• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Сатира 15 Қараша, 2024

Айтылар «әттең...»

215 рет
көрсетілді

Бір күні, өзімнен өзім, қырма сақал қырықтан асқанымда әйелімнің бір кержиген тұсында:

– Әттең, қатынымсың, әйтпесе сенің «көр-жеріңді» айтып жар сала әшкерелер едім! – деп алып, өзімше өкіреңдей оның кемшіліктерін тере сөздің небір «шұрайлыларын» бірінен соң бірін тоғытыппын. Әлқиссамды, неке қиылып, келін болып түскеннен көп өтпей-ақ өнерін «өрге» оздырғанын шиырлап өттім... Екі баладан соң бұрынғы әйелімнің «бұйылығы» жайына қалып, менен тартып, кім-кімге де «ә, десе, мә» дейтінді шығарғанын қыжылтып өттім... Енесімен сиыс­пай, ақыры бөлек шығып дегеніне жеткенін бетіне бастым... Ара-арасында, «әттең, қатынымсың, әйтпесе айтар едім!» деп алып, не керек, оның осы сияқты он тарау бүткіл оспадарлығын айтыппын. ең соңында қатын жөніндегі кері кеткен мақал-мәтелді көсілтіп: – «Жаман жардан – құр құ­шақтасаң да жастық артық», «Ердің атын қатын, я бәйгеден келген аты шығарады», «Өз зайыбыңа дұшпан көзбен қара», «Сұлу әйелдің күйеуі өмір бойы қарауыл болып өтеді», «Әйелдің дауысы қатты шыққан үйдің босағасынан жақсылық күтпе», «Ертерек өлгің келсе, ақымақ әйелге үйлен», «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы», «Еркек да­уыс­ты әйелдің ісі болмас», «Әйел боянса – бұ­зылады, көп қиқаңдаса – ұры­нады», «Асыл әйел — әрі еркек, әрі қатын», «Бетпақ әйел байының байы», «Әйел әпкіш, бір басында су тұрса, бір басында шу тұрады», «Атың жаман болса, сатып құтыласың, итің жаман болса, атып құтыласың, қатының жаман болса, қайтіп құтыласың», «Қазымыр қатынның байы ерте қартаяды», деп барып керги тоқтаппын.

...Қатын да қарап қалсын ба, іздегенге сұраған, көзін кержите маған тесіле қараған қалпы:

 – Әттең, байымсың, әйтпесе сенің де «көр-жеріңді» айтып жар сала масқаралар едім-ау! – деп алып... «Үйленгенге дейінгі уәдеңнің әдірем қалғанын білесің бе? