Биыл қазақ күресінен түйе балуандар арасында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 13-рет ұйымдастырылды. Еліміздің әр аймағынан іріктелген атан жілік, апайтөс алыптар додасында топ жарған саңлақтарды салмақтағанда таразының зілмауыр басы Абай облысына ауып кетеді. Себебі 14 жылдың ішінде «Қазақстан барысы» атағын осы өңірдің оғландары бес мәрте олжалады. Одан бөлек, Семей топырағында туған сырттандар үнемі жүлделі орыннан да көрініп жүр.
Абай облысынан шыққан «Қазақстан барысы»
Айбек Нұғымаров, 1987 жылдың 3 маусымында Абай облысы Абай ауданы Құндызды аулында өмірге келген. Екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды, үш мәрте қола белбеуін олжалады. «Әлем барысы», «Еуразия барысы» халықаралық турнирлерінің чемпионы. Төрт дүркін әлем чемпионы. Мұхит Тұрсынов, 1988 жылдың 22 сәуірінде Абай облысы Абай ауданы Қарауыл аулында туған. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы. Қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы, «Еуразия барысы» халықаралық турнирінің чемпионы. Дәурен Нұралинов, 1993 жылдың 19 қазанында Абай облысы Аягөз ауданында өмірге келген. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы, «Халық барысы» турнирінің чемпионы. Ерасыл Қажыбаев, 1994 жылдың 4 шілдесінде Абай облысы Семей қаласында өмірге келген. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы. Екі дүркін күміс белбеу иегері.
Жүлгесі үзілмеген жүлде
Алдымен сәл шегініс. Ең алғаш ұйымдастырылған «Қазақстан барысы» республикалық турнирі түн ортасы ауғанда аяқталғаны елдің есінде әлі. 2011 жылы Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен айтулы додаға еліміздің әр облысынан сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан 64 балуан (әр өңірден 4 балуаннан қатысты) додаға түсіп, Қызылорда облысының абыройын арқалап шыққан Ұлан Рысқұл финалда жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевты жығып, чемпион атанды.
Абай облысының 32 жастағы балуаны Шалқар Жоламанов ширек финалға шығар жолда батысқазақстандық Еділ Үсеновпен белдесті. Сыралғы қарсылас бір-бірінің оңтайлы сәтін күтіп ұзақ аңдысумен жүрді. Алғаш болып Шалқар әдіске салып, бүк ұпайын алды. Белдесудің аяқталуына 1 минуттан аса уақыт қалғанда Еділ жартылай жеңіспен алға шықты. Тіпті таблодағы уақыт 40 секунд қалғанын көрсеткен. Шалқар барын салып жартылай жеңіс ұпайын еншілеп қайта алға озды. Енді Еділ жанталасып, күрестің бітуіне 20 секунд қалғанда бүк ұпайын олжалап есепті қайта теңестірді. Одан кейін қоян-қолтық белдесуге ұласты. Қай балуанның қолы белбеуден сусып кетеді немесе кім алдымен тізерлейді, сол жеңіледі. Еділ өзінен тапалдау Шалқарды қапсыра ұстап көтеріп алды да аударып тастауға ұмтылған. Қарсыласы оны өз отына өзін күйдіріп, қарсы әдіс қолданып, аунатып жіберді. Ширек финалдық тартыс та ерекше болды. Өйткені шығыстың қос балуаны Шалқар Жоламанов пен Мұхит Тұрсыновтың жолы түйіскен. Белдесудің мерзімі бел ортасынан ауғанда Тұрсынов иығын жарақаттап, жеңіс Шалқарға жазылды да, жартылай финалға көп күшін сарқымай-ақ өтті.
Алғашқы «Қазақстан барысына» 64 балуан қатысса, ширек финалға өткен сегіз балуанның үшеуі: Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров – шығыстан. Бірақ солардың ішінен жартылай финалға Шалқар ғана өтті. Қызылордалық Ұлан Рысқұлға қарсы белдесуде ол айылын ерте босатып алғанын да жасырмады. «Ұланды бұған дейін үш рет түрлі сайыста жыққан едім. Соның желігі ме, тоқмейілсіп кеттім де, әдісіне түсіп қалдым», деп өкінішін де білдірді. «Қазақстан барысы» атағына жете алмағанымен Шалқар қола белбеуге таласта астаналық Арман Әбеуовті айқын ұтып, қанжығасын майлады.
Араға жыл салып Шалқар «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалына шықты. 2012 жылы әдеттегідей 64 емес, 33 балуан дүбірлі доданың көрігін қыздырған. Бұл жылы Шығыс Қазақстан облысының намысын Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаров қорғады. Шалқар финалдық белдесуде жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевқа есе жіберіп, күміс белбеуді місе тұтса, Айбек Нұғымаров жартылай финалға дейін жетіп, қола белбеуге күреске түсті. Тәжірибелі, тісқаққан балуан Арман Әбеуовті жықты.
