Жетісуда Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құрылысы келер жылғы туристік мерзімге дейін аяқталады. Сарыөзектен Қорғасқа дейінгі жолда ауқымды жөндеу жүргізіліп жатыр. Биыл аудандық және қалалық ішкі жолдарды жөндеуге 14 млрд теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 43,3 шақырым жол жөнделмек.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі 27 шақырым автокөлік жолының қайта жаңғырту жұмысы аяқталып, қолданысқа берілген. Молалы – Лепсі – Ақтоғай учаскесіндегі 105 шақырымда құрылыс жүріп жатыр.
«Қазір құрылысқа 90-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Асфальт жамылғысын салу, жер төсемі, асфальт дайындау, ұнтақтау, материалдарды өңдеу, тасымалдау жұмыстарында 130-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жоба іске асырылғанға дейін осы жолмен қатынайтын жол көліктерінің ағыны тәулігіне 3 мың автокөлік болса, қайта жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жоғарылап отыр», дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Құрылыс құнының қымбаттауына байланысты облыстық бюджеттен қосымша 15,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Балқаш көліне дейінгі жол құрылысы жобасының жалпы құны – 30,4 млрд теңге.
Облыс аумағында республикалық маңызы бар ірі жобалар да іске асып жатыр. Үшарал – Достық жолы және Талдықорған – Үшарал автожолын жөндеу 95%-ға орындалды. Нысан 2024 жылдың соңында аяқталады. Сондай-ақ Сарыөзек-Көктал, Жаркент-Қорғас автожолдары жөнделіп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, өткен жылы Сарыөзек – Көктал және Көктал – Жаркент автожолының жалпы ұзындығы 81 шақырымдық учаскелеріне күрделі және орташа жөндеу жүргізілген.
«Жетісу облысында жол құрылысының ауқымы артып келеді. Бұл инфрақұрылымдық жұмыстар өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамытады. Жуық арада Сарыөзек пен Көктал, сондай-ақ Айдарлы мен Көктал елді мекендері арасындағы жолдың бірнеше учаскесінде күрделі және орташа жөндеуді жалғастыру жоспарланып отыр», дейді Ж.Қалтаев.
Аймақта 54 елді мекеннің ішкі жолы жөнделіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын 5 көшеде қызу әрекет байқалады.
Жалпы, Жетісу облысында биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту үшін 38,0 млрд теңге бөлінген, соның ішінде облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге – 24,0 млрд теңге, аудандық және қалалық ішкі жолдарды жөндеуге 14,0 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 335,7 шақырымына қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жетісу облысы