Қазақ поэзиясы алып мұхит десек, сол мұхитқа өзінің нәзік те сыршыл арнасын қосқан ақынның бірі – Ақұштап Бақтыгереева. Академик Зейнолла Қабдолов «Орал десем, менің есіме үш қыз түседі, бірі – Қыз Жібек, екіншісі – Мәншүк, ал үшінші – Ақұштап Бақтыгереева» деген екен. Бүгінде мерейлі 80 жастың сеңгіріне шығып отырған ақынның есімі – әдебиет есігін ашқан әр талантқа таныс, оқырман құлағы тосаңсымай қабылдайтын бірегей есім.
Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына орай Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Жұбан» драмасы сахналанды. Елордалық көрермендермен бірге қойылымды Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тамашалады.
Іс-шарада Аида Балаева көпшілікке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Халқымыз өзіңізді мәдениетіміз бен өнерімізді өркендетуге үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, көрнекті қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолында бірқатар отандық газет-журналдар мен баспада жемісті жұмыс істеп, ұлттық әдебиетіміздің ілгері басуына күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Қазақ поэзиясына өзіндік өрнегіңізбен келіп, айшықты ойлар мен айрықша дара шумақтарыңызбен танылдыңыз. Еліміздің мәртебесін асқақтатқан Тәуелсіздік пен бейбіт өмірді және табиғат сұлулығын арқау еткен жалынды жырларыңызды талғамы биік оқырман жылы қабыл алды. Сонымен қатар отбасы құндылықтары, қыз баланың тәрбиесі, ананың қоғамдағы рөлі туралы пайымды пікірлеріңіз қолдау тауып келеді. Алдағы уақытта ел-жұрттың ортасында сый-құрметке бөленіп, шығармашылық ізденістеріңіз табысты бола беруіне тілектеспін. Сізге мықты денсаулық және отбасыңызға бақ-береке тілеймін!» делінген құттықтау хатта.
Өз сөзінде министр көрнекті ақынды мерейжасымен құттықтай отырып, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге, отаншылдықты қалыптастыруға зор үлес қосқанын атап өтті.
– Президент атап өткендей, қазақ әдебиетінде Ақұштап Бақтыгерееваның өзіндік өрнегі, орны бөлек. Себебі ақын апамыздың өлеңдері әр қазақтың жүрегіне жақын. Оның поэзиясы ерекше сыршылдықпен, сезімталдықпен өрілген. Қаламгердің қазақ әйелінің бейнесін асқақтатқан бірегей туындыларын ерекше атап өткім келеді. Ел анасы, ұлт тәрбиесінің жанашыры ретінде құндылықтарымызды қастерлеуге, қазақ қыздарына парасат пен тәрбие нәрін сіңіруге зор үлес қосып келеді, – деді А.Балаева.
«Жұбан» поэтикалық драмасын Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың сценарийімен әзірледі. Қойылымда ұлт тағдыры талқыға түскен қилы кезеңдерде «Мен қазақпын!» деп жар салған атпал ақынның ғұмыр жолы көрініс тапқан.
Ақын мерейтойы бұдан әрі жалғасын тауып, Ұлттық академиялық кітапханада Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Алаштың Ақұштабы» тақырыбында әдеби кездесу өтті. Іс-шараға астаналық ақын-жазушылар және зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты. Кеш жүргізушісі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, пайымды пікір білдірді. Ақын Ғалым Жайлыбай, жазушы Алтыншаш Жағанова, сыншы Амангелді Кеңшілік, т.б құрметті қонақтар «Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақынның поэзиядағы орны турасында қадау-қадау пікір білдірді. Кеш барысында «Менің Фаризам» кітабының тұсауы кесіліп, көпшілік оқырманға таратылды. Ақынның бұл кітабында қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынованың өмір жолы туралы сырлар, ой-толғамдар қамтылған.
Әдеби кештер легі мұнымен тоқтамай, Еуразия ұлттық университетінде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ақынның жастармен кездесуі өтті. Кеште студент жастар ақынмен дидарғайып болып, елдік рухтағы өлеңдеріне құлақ түрді. Студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, сөзіне жазылған әндерді орындады.
– Жастар қайда бара жатыр екен, менің балапандарым, менің немерелерім не ойлайды екен, соны көргім келген еді. Поэзияға қарлығаш құстай болып келіп едім, қазір 80-ге келіп, үлкен қалам иесі деп қабылдап жатқан елімнің құрметіне бөленіп отырмын. Осындай егемен елдің қызы болғаным үшін тағдырыма ризашылығымды білдіремін, – деді ақын өз сөзінде.