• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Субсидия 14 Қараша, 2024

Мақсатсыз жұмсалған субсидия

84 рет
көрсетілді

Отандық ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы жемқорлық, бюджет қаражатын ұрлау факторлары – ұлттық экономиканың өсіміне тежеу. Үкімет 2025 жылдан бастап субсидия тәртібі өзгеретіні туралы мәлім еткен. Жаңашылдықтың бірі – ауыл шаруашылығы техникаларына бөлінген несие пайызын субсидиялау талаптарына қатысты.

Кейінгі уақытта ауыл шаруа­шылығы саласын субсидиялау бойынша жемқорлық тәуекелі азаймай тұр. Жақында Павло­дар облысының прокуратурасы агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекетке 500 млн теңге шығын келгенін анықтады. Олардың хабарлауынша, кей жағдайда ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу туралы есеп беру ақпараты бұрмаланады. Іс жүзінде субсидиялау үдерісі өтінімді формалды түрде қабылдап, бюджет қаражатын бөлуден тұрады. Мысалы, екі ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңсыз баю мақсатында жалпы сомасы 132 млн теңгеге техника сатып алуға субсидия алып, кейін басқа мақ­сатқа жұмсаған.

Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Нұржан Әшімбетов­тің пікірінше, агросекторды қаржы­ландыруға қатысты мәселе субсидияға бөлінетін қаражат­тың бақыланбауынан туындап отыр.

«Отандық фермерлерді за­манға сай техника, құрал-жаб­­дықпен қамтамасыз етіп отыр­ған «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграр­лық несиелік корпорациясы» АҚ, «Даму» қоры және өзге де қаржылық ұйымдардың субси­дияны бақылау бойынша тетіктері жасалмаған. Техника­ны несиеге немесе лизингке бе­реді де, мемлекеттен бөлінетін бюд­жет қаражатының нысанаға жетуін қадағаламайды. Осы­ның салдарынан қаншама фер­мер несиені субсидиялау кезіндегі қаражатты өзге мақсатқа жұм­сап келді. Негі­зінен субсидия тех­никаға ғана емес, минералды тыңайтқыш пен гербицид, тұқым мен су сатып алуға да бөлінеді. Биыл агросекторды суб­сидиялауға 450 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – өте көп қаражат. Алдағы жылдары бұл сома одан сайын еселене түсетіні анық», дейді депутат.

Айтуынша, Үкімет ұсы­нып отырған жаңа тәртіп бо­йын­ша, 2025 жылдан бастап субсидия қаражаты шаруа­ның қатысуынсыз тікелей қарыз берушіге түседі. Яғни жергілік­ті әкімдік пен жауапты басқар­ма барлық ресімдеуді өздері жүргізіп, шаруа тек қол қояды. Атқарушы билік субсидия­ның ресімделген сәтінен төленген­ге дейінді үдерісін электронды құжат айналымы арқылы бақы­лап отырады.

Ал өңірлік Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­метіне сүйенсек, биыл егін шаруа­шылығын қолдауға 7,5 млрд теңге бөлінген. Қа­ра­жаттың көп бөлігі тұқым ша­руашылықтарын қолдау мен ми­нералды тыңайтқыштар баға­сын арзандатуға жұмсалған. Дейтұрғанмен аталған қаражат жергілікті фермерлер үшін аз болып шыққан. Басқарма облыс әкімінен шаруалар үшін қосымша 3,9 млрд теңге қаражат бөлуді сұрап отыр.

Шаруалар заманға сай ауыл шаруашылығы техника мен құ­рал-жабдық сатып алуы үшін «Бәйтерек» ұлттық басқару­шы холдингінің қаржылық ұйым­дары 26,4 млрд теңгеге, «Қаз­АгроҚаржы» 16 млрд теңгеге қаржыландырған. Нәтижесінде, облыс фермерлері жаңадан мың­ға жуық техника мен түрлі жаб­дық сатып алған.