• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тағзым 14 Қараша, 2024

Әлем таныған Әбе

117 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының Арал ауданында халқы бастан өткерген тұтас бір ғасырды суреттеп, кейіпкерлері әлем әдебиетіне еркін енген қаламгер, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы аталып өтті. Жазушы атындағы әдебиет үйінің алдында басталған іс-шара шымылдығы балықшы қауымның өмірін бейнелеген қойылыммен ашылды.

«Әлем таныған Әбе» атты салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов туған жерінің талайлы тағдырын суреттеген қаламгер рухын ұлықтауға жиналған жұртқа алғысын айтты.

«Ұлт перзентіне лайықты құр­мет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемел­діктің белгісі. Бұл мерейтой аясындағы іс-шаралар 20 қазанда басталғанын біле­сіздер. Барлық орта мектептер­ мен арнаулы оқу орындарында апта­лық­тар, кітапханалар мен музейлерде көрмелер, шығармашылық кештер, бұқаралық ақпарат құралдарында та­қырыптық айдарлар ашылып, наси­хаттық жұмыстар кеңінен жүргізілді.

Сол күні аңыз тұлғаның ақырет сапары алдында өзі қалаған орынға, яғни көк теңіздің ең биік нүктесі саналатын Беларан төбенің басында арнайы ас беріліп, рухына Құран бағышталды. Халық жазушысының құрметіне арналған іс-шаралар желтоқсан айында жалғасын табады», деді ол.

Суреткерлік қасиетін қадау-қадау кейіпкерлерді қашауға арнап, сол ар­қылы тұтас бір дәуір бейнесін тудыр­ған қаламгердің өмірі мен шығарма­шылығы жайындағы көп дерек өз атындағы Әдебиет үйінде тұр. Іс-шара қонақтары ондағы түрлі тарихи суреттер мен қолжазбаларды, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан жәдігерлер жиынтығын, классиктің қайта өңдеген кітабын көрді.

Осы күні аралдықтар жазушының 100 жылдығына байланысты қазақ кү­ресінен өткен республикалық турнир жанкүйері болды. Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстарынан келген балуандар белдесуі №19 Арал ОРМБЖМ-нің спорт залында ұйымдастырылып, оған «Аралтұз» АҚ демеушілік жасады.

Әлемге Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің қуатын тағы бір танытқан Әбе мерейтойына орай жазушы-журналистер арасында «Теңіз текті тұлға» атты шығармашылық байқау өт­кен. Аудандық орталық кітап­хана­ның оқу залында жұртшылық осы бай­қау жеңімпаздарымен кездес­ті. Жазу­шы шығармашылығына арнал­ған көрмемен басталған кездесу қонақ­тар мен оқырман арасындағы сұхбат­қа жал­ғасып, кешті мәдениет орта­лы­ғы­ның өнерпаздары әуезді әнмен әрледі.

«Әлем таныған Әбе» атты мерейтой аясында аудандық оқушылар үйінде өткен «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы қылқалам мен сөз суреткерінің шығармашылығын жымдастыра отырып, оқырманға мол олжа ұсынған кеш болды.

Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы қылқалам шебер­лері жазушы туған топыраққа саяхат жасап, Әбең шығармаларынан таныс жерлерді өз танымында бейнелеп, аралдықтарға тарту етті. Көргенін көр­кем туындыға айналдырған суретшілер көрмесінде белгілі суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкіров сөз сөйледі.

...Сиясы әлі кеппеген кез келген сурет көзге ыстық көрінеді. Теңіз қолты­ғын мекендеген мына бір қоржын тамды кеше ғана көрген сияқтысыз. Алдындағы жалғызаяқ жол мен бір қапталын құм баса бастаған қорасы да сондай таныс. Келесі бір портреттен теңіз жағалаған елдің тіршілігін көресіз. Аралдың айдыны кемерін кеміріп тұрған кезі бейнеленген бұл сурет те жаныңызға сондай жақын. Туындылардың қойылған реті де те­ңіздің шалқыған кезінен бастап, ша­ғаласы ауып, айдыны тартылған кезеңі аралығын қамтитындай.

Кері шегінген теңізді көзбен ұза­тып салып тұрған кемпір мен шал портреті «Беларан» деп аталыпты. Жан-жағындағы қарбаластан сырттап, сонау қиырдан көрінген шағалаға көз тіккен қос қария айдынның қайта толарынан үміт күткендей. Иә, бұл кәдімгі Беларан. Әбеңнің кіндік қаны тамған жер. Көзі тірісінде төбеден көк теңізді күтіп жатам деген ниетпен арнайы белгі қойдырған Белараны. Кейіннен жазушы өмірінің ақырғы күндерін­дегі аманатына орай Алматыдағы мәңгілік мекен тапқан «Кеңсай-2» зиратынан Беларан төбедегі белгіге бір уыс топырақ жеткізілген.

Айдынды өлкенің киелі орындарын аралап, тағдырлы мекеннің та­рихы­­мен танысқандағы әсерін бейне­ле­­ген Қазақстан Суретшілер одағы­ның төрағасы Өмірбек Жұбания­зов, қылқалам шеберлері Өмірәлі Исмаи­лов, Оразбек Есенбаев, Жандарбек Сүгіров, Қайыр Оразғалиев, Берік Бө­кешов, Өзбекстан Суретшілер ода­ғының мүшесі Нортойлок Диеров, Қыр­ғызстанның белгілі суретшісі Чын­гыз Ормонбековтер суреттерінің көрмесі елді ерекше тәнті етті. Осы сапарда суретшілер аудандық оқушылар үйіндегі үйірме балаларына шеберлік сағатын да өткізіпті.

Кездесуде сөз алған Арал ауданы­ның әкімі, руханият жанашыры Аман­жол Оңғарбаев осыдан он жыл бұрын Әбеңнің 90 жылдығына орай кітап шы­ғарған сәтін еске алды. Тоқсан жасын тойлауға үзілді-кесілді қарсы бол­ған клас­сиктің келісімімен шыққан сол кітап-альбомда жазушы өміріне қатыс­ты тың деректер бар.

«Әбең – бір ғана аудан мен облыстың немесе мемлекеттің ауқы­мына сыймайтын тұлға. Әлемдік деңгейге әлдеқа­шан көтеріліп кеткен жазушының жерлесі екендігімізді мақтаныш тұ­тамыз. Шығармаларында көпке таныс кейіпкерлерімен қатар телегей теңіз­дің тірі суретін салған Әбең – қайталан­­бас суреткер. Классик шығармалары­нан қылқаламға үндестік іздеп, осы кездесуді «Қалам ұшындағы ғалам» деп атағанды жөн көрдік. Сегіз сурет­шінің бір-біріне ұқсамайтын еңбегі аудан руханиятының баға жетпес байлығы болып қалады. Мерейтой аясындағы осы бір шара кейінгі талапты жастарға бағыт-бағдар береді деген ойдамыз. Шақыртуымызды қабыл алып, симпозиумға қатысқан жерлестерімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген суретшілерге алғыс айтамыз», деді аудан басшысы. 

Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, өзбек­стандық суретші Нортойлок Дие­ров, Қырғызстандағы танымал қыл­қа­лам­шы Чынгыз Ормонбековтер бауырлас елдің басын қосқан симпозиум мен Арал тағдыры туралы ой қозғады.

«Суретшілік – өгей қалған өнер­­дің бірі еді. Ел бойынша Арал ха­лықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі. Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым керек. Суреткер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына суретшілерді шақырып, көрегенділік танытқан жергілікті азаматтарға айрықша алғысымызды айтамыз», деді Өмірбек Жұбаниязов.

 

Қызылорда облысы,

Арал ауданы