БҰҰ зерттеуінде тәуелсіздік алғаннан бері еліміздегі кедейлік көрсеткіші айтарлықтай төмендегені көрсетілді. Алайда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткішімен есептегенде, Қазақстанда еңбек табысының үлесі төмен.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кедейлік айтарлықтай төмендеген. Ресми статистикаға сәйкес, халықтың күнкөріс деңгейінен төменгі табысы 1996 жылы 34,6 пайыздан 2019 жылы 4,3 пайызға дейін төмендеген. Алайда Covid-19 пандемиясы біршама азайған кедейлік деңгейін қайта өршітті. БҰҰ келтірген дерек бойынша 2023 жылдың екінші тоқсанында елдегі кедейлік деңгейі 5,1 пайызды құрады, оның ішінде ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш қалалармен (3,9 пайыз) салыстырғанда (7,2 пайыз) жоғары болды. Аймақтық жерлерде айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, Түркістан облысындағы кедейлік деңгейі (9,7 пайыз) елордадағыдан (2,5 пайыз) төрт есе жоғары болған. Кедейлік көрсеткіші жеті облыс бойынша орташа республикалық деңгейден асып түсті: Түркістан (9,7%), Жетісу (7,7%), Абай (7,6%), Маңғыстау (6,6%), Жамбыл (5,8%), Ақмола (5,5%), Қызылорда (5,4%), және Шымкент қаласы (6,4%). Дүниежүзілік банк мәліметіне сәйкес, пандемия кезінде орташа табысы жоғары кедейлік деңгейі халықтың жалпы санының 25,6 пайызын құрады, бұл 2023 жылы 14,7 пайызға дейін төмендеген. Соған қарамастан, елдегі кедейлік деңгейі геосаяси жағдайдың нашарлауына, Қазақстанға қарсы қайталама санкциялар салу қаупіне, инфляцияның жеделдеуіне және жаһандық өсудің жалпы баяулауына байланысты одан әрі артуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
Халықаралық ұйымның дерегінше, елде ІЖӨ-дегі еңбек табысының үлесі төмен. 2020 жылы Беларусь (49,7%), Еуропалық Одақ (47,9%), Ресей Федерациясымен (46,7%) салыстырғанда 31,2 пайызды құраған. Бұл жалақының теңсіздігімен, жасырын жұмыссыздықпен және соның салдарынан туындайтын кедейлер санының өсуімен байланысты. Елде орташа жалақының айтарлықтай аймақтық және салалық айырмашылығы бар. Мысалы, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында ең жоғары орташа жалақы Атырау облысында 595 728 теңгені, ал ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан облысында 257 354 теңгені, жалпы орташа республикалық жалақы 352 237 теңгені құраған. Оның ішінде ең төмені – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы (202 567 теңге), ал ең жоғары жалақы алатын жұмысшылар тау-кен өнеркәсібі (738 695 теңге) мен қаржы секторында (652 262 теңге) жұмыс істейді. Сонымен қатар 2022 жылы ерлер орта есеппен 355 300 теңге, әйелдер 265 800 теңге жалақы алған. 2022 жылы гендерлік жалақы алшақтығы 33,7 пайыз деңгейінде болған. Орташа айлық көрсеткішпен салыстырғанда, ерлердің еңбекақысы 14,7 пайызға, әйелдердің еңбекақысы орташа республикалық деңгейден 14,2 пайызға төмен болды.
Осы көрсеткіштерге сүйене отырып БҰҰ елдегі табыс теңсіздігінің сәл-пәл төмендеуі байқалатынын айтады. Қазақстан бойынша Джини индексіне (The Gini Index) сәйкес 2022 жылы 0,285 құрады, бұл 2021 жылдағы 0,294-тен төмендегенін білдіреді. Сондай-ақ бұл 2007 жылдан бергі ең жоғары деңгей екен. Аймақтық тұрғыдан алғанда, теңсіздіктің ең жоғары деңгейі – Шығыс Қазақстан (0,323), Қарағанды (0,315) облыстары мен Алматы қаласында (0,315). Ал ең төменгі деңгейлер – Түркістан облысында (0,209), Шымкент қаласында (0,194) және Маңғыстау облысында (0,178).
Жалпы, Дүниежүзілік теңсіздік дерекқорындағы сандарға сүйенсек, Қазақстанда табыс табушылардың 1 пайызы ел байлығының 29,2 пайызына иелік етеді, ал табыскерлердің 50 пайызы ел байлығының 4,6 пайызын ғана иемденген.
Ал ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, 2016–2020 жылдар аралығында Қазақстанда балалар мен отбасыларға берілетін жәрдемақылар 100 пайыздан 57,4 пайызға дейін айтарлықтай төмендеген. Сонымен қатар Дүниежүзілік банк жүргізген мемлекеттік қаржыға шолу есебінде әлеуметтік қорғау шығындарын жетілдіруді қажет ететінін көрсетеді. Онда халықтың ең осал топтарына тікелей назар аударудың орнына әлеуметтік көмек жүйесін алып тастау және қосу қателік болып саналатыны. Аталған санаттарды қолдауға көбірек көңіл бөлу қажеттігі айтылады. Осы Дүниежүзілік банктің талдауына сүйене отырып, БҰҰ тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың шамамен 50 және 35 пайызы, сондай-ақ балалар мен отбасыларға берілетін жәрдемақылар сәйкесінше кедей емес деп анықталатынын айтады. Осыған байланысты 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодексте 2025 жылдан бастап ұлттық кедейлік шегі атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қолданылатын өлшем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыздан орташа табыстың 50 пайызына ауысуы көзделген. Бұл өзгеріс мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар адамдардың санын біршама арттырады.