• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 09:45

Жүргізуші жауапкершілігі

29 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлесін қосып жүрген еңбекқор жандарды ұлықтау, өнегелі ісін үлгі ету қашанда маңызды екенін айтады. Жарқын болашақ жолында білек сыбана тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүрген жандар мақтауға да, мақтануға да лайық.

Президент Әділетті Қазақ­стан­ды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынын айта келіп: «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білім­паз­дық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек. Халқымыз «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті», деген еді Еңбек күнімен құт­тықтауында.

Ақ адал еңбегімен отбасының ұйытқысы болып, елдің ілгері­леуі­не өзіндік үлесін қосып жүрген жан­дардың бірі – Тұрдалы Тілеулесов. Ол 1970 жылы Таш­кент облысы Бостандық ауданы Абай ауылында туған. 1988–1990 жылдары әскери борышын өтеп келген соң, автослесарь болып еңбекке араласады. 1991 жылы кеңес одағы ыдырағанда ауылдан «екі қолға – бір күрек» табу мақсатымен Шыршық қаласына көшеді. Міне, содан бері қоғамдық көлікті тізгіндеп келеді. Әуеліде ауылда күзгі жиын-терім кезінде астық, шөп, қыста елдің қажетіне отын-суын тасып еңбек етті.

Атамекенге қоныс аударғанда алдымен табан тіреген жері Қарағанды қаласы еді. Кеншілер қаласында №3 автобус паркіне жүргізуші болып қабылданды. Көп ұзамай Астана қаласына қоныс аударды. 30 жылдан астам уақыт қоғамдық көлік жүр­­гізу­шісі болып жемісті еңбек етіп келе жатқан атпал азаматтан: «Ере­жені өрескел бұзған, жол-көлік оқиғасына ұшыраған кезіңіз болды ма?» деп сұраған едік, «Бағдаршамның қызыл жарығына тоқтаған сәтте бір-екі рет жолақты басып кеткенім болмаса, жол-көлік оқиғасы тіркелген емес», деп жауап берді.

Тұрдалы елордада 20 жыл табан аудармай №4 автобус паркіне тиесілі қоғамдық көліктерді жүргізді. Биыл мамыр айынан бастап №1 мемлекеттік автобус паркіне ауысып, жұмысын жалғастырып келеді.

Үш ұл тәрбиелеп өсірген өнегелі әкенің жолын тұңғышы жалғап, өзімен бірге қоғамдық көлік жүргізушісі болып істейді. Үлкен ұлы Үсен жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, өз маман­дығы бойынша жұмысқа орналасып, төрт жыл еңбек етіпті. Отбасын құрғаннан кейін, жалақысы аз болған соң, қо­ғамдық көлік жүргізушілігіне ауысыпты. Қазір әкесімен бірге бір мекемеде жүргізуші.

Күнделікті таңғы 04:30-да оянып, көлік тізгінін таңғы 05:30-да ұстайтын Тұрдалы үйіне түнгі 23:30-дан аса келе­тінін айтады. Жалақы мөл­шері қомақты болғанына сай, жұмыс та жеңіл емес. Ең әуелі таңмен таласа жұмысына асық­қан азаматтардың, оқуына үл­ге­руге ұмтылған студенттер мен оқушылардың, өзге де жолау­шы­лар­дың бас амандығы, қауіпсіздігі қымбат. Жұмыс тәртібі қатаң сақталады: екі күн көлік тізгіндеп, екі күн тынығады. Демалыс алған күндері ой сергітіп, ұйқысын қандырып тыңайып алады.

Көпшіліктің демалыс күндері ас пен тойсыз болмайтыны белгілі. Бұл жөнінде Тұрдалы: «Әрине, ағайын-туыс, дос-жаран жақсылығына шақырса, қалмауға, баруға тырысамын. Бірақ аса тойшыл емеспін. Тойға не болмаса басқа қалаға сапарға шығар болсам, ертеңіне атқаратын жұмысымды өзге жүр­гізушіге аманаттап, кезегімді алмастырамын. Себебі ұйқыны қандырмай, санаңды сергітпей көлік жүргізу – өзіңе, өзгенің өміріне де қауіпті, қалғып кетуің мүмкін, басқа жағдай орын алуы ықтимал», дейді.

Қоғам өміріндегі әлеуметтік қысымға сай жүргізушінің жолаушыны ғайбаттауы, тіпті жұдырық ала жүгіруі немесе керісінше, жолаушының көлік басқарушыға тап беріп, жағасынан алуы секілді оқиға да орын алып жататыны жасырын емес. «Мұның барлығы адамдардың ішкі мәдениетіне байланысты. Бізге де дауыс көтеріп, тіпті балағаттап кететін жолаушылар болады. Өзің жылы сөйлесең, сұрағына байыпты жауап қатсаң, көпшілік те жылы қабақ танытады. Ал тоңтеріс мінез көрсетсең, олардың да шамына тиесің», дейді кейіпкеріміз.

Тәжірибелі жүргізуші жаз мезгіліндегі аңқа кептірер аптапта жүрегі қысып, жайсыз сезінген жолаушыға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған оқиға жөнінде де баян етті.

Тұрдалы Тілеулесов табан ақы, маңдай терімен тапқан қар­жысын жинап, балаларының жоғары бі­лім алуына мүмкіндік жасады. Екі ұлын аяқтандырып, неме­ре­лерінің қызығына кене­ліп отырған азамат демалыс күн­де­рі соларды қыдыртып, бірге сейілдеп алатынын айтады. «Қа­зірде елімізде жұмысшы маман­дық­тарына, қара жұмыс істейтін қажыр-қайрат иелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Жұмыс істеймін деп та­лаптанған жан ешуақытта елеу­сіз қалмайды», дейді білікті маман. 

Соңғы жаңалықтар