• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қараша, 2024

Онды үлгілі ауыл атануға лайық

95 рет
көрсетілді

Маңғыстау ауданының тұрғын­дарымен Шетпе ауылының Мәдениет үйін­де өткен жиында ау­дан­ның дамуы мен өзек­ті мәселелері жан-жақ­ты сөз болды. Аудан әкімі Ға­лымжан Ниязов 2024 жыл­дың 9 айы­ның қоры­тындысында аудан­­ның әлеуметтік-эконо­микалық даму көр­сеткіш­теріне шо­лу жасап, атқа­рылған жұ­мыс­ туралы есеп берді.

Әкімнің айтуынша, Маңғыстау ауда­ны­ның орталығында тұтас бір шағын аудан бой кө­теріп келеді. Аталған ауданда 800 жер орынға ин­фра­құрылым толық жүргізілді. Жаңа ауданда биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық мектеп пен дәрігерлік амбулатория ғимараты салы­нып жатыр. Одан бөлек, мұн­да салуға жоспарланған 600 орындық мәдениет үйі, спорт кешені, полиция, прокуратура, сот, мұрағат, қор­ғаныс істе­рі, оқушылар сарайы, әкім­дік ғимараттары құры­­лыста­рының жобалық-сме­талық құжат­та­малары дайындалу үс­тінде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда жаңа білім нысан­дарының құрылысы қарқынды жүр­гізіліп жатыр. Биыл Бекі ауылында алғаш рет 100 орындық мектеп ашылды.

Мәдениет, спорт саласында да бірқатар оң өзгеріс болды. Ауыл өнерпаздарын гас­трольдік сапарларға тасы­мал­дауға қо­лайлы, сыйым­ды­лығы 13 адамдық жаңа авто­көлік пай­далануға бе­рілді. Сондай-ақ ауданның 12 ауылында ашық спорт, балалар­дың ойын, воркаут алаңдарын салу жұмыстары жүріп жатыр.

Маңғыстау ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық саласы – ауыл шаруашылығы. Қазір ауданда 578 шаруа қожалығы мен 531 мал ша­руашылығы тіркелген. Аталған аудан облыс көлеміндегі түйе басының 40%-ын қамтиды, бұл жылына шамамен 20 мың тонна түйе сүтін өндіруге мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында түйе сүтін өндіруді ұлғайту мақсатында 10 жоба ұсынылған. Сонымен қатар ауданда 3 инвестициялық жоба қолға алынған. Жоба құны 864 млн теңгені құрайтын «Карат» ЖШС бастамасымен ауызсу шығару цехының құрылысы жүргізіліп жатыр. Цех құрылысы аяқталғаннан кейін 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Ал 2025 жылы «Caspiy Milk» ЖШС мен «Mangystau Milk» ЖШС түйе сүтінен ұнтақ­талған сүт өнімін өндіру орындарын іске қоспақ.

Кездесуде облыс әкімі Нұр­дәулет Қилы­бай аталған ауданға қарасты Онды ауылын республика деңгейінде ең үлгілі ауылға айналдыруды ұсынды.

«Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев туған Онды ауылында кейінгі жылдары бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Ауылда арақ-шарап сатылмайды. Мұнда бір мың түп жеміс ағашы егілген бақ бар. Сондықтан Ондыны Ақмола облысындағы Родина ауылы сияқты үлгілі ауыл қатарына қосуды көздеп отырмыз. Бүгінде ауылды көркейту мақсатында арнайы жоспар жасалып жатыр», деді Нұрдәулет Қилыбай.

Кездесу барысында жергілікті тұрғындар мектеп тапшылығы, атшабар алаңының салынуы, қо­ғамдық көлік қажеттілігі, карьерлер мен Қосбұлақ ауы­лының мәселелері туралы сұ­рақтар қойды. Сондай-ақ мал шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, спорт салаларын дамыту жөнінде де ұсыныстар айтылды. Бес сағатқа созылған кездесуде айтылған өтініштер мен қойылған сұрақ­тарға жауап берген облыс әкімі жауапты сала басшыларына түйткілді мәсе­лелерді нақтылы шешуді тапсырды.

Кездесуден кейін облыс әкімі жеке мәселелерімен тіркелген аудан азаматтарын қабылдады.

Маңғыстау ауданы – жарқын, жүйелі жұмыстарды жақсы жолға қойған, мәсе­лелерді тия­нақты шешіп, тың­­­­ғылықты іс атқарып келе жат­қан, озық ісімен үлгі аудан. Аудан­да ат­қа­рылған нәтижелі істер мен жос­парланған шаруалар аз емес, олардың бірқатары жоға­рыда айтылды. Бұл – бар қажыр-қайратын, білім-бі­лігін ел игі­лігіне арнаған жанашыр жан­дардың табанды жұ­мы­сының жемісі.

 

Маңғыстау облысы