Жапонияның Либерал-демократиялық партиясының (ЛДП) басшысы Сигеру Исиба елдің премьер-министрі болып қайта сайланды. Ол дүйсенбіде өткен Парламенттің төменгі палатасында дауыс берудің екінші турының қорытындысында жеңіске жетті.
Премьер-министр сайлауындағы екінші тур Жапонияда 1994 жылдан бері, яғни 30 жылда алғаш рет өткізіліп отыр. Осы сайлаудағы дауыс берудің алғашқы турында кандидаттардың ешқайсысы қажетті 233 дауысқа ие болмаған. Мәселен, бірінші турдың қорытындысында С.Исиба 221 дауыс жинаған. Оның негізгі қарсыласы, Конституциялық демократиялық оппозиция партиясының өкілі Есихико Нода 151 дауысқа ие болды. 28 депутат Демократиялық партияның басшысы Юитиро Тамакиге дауыс берген. Екінші турда Премьер-министр лауазымына Сигеру Исиба мен Исихико Нода күресті. Нәтижесінде, ЛДП басшысы 221 дауыс, И.Нода 160 дауыс жинады.
«Мен премьер-министр болып сайландым. Бұл қызметті аса жауапкершілікпен қабылдаймын», деді С.Исиба жаңа үкімет құрылғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Премьер-министр сонымен қатар өзі басқарған Либерал-демократиялық партиясының 27 қазанда өткен парламенттік сайлаудан кейін «шынайы халықтық партия ретінде қайта құрылу» қажеттігін атап өтті.
Негізі Жапония Парламенті саясаткер, либерал-демократиялық партия басшысы 67 жастағы Сигеру Исибаны премьер-министр етіп 1 қазанда бекітті. Оның алдында болған партия төрағасы және премьер-министр Фумио Кисида жаңа мерзімге сайланбайтынын айтып, өзі бас тартқан еді.
Премьер-министр қызметіне кіріскен Сигеру Исиба Парламенттің төменгі палатасын таратып, елде 27 қазанда мерзімінен бұрын сайлау өткізетінін жариялады. Жоспарланған сайлау 2025 жылы қазан айынан кешіктірілмей өтуі керек еді. France-Presse агенттігі (АFР) атап өткендей, мерзімінен бұрын сайлауда Исиба ондаған жыл бойы Жапонияда басқарушы партия болып қала беретін ЛДП позициясын нығайтуға үміттенген. Алайда кейінгі айларда партияның рейтингі партиялық қызметті заңсыз қаржыландыруға байланысты туындаған сыбайлас жемқорлық және саяси-қаржылық жанжалдардан кейін, сондай-ақ қайырымдылық жасау кезіндегі құқықбұзушылықтардан соң айтарлықтай төмендеген. Жанжал негізі ЛДП партиясының кейбір мүшелерінің «Бірігу шіркеуі» тоталитарлық сектасымен байланысы бар деген ақпарат желісінде туындаған. ЛДП беделінің төмендеуіне сайлаушылардың Үкіметтің экономикалық саясатына наразылығы да ықпал еткен, кейінгі екі жылда ел билігі ұзаққа созылған инфляцияны тежей алмаған. Нәтижесінде, Либерал-демократиялық партия 27 қазандағы мерзімінен бұрын сайлауда парламенттің төменгі палатасындағы ондаған орыннан айырылып қалған. Сайлау қорытындысында Жапония Парламентінде бұдан былай басым түсер көпшілік жоқ. ЛДП және оның одақтасы, оңшыл орталық «Комейто» партиясы абсолютті көпшілігін жоғалтқан, бірақ төменгі палатадағы ең үлкен блок болып қала береді.
Сигеру Исиба коалицияға кірмей-ақ бірқатар мәселе бойынша ЛДП-мен ынтымақтасуға келіскен шағын центристік құрылым – Халықтық демократиялық партиядан (ХДП) қолдау сұрады.
«Билікте қалғысы келсе, Исиба жуық арада парламент арқылы бюджет туралы заң шығаруы керек. Бұл ЛДП-ның біраз жеңілдік жасағанын білдіреді. Осыдан соң олар альянстарды іздеуі керек», деп пікір білдірді AFP-ге Токио Нихон университетінің профессоры, саясаттанушы Томоаки Иваи.
AFP атап өткендей, премьер-министрмен келіссөздер барысында ХДП партиясы салықтар мен энергетикалық субсидияларды азайтуды талап еткен. Экономика сарапшыларының пікірінше, бұл үкіметтің салық түсімдерін едәуір қысқартады.
Жалпы, Жапония премьер-министрі Сигеру Исибаға Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы үлкен сынақ болды дейді сарапшылар. AFP атап өткендей, Жапония көптеген басқа ел сияқты АҚШ-қа экспортталатын тауарларына америкалық кедендік баждардың күрт өсуіне тап болу қаупі бар. Сондай-ақ Д.Трамп Жапониядан әскери шығындарды көбейтуді талап ете бастайды. Осыны болжаған С.Исиба дүйсенбіде «АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамппен бірінші мүмкіндікте тікелей кездескім келеді», деп мәлімдеді.