• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 14 Қараша, 2024

Өзекті мәселелердің түйіні қалай шешілмек

71 рет
көрсетілді

Облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен агро­өнеркәсіп ке­шені және тамақ өнер­кәсібінің салалық кеңе­сі барысында ауыл ша­руа­шылығы өндіру­шілеріне қатысты бірқатар өзек­ті мәселе көтеріліп, сала­дағы салмақты сауалдар ортаға тасталды.

«Сандықтау» ЖШС директоры Жамұл Мұсханов жалдамалы маусымдық қызметкерлер­дің әлеуметтік аударымдарына қатысты мәселеге назар аударды. Шынтуайтында, бұл жал­ғыз осы серіктестікке емес, көп­теген ауыл тұрғынына қаты­сы бар жайт. Бүгінде жұмыс беру­шілер міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыруға қыз­мет­кер еңбекақысының 3 пайызын, жалдамалы қызметкерлер үшін 2 пайызын төлейді. Алайда ауыл тұрғындары – негізінен ауыл ша­руашылығымен айналысатын мау­сымдық жұмысшылар. Оларда жыл бойғы тұрақты табыс жоқ.

– Дала жұмысы көк­тем­гі және күзгі маусымда жүр­гізі­летіндіктен, жұмысшылар қысқы маусымда жұмыссыз қа­лады. Міне, осы кезеңде олар үшін әлеуметтік ауда­рым жүр­­­гізілмейді. Сал­дарынан меди­­циналық ұйымдар қызмет көрсетуден бас тартып жатады, – деп шағымданады ­аграршы.

Өңірлік палата директоры Ер­қанат Мұсылманбек: «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауыл тұрғындарының әлеуметтік есептеулерін саралауға қатысты заңнамаға өз­герістер енгізу туралы ұсыныс жібереміз», деді. «Хамзе» шаруа қожалығының басшысы Ержан Биекенов элеватор мәселесін алға тартты.

– Ерейментау ауданының Еркін­шілік ауылында элеватор жұ­мыс істемейді, сол себепті астық қа­былдау жүргізілмейді. Эле­ватор­дың жағдайы мүшкіл, кәсіпорын иелерінен кері байланыс жоқ. Элеватор жұмысын жандандыруға қатысты жергі­лікті кәсіпкерлер ниет білдіріп те отыр, алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіністік пен қолдау байқалмайды, – деді фермер.

Элеваторлар тарапынан жо­сықсыз қызмет көрсету мәселесін «Кенесары бидай» ЖШС директоры Қуанышбек Ибраев жалғастырды. Айтуынша, Бура­бай ауданының аграршылары элеваторда астықты сақтауға тапсы­ру кезінде қиындықтарға тап бол­ған. Себебі астықтың сапалық көр­сеткіштерін төмендету фак­тілері бар. Жергілікті жерлерде мем­лекеттік стандарттар қолда­ныл­майды, сондықтан астық сапасы жасанды түрде төмендейді.

Фермерлерді толғандыратын негізгі мәселе – астықты сату. Облыста 6,6 млн тоннадан астам рекордтық астық жиналғанына қарамастан, көптеген аграршы өнімін сата алмай отыр.

– Диқандар мән-жайды түсі­неді. Азық-түлік корпорациясына өнім беруге дайын. Алайда қол­даныстағы тетіктер астықты тіке­лей сатып алуды көздемейді. Соны­мен қатар шаруалардың несие міндеттемелері бар, – деді Өңірлік кеңес төрағасы Қуаныш Рақышев.

Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан барлық айтылған түйткілді мәселені жергілікті уәкі­летті органдар назарға алатынын айтты. «Біздің тарапымыздан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бірақ ауыл шаруашылығы өнді­ру­шілері Азық-түлік корпорация­сы алдындағы қол­да бар міндет­темелерді мерзі­мінде орындауға тиіс», деді М.Балпан.

 

Көкшетау