Алғашқы қазық
2013 жыл. «Қазақстан барысы» республикалық турнирі үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Шығыстан Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов белдесуге қосылды. Мұхит іріктеуде іркілсе, Айбек ширек финалда Алматы облысының өкілі Айдос Қаңлыбаевты жықты. Жартылай финалда салмағы өзінен әлдеқайда ауыр тартатын оңтүстіктің үміті Жұманазар Ерсұлтановты ығыстырды. Ал финалдық белдесуде қарағандылық Ержан Шынкеевті жеңіп, «Қазақстан барысы» атанды. Шығыс балуандарының арасынан алғаш болып шыңға қазық қақты.
2014 жылы да бұл атақ Абай топырағына бұйырды. Финалға дейінгі қарсыластарының барлығын да еркін еңсеріп, алтын белбеуге таласта қарағандылық Асыл Бәрменовтен басым түскен Мұхит Тұрсынов тұғырдың биік сатысына тұрақтап, бас жүлдені қанжығасына бөктерді.
Бұдан кейін үш жыл бойы шығыстың жігіттері республикалық турнирдің белбеуіне қол жеткізе алмай жүрді. Тек 2018 жылы екі бірдей оғланы олжа салды. «Әскер барысында» жеңіске жеткен семейлік Ерасыл Қажыбаев финалда қарағандылық Ержан Шынкеевке есе жіберіп, күміс белбеуді қанағат тұтты. Жартылай финалдық сында сүрінген Айбек Нұғымаров қола белбеу үшін өткен белдесуде шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровты жықты.
Айбек екі дүркін «Қазақстан барысы» атағына 2019 жылы қол жеткізді. 36 балуанның ішінен оза шыққан 32 жастағы толағай ширек финалда жерлесі Мұхит Тұрсыновты ығыстырды. Жартылай финалда Алматы қаласының атынан сынға түскен Руслан Әбдіразақовпен кәдімгідей ырғасты. Тіпті жартылай жеңіс ұпайымен алда тұрған Русланнан Айбек шешуші сәтте жеңісті жұлып әкетіп финалға шықты. Финалдық белдесуде ол тағы бір жерлесі Ерасыл Қажыбаевпен күресіп, басым түсті.
2019 жылы өткен турнирдің ширек финалына Алматы қаласының атынан қатысқан шығыстың балуаны Дәурен Нұралинов та ширек финалға дейін жетіп тоқтаған еді. Дәуренді бекер атағанымыз жоқ, 2021 жылы «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 10-мәрте ұйымдастырылды. Шығыс өңірінен Айбек Нұғымаров та 10-рет қатарынан қатысқанымен, ширек финалда сүрінді. Есесіне Дәурен Нұралинов сенімге селкеу түсірген жоқ. Іріктеуден іркілмей, ширек финалдық сында астаналық Олжас Шынкеевті жеңді. Жартылай финалдық белдесуде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты сүріндірді. Ал финалдық сайыста жамбылдық Ғалымжан Қырықбайдан басым түсті.
2022 жылы өткен республикалық турнирге шығыста туған төрт балуан қатысқан. Мұхит Тұрсынов Солтүстік Қазақстан облысынан қатысса, Әділ Оразбаев «Әскер барысында» олжа салып жолдама иеленді. Шығыс Қазақстан облысының намысын Елдар Бейсембаев, Әсет Ахметжанов қорғап сынға түскенімен, жүлде бұйырмады.
Былтыр да шығыстың жігіттері жарқырап көріне алған жоқ. Есесіне биылғы додада Абай облысының алыптары жай отындай жасын ойнатты. Ерасыл Қажыбаев 1/8 финалдық белдесуде «Әскер барысы» Марат Байқамыровты жеңді. Ширек финалдық тартыста павлодарлық Мұхтар Дәлелханұлын жықты. Ал жартылай финалда абайлық қос балуанның жолы түйісті. 35 жастағы сыралғы спортшы, мақаншылық Саят Шәмшиев салмағы өзінен әлдеқайда ауыр Ерасылдың екпініне төтеп бере алған жоқ. Финалдық белдесуде Ерасыл шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаровтан басым түсті. Қола белбеу үшін өткен тартыс та Абай облысының балуандары арасында өрбіді. Семей қаласының тумасы Әділ Оразбаевтың Саят Шәмшиевке күші жетпеді.
«Тартпай қоймас негізге...»
