• RUB:
    5.05
  • USD:
    494.95
  • EUR:
    525.49
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:35

Сарқан жұртшылығы шат-шадыман

37 рет
көрсетілді

Сарқан ауданында 1 400-ден астам шаруа қожалық бар. Негізінен халықтың табысы ауыл шаруашылығымен байланысты. Осыдан 10 жыл бұрын өндіріс саласы жоқтың қасы болса, бүгінде ірілі-ұсақты бірнеше зауыт жұмыс істеп тұр. Соңғы кезеңде өнеркәсіп кешендері арқылы 11 млрд-тан аса тауар өндірілген. Аудан көлеміндегі ауылдарға да көп көңіл бөлініп жатыр. Жақында үш әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды.

Әлеуметтік нысандардың ашылғаны әуелі халықты қуанышқа бөлейді. Шекаралас Аманбөктер ауылында 500-ден астам тұрғыны бар жаңа блокты-модульді медициналық пункт пен ауылдық әкімдік үйі пайдалануға берілді. Дәл осындай медициналық пункт 600-ден астам адам тұратын Абай ауылында да ел игілігіне ұсынылды. Шыны керек, Аманбөктер мен Абай ауылдарындағы 60-жылдары салынған бұрынғы екі медициналық пункт те қазіргі санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін еді.

«Сарқандықтар үшін биыл берекелі жыл болды. Міне, ауыл-ауылда жаңа нысандар бой көтеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі артып келеді. Биылғы жаз жаңбырлы, ауа райы қолайлы болды. Бір ғана қызылша емес, барлық егін шаруашылығының өнімі бітік шықты. Соның арқасында диқандардың көңілі тоқ. Аудан шаруаларының әл-ауқатын көтеріп отырған сала – қант қызылшасы. Біз өткен жылы 1 500 гектар тәтті түбір сепкенбіз. Былтырғы жыл ауа райы қолайсыз болып, бұршақтан аман қалған 1 300 гектардан 62 мың тонна қызылша алдық. Ал биыл 3 мың гектарға қызылша септік. Бүгінгі күнге дейін 2 922 гектарды жинап үлгердік, 389 гектары жиналу үстінде. Шаруа қожалықтары Ақсу қант зауытына өткізген өнімдерінің ақысын, субсидиясын да алып, марқайып қалды», дейді аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев.

Мәселен, өткен жылы аз себілді дегеннің өзінде аудан 4 млрд 800 мыңға ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Мұнымен қоса, жаңа технологияны да пайдаланып жатыр. Тамшылатып суару бойынша бір шаруа қожалығы 40 гектарға тәтті түбір отырғызған. Осы технологияның нәтижесінде өнімі де жоғары шығып, гектарына 90 тоннадан айналған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жалпы ауданның 33 мың гектары суармалы жер. Соның 10 мың гектарын тамшылатып суаруға көшірмек ойда.

«Иә, ауданымыз дамып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында өнім мол болды. Оған қоса халықтың көкейінде жүрген біраз мәселе шешімін та­уып жатыр. Бүгінге дейін медициналық көмек 1965 жылы салынған ғимаратта көрсетіліп келді. Бұл біраз қолайсыздық туғызды. Енді қажетті жабдықтары бар, жаңа, заманауи медициналық мекемеде медициналық қызмет көрсетудің сапасы да артады. Ғимарат жылы, жарық, жайлы, мұнда жұмыс істеу де бір ғанибет», дейді денсаулық сақтау саласының ардагері Күлпаш Жантелова.

1974 жылы салынған Аманбөктер ауылдық әкімдігінің үйі апатты жағдайда еді. Жаңа ғимарат барлық талаптарға сай келеді, мамандарға ыңғайлы жұмыс каби­неттері қарастырылған.

Жаңа блокты-модульді медициналық пункт салтанатты түрде ашылған Абай ауылының тұрғындары да риза.

«Тұрғындар ғана емес, біз де қуаныш­­ты­мыз. Өйткені материалдық база ескір­ген болса, оған қоса ғимарат сани­тар­лық нормаларға сәйкес келмесе, сапалы медициналық көмек көрсету де қиын. Енді міне, жаңа медициналық пункт салынды. Мұнда алғашқы, жедел медициналық көмек көрсету, скрининг, вакцинация жүргізу, балалы әйел­дерді тексеру, науқастарды орталық ауру­­ханаға жіберу, патронаж ұйымдас­ты­ру жұмыстарына қажетті барлық жағдай бар», дейді Абай ауылындағы медпункт­­тің аға медбикесі Жамал Доланбаева.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліме­тінше, өткен жылы Сарқан ауда­­ны­ның Ешкіөлмес, К.Қазыбаев, Бірлік ауылдарында 3 блокты-модульді ме­ди­ци­налық пункт іске қосылған, сондай-ақ биыл Черкаск ауылында дәрі­­­гер­­лік амбула­­тория пайдалануға берілді.

 

Жетісу облысы