Жетісудың орталығы Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қадағалап отырған 5514 әскери бөлімнің құрылғанына 23 жыл толды. Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты құрылымның ширек ғасыр шеңберінде жеткен жетістігі көл-көсір. Елді дүрліктірген Қызылағаш, Қаңтар оқиғасында әскери ұжымның атқарған жұмыстарына халық куә. Төтенше жағдай кезінде де топтың алдында жүретін – солар.
Жетісу жерінің тыныштығын қамтамасыз ету – мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл бағытта аталған ұжым қүш-қуат ведомствосының ірі құрылымдарының бірі саналады. Оларға шаһардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген. Әскери бөлімнің жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Талдықорған қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілік қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл жауапты міндетті мінсіз атқару үшін құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілеріне қойылған негізгі талап – қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен батырлық секілді қасиеттер.
«Үкімет қаулысымен ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2001 жылдың 5 қарашасында 5514 әскери бөлімі құрылды. Оған бұрынғы Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмаханов тікелей мүдделі болды. 2004 жылдың 21 сәуірінде Президент атынан Ішкі әскерлер қолбасшысы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов әскери бөлімге Жауынгерлік Туды табыс етті. Бөлімнің бірінші командирі болып, қазіргі ардагер полковник Қанат Әлиев тағайындалып, артынша бөлімге подполковник Сергей Агошков басшылық етті. Полковник Асатолла Құлахмедов те осы бөлімде командир болып, қызмет баспалдағынан өткен. Бұдан кейін полковник Дәулет Жолбаев, подполковник Абдұмарат Ташимбетов, подполковник Нұрлыбек Елеусізов, подполковник Ербол Антай, подполковник Данияр Қасымов, подполковник Төлеби Чубаев және полковник Бағитжан Баламбаев әр жылдары қолбасшылық етті. Бүгінде бөлімді полковник Әмір Мансұров басқарып отыр», дейді подполковник Бақыт Әліпбаев.
Бөлімнің ширек ғасырға жуық жүріп өткен тарихи жолына назар салсақ, республикалық, облыстық және қалалық ауқымдағы маңызды міндеттер атқарғанына көз жеткіземіз. Мәселен, 2010 жылы наурыз айында ел ішін дүр сілкіндірген төтенше жағдай болған еді. Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы су қоймасының бөгеті жарылып, 3,5 мың адам тұратын елді мекенді су шайып кетті. Жүздеген үй қирап, бірнеше адам қаза болды. Төтенше оқиға болған мекенге шұғыл жеткен 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері он шақты күн қызыл судан келген зардапты жою бойынша орасан жұмыс атқарды. Үшті-күйлі жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Халықтың шашылып қалған дүние-мүлкінің талан-таражға түсіп кетуіне жол бермеді.
2011 жылдың желтоқсаны мен 2012 жылдың қаңтары аралығында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарды. 2021 жылдың маусым айынан бастап Алматы облысы Полиция департаменті бастығының шешімімен бөлімнің әскери қызметшілері Талдықорған қаласынан бөлек Текелі қаласы және Қарабұлақ, Балпық би елді мекендерінде 60 бағыт бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету қызметін атқарды. Былтыр жаздың соңында аяқ астынан ауа райы күрт өзгеріп, нөсерден болған су тасқыны кесірінен Жетісу облысындағы Ешкіөлмес және Абай ауылдарының бірнеше көшелері мен тұрғын үйлерді су басып, жергілікті тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салды. Құтқару жұмыстарына 5514 әскери бөлімінің 70 әскери қызметшіден тұратын жедел әскери резервтің құтқару жасағы мен бес әскери техника жұмылдырылған еді.
Ұландық жауынгерлер су жолындағы елді мекендердегі көшелер мен аулаларды топырақ пен құм салынған қаптармен күшейтті, сонымен қатар су басқан тұрғын үй аумақтары мен жолдарды ағын сумен келген лай, батпақтардан тазартып таңнан кешке дейінгі мерзімде құтқару жұмыстарын жүргізді.
Дүйім елді дүрліктірген қаңтар оқиғасы Талдықорған қаласының да мазасын алды. 5-6 қаңтар күні бөлімнің жеке құрамы қаладағы жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге қатысты. Күштік құрылымдар мекемесінен ұрланған қару-жарақты іздеу барысында қырағылық танытып, қаланың әр жерінен қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тапты. Ұландықтардың қатарында қиындыққа мойымайтын, қандай жағдай болса да, бұғып қалуды білмейтін жауынгерлер жүргенін осы төтенше оқиға тағы бір дәлелдеп өтті. Бұл сарбаздардың, ең алдымен моральдық-психологиялық дайындықтарын көрсетті.
Міне, содан бері 23 жыл бойы әскери бөлімнің жеке құрамы Талдықорған қаласының қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп келеді. Көптеген төтенше жағдайда жігерлі әрекет етіп, жоғары қолбасшылық тарапынан бағаланып, түрлі марапаттарға да ие болды. Елдің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы 23 жылдың жүзі болған, азаматтардың алаңсыз қызмет атқаруы үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 5514 әскери бөлімі және бір дәлел бола алады.
Бүгінде полковник Әмір Мансұров басқарып отырған әскери бөлімнің негізгі міндеті – Талдықорған қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2001 жылдан бастап бөлімнің жеке құрамы өздеріне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндетті абыроймен орындап, қала көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Осы жылдар ішінде бөлімде жауынгерлік қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалған, сарбаз қажеттіліктерінің барлығы дерлік оң шешімін тапқан. Мұның бәрі қызметті алаңсыз атқаруға, қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қырағы күзетуге мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сапалық және сандық жағынан нығайту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Қаңтар оқиғасынан кейін таяуда штаттық құрылымға арнайы мақсаттағы отряд енгізіліп, жеке батальон екі есе кеңейіп, полк деңгейіне дейін өсті. Бүгінде бұл бөлініс штатпен толық жабдықталған. Отрядтың шоғырлануына бөлімнің орталығынан бөлек орналасқан екі жедел мақсаттағы батальон аумағында арнайы модульдік ғимарат салынып, барлық керек-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мерекеге орай әр жылдары қызмет еткен бірқатар ардагер келіп, естеліктерімен бөлісті. Бұл атаулы күн болғанымен, жеке құрам әрқашан жауынгерлік қызметте екенін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Полктің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады», дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Нұрсұлтан Төлеген.
Құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны. Ендеше, осындай маңызды міндетті оңтүстіктегі үлкен полктің бірегейі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен айдауылдау қызметін бірге алып жүрген 5514 әскери бөлімі лайықты атқарып келеді.
Жетісу облысы