Биылғы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне 42 балуан қатысса, жартылай финалға шыққан төрт балуанның үшеуі – Абай облысының өкілі. Мұның өзі көп жайтты аңғартса керек. Киелі топырақтың қасиетіне тағы да тәнті боласыз. Балуандық өнер, оның ішінде қапсағай денелі алыптар шоғырының жүлгесі үзілмей дәстүр сабақтастығы жалғасып келе жатқанына қуанасыз. Білікті бапкер Шыңғыс Тұрсынов мұның сыры балуандық мектептің мықтап қалыптасуынан дегенді меңзейді.
«Шығыс өңірі, бүгінгі Абай облысында ертеден қалыптасқан дәстүр бар. Қандай ас пен той өтсе де ат шаптырып бәйге беріп, балуан белдестіреді. Бұдан сырт, қаншама байрақты додалар да түңлігін түреді. Міне, осындай шыңдаудан өту жолында саңлақтар шарболаттай шыңдалады. Бәсекелестік болғанда ғана нәтиже шығады. Хамит Ысқақов сынды бертінге дейін белдесуге түскен алдыңғы толқын ағаларымыз өтті. Тіпті ардагерлер арасында әлем чемпионы да атанды. Хамит ағамыздың салмағы 80 кг шықпаса да, өзінен 30-40 кг ауыр тартатын алыптардың өзін аяғын көктен келтіре алып ұрғанда жиылған көпшілік «күш атасын танымас» дегенге тағы бір көз жеткізетін. Қазақ күресінен ел чемпионаты тұңғыш рет 1936 жылы Семей топырағында ұйымдастырылып, үш салмақ дәрежесінде өткен. 1938 жылы республикалық спартакиада ұйымдастырылғанда абайлық балуандар ерен өнерімен тәнті еткен. Алыптар сабақтастығы жалғасын таба беретініне сенімдімін. Хамит ағалардың ізін жалғап өзіміз де күреске түстік. Біздің жолды ізбасар інілер Шалқар Жоламанов, Қуаныш Салықбаев сынды бауырларымыз жалғады. Солардың күрес өнеріне қызыға жүріп есейген Айбек, Саят, Мұхиттардың жолын кейінгі жастар жалғайтыны анық», дейді Шыңғыс Тұрсынов.
Айбек Нұғымаровтың екі дүркін «Қазақстан барысы» атағын олжалауына орасан үлес қосқан бапкер Серік Қоржыкенов түйе балуандар додасына тек Абай облысынан ғана емес, басқа өңірден күреске түскен шығыстың саңлақтары көп екенін алға тартты.
«Қазақ күресінен алғашқы спартакиада ұйымдастырылғанда шығыстың балуандары топ жарып, шеберліктерін көрсеткен. Содан бері балуандық дәстүрдің желісі үзілмей жалғасып келеді. Біз шәкіртіміз Айбек Нұғымаров сынды үздіктерді баптап шыңдадық. Ал бүгінде шәкірттеріміздің өздері түлектерін түлетіп, олжалы болып жүр. Абай облысының қасиетті топырағында алыптар сабақтастығы жалғасатыны сөзсіз. Алдымен аудандық, қалалық, облыстық іріктеу өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалына кілең сайдың тасындай апайтөс үздіктер өтеді. Бірнеше жылдан бері «Әскер барысы» додасының чемпиондары да осы додада бақ сынап жүр. Міне, осындай үздіктер бас қосқан дүбірлі додада Абай облысының балуандары бес мәрте топ жарды. Біздің жігіттерден кейін тек төрт рет Жамбыл облысының балуандары: Бейбіт Ыстыбаев үш рет, Ғалымжан Қырықбай бір мәрте жеңіске жетті. Қызылорда, Қарағанды облыстарынан қатысқан балуандар екі рет «Қазақстан барысы» атанды. Шығыс топырағы, Абай облысының саңлақтары бұл үрдісті жақсарта түседі әлі», дейді Серік Қоржыкенов. Білікті мамандар өз пікірін кейінгі буынның буырқанған әлеуетіне қарап айтса керек.
«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің статистикасын бағамдағанда Серік Қоржыкеновтің сенімі сетінемейтініне көз жеткізесіз. Түйе балуандар сайысы 13 рет ұйымдастырылды. Бір мүшел уақыттың бедерінде «Қазақстан барысының» алтын белбеуін 10 балуан иеленген. Соның төртеуі – Абай облысының алыптары. Абайлықтар күміс белбеуді үш рет, қола белбеуді бес мәрте еншілепті. Жыл сайын 17 облыс, үш қаладан балуандар күреске түсетін айтулы додада өзге өңірлердің әлі төрт балуаны топ жарған емес. Мұны да қомсынсаңыз, бес рет жүлде алған әзірге жалғыз балуан да Абай облысынан, ол – Айбек Нұғымаров.
Қасиетті өңір алыптарды тудырмай қоймайды. Алыптардың ізін басып, тау көтерер толағайлар шығады әлі. Себебі бұл – Абайдың топырағы.