Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумда агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет екенін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Президент былтырғы Жолдауында үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойған еді.
«Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделгенін атап өтті.Сондай-ақ, 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланған.
«Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды», деді ел Президенті.