• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Сенат Бүгін, 09:02

Қазақстан – Қатар әскери ынтымақтастығы туралы заң мақұлданды

30 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заң қаралды. Сенаторлар заңды мақұлдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Келісім бес жыл мерзімге жасалды

«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау, әскери медицина, әскери ғылым, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға, жауынгерлік даярлыққа және өзге де салаларға байланысты мәселелерге кон­суль­тациялар саласындағы ынты­мақтастықты дамытуға және ны­ғайтуға бағытталған.

Сонымен қатар келісім әскери ынтымақтастық саласы мен нысандарын айқындауды, тараптар­дың әскери ынтымақтастығын үйлес­тіру жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін белгілеуді, әскери мүлік транзиті, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану, тілдік даярлықты жүргізу мәселелерін реттеуді көздейді. Аталған заң аясында уәкілетті органдар тараптардың қызметін айқындауға, ұйымдастыруға және үйлестіруге уәкілеттік берілген өкілдерден тұратын бірлескен жұмыс тобын құратынын да атап өткен жөн.

– Келісім аясында Қатар мем­лекетімен әскери саладағы ынты­мақ­тастықты арттыруға арнал­ған бірлескен шаралар қарас­ты­рылды. Бұл шаралар екі елдің қауіпсіздігін күшейту­ге арналып отыр. Мақұлдан­ған заң ал­дағы уақытта мемлекет­тері­міз ара­сындағы серіктестік­ті нығай­туға және аумақтарымыз­дың тұрақ­ты­лығы пен қауіпсізді­гін қам­тамасыз етуге өз септігін тигізе­ді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, келісім бес жыл мерзімге жасалды және келесі бесжылдыққа автоматты түрде ұзартылады. Егер тараптардың бірі ұзарту шарттарымен келіс­песе, онда ол ағымдағы мерзім аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші тарапты хабардар етуі қажет.

 

Әлсіз өнеркәсіп – экономикамызға тұсау

Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында өнеркәсіп өндірісін дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін көтерді. Ол өңдеуші сектордың дамуына кедергі келтіретін мәселелері атап өтті. Бұл ретте шағын және орта бизнестің үлесі де жеткіліксіз екені айтылды. Осыған байланысты депутат мәселені шешуге ықпал ететін бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында өнеркәсіптік дамудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзір­леу, кадрлардың біліктілігін арттыру және нарықты әділет­сіз бәсекелестіктен қорғау жө­нін­дегі бастамалар бар.

– Еліміздің алдында тұр­ған қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында өнер­кәсіптік өндірісті дамыту мен отандық тауар өндірушілерді қолдау ерекше маңызға ие. Әлемдегі ең ірі экономикалар­дың даму тарихы олардың экономикалық күш-қуаты­ның негізі болатын өнеркәсіп салалары екенін көрсетеді. Белсенді қолдау мен мақсатты өнеркәсіптік саясатсыз тұрақты экономика құру мүмкін емес, – деді Қ.Тастекеев.

Сондай-ақ сенатор өнеркәсіп саласындағы бірқатар мәселені алға тартып, шағын және орта бизнес үлесінің жеткіліксіздігі туралы да айтты. Статистикаға сәйкес, олардың экономикадағы үлесі 36,4 пайызды құрайды, алайда жылдық айналымды ескермегенде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Отандық тауар өндірушілерді сатып алу­да қолдау көрсету де күшей­туді қажет етеді, себебі алты жыл ішінде ішкі сатып алудың құны небәрі 1,2 пайызға өскен. Депу­таттың мәліметінше, «Даму» қоры­ның субсидияланған жоба­лары­ның 37 пайыздан астамы сау­­даға тиесілі. Бұл оның эконо­м­икадағы үстемдігін күшейтеді.

– Өнеркәсіптік дамудың ұзақ мер­зімді бағдарламасын әзір­леу­ді, инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін қар­жы­ландырудың жеңілдетіл­ген жағдайларын жасауды, ішкі нарықты жосықсыз бәсе­келестіктен қорғау жөнінде шаралар қабылдауды, өнеркәсіптік өндіріс саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін гранттар мен субсидиялардың тиімді жүйесін енгізуді, қайта даярлау мен біліктілікті артты­ру бағдарламаларын ұйымдас­тырып, өнеркәсіп саласында кәсіби кадрларды дамыту үшін жағдайлар жасауды ұсынамын. Ұсынылған шаралар ұлттық экономикаға оң әсерін тигізеді. Отандық өндірісті қолдауға уақтылы шаралар қабылданады деп сенеміз, – деп ұсыныс жасады депутат.