіні көп қатарластары секілді ұлттық құндылықтардан қағыс қалудан, «асфальт баласы» атанудан сақтапты.
«Әкем бала тәрбиесіне барын салған азамат болды. Сол тұста қазақшасы кемшін Алматы көшесінде қатар серуендеп жүріп менімен тек қазақша сөйлесетін. Қазір біз үйге қонақ келе қалса, балаларды сыртқа қуып жатамыз ғой. Ал мен әкемнің жанында жүріп, қазақ өнері мен мәдениетінің қабырғалы қайраткерлерінің біразының әңгімесін тыңдадым. Соның бәрі азамат ретінде қалыптасуыма негіз қалады», деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесі жетекшісінің орынбасары Камал Әлпейісова ұл тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу керектігін айтты.
Сессиядағы «Отбасы және қауіпсіздік», «Саналы ата-ана», «Ерлер үшін спорт пен денсаулықтың маңызы» атты талқылаулар аясында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицидтің алдын алу мәселесі, саналы түрде отбасын құру, бала тәрбиелеудегі әкенің рөлі мен жауапкершілігі, баланың бойындағы қабілеттерді арттыру төңірегінде пікір алмасты.
«Тәрбие – талбесіктен» атты IX республикалық әкелер форумы барысында айтылған ұсыныс-пікірлердің дені бала тәрбиесіне баршаның жұмылуы керектігі турасында болды. Сонда ғана бүгінгі қоғам талабына сай өскелең ұрпақ қалыптастыра аламыз.
ҚЫЗЫЛОРДА