Қазіргі интернет заманында ақпараттарды бақылау оңайға соқпай тұр. Ауқымы кеңейген сайын зиянды материалдардың саны көбейіп барады. Ал бізге балаларды желідегі қауіптен қорғау маңызды. Осыған орай, ата-аналар балаларының қауіпсіздігін интернетке шектеу қою арқылы сақтай алады.
Мемлекеттік органдар балалар мен жасөспірімдерді интернеттен келер қауіптен сақтауға барлық қажетті шара қабылдап жатыр. Дегенмен әлемжелідегі заңсыз әрекеттерге мемлекеттік құрылымдардың күші жетер емес. Сондықтан БАҚ саласындағы заңнамалық талаптардың орындалуын қадағалайтын Мәдениет және ақпарат министрлігі ата-аналарға балаларының интернеттегі қауіпсіздігін қадағалауға шақырып, пайдалы қосымшаларды ұсынады. Қосымшалар – заңсыз контентке қол жеткізуді шектеуге, онлайн-әрекеттерді қадағалауға және құрылғыларды пайдалану уақытын бақылауға көмектеседі.
Мәселен, Kaspersky Safe Kids қосымшасы сайттарды бұғаттап, геолокация, баланың белсенділігі туралы есептік ақпарат береді. Аталған қосымшаның сайтында ата-аналарға түрлі кеңес бар. Мысалы, 3-5 аралығында балалар интернеттегі контент, ойындармен алғаш таныса бастайды. Осы кезде оларды цифрлық қауіпсіздікпен қамту қажет. Kaspersky Safe Kids мамандары YouTube-те қауіпсіз іздеу арқылы балаларды қажетсіз мазмұннан қорғауды ұсынады. Сондай-ақ құрылғыларды пайдалану уақытын шектеу қажет. Өзге сайттарды бұғаттап балаларды танымдық, білім беру қолданбаларын пайдалануға шақырған жөн.
Dr.Web Security Space қосымшасы антивирус орнатып, ата-ана бақылауын қамтамасыз етеді және контентті сүзгіден өткізеді. Испания жасап шығарған Qustodio қосымшасы да контентті сүзгіден өткізіп, экран уақытын шектеуге, әлеуметтік желілерді бақылауға көмектеседі. Ал АҚШ-тың Net Nanny мен Kidslox қосымшасы контентті бұғаттап, экран уақытын шектеу мен орналасқан жерді қадағалауға мүмкіндік береді. Norton Family қосымшасы сүзгіден өткізіп, пайдалану уақытын шектеу және іздеу сұрауларын қадағалауға арналған. Украина жасап шығарған Parental Control Kroha қосымшасы интернеттегі қосымшаларды бұғаттап, веб-бақылау, белсенділікке мониторинг жасайды. Ал Google Family Link – Android жүйесінде белсенділікті бақылауға арналған тегін қосымша. Оны ата-ана мен баланың құрылғыларына орнату қажет. Kidlogger – белсенділікті қадағалауға мүмкіндік беретін пассивті бақылау.
Сондай-ақ Android құрылғысынан Google Play арқылы, iOS құрылғысынан «Экран уақыты» және «Орналасқан жерді анықтау» арқылы геопозицияны қадағалауға болады. TikTok Family Pairing арқылы жасөспірімдердің TikTok қолдануын бақылауға, экран уақытын шектеуге және контентті сүзгіден өткізуге болады.