• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 15 Қараша, 2024

Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек - Президент

87 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді.

«Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр», деді Президент.

Сонымен қатар Президент әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Осы мақсатта «Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты.

«Агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды.Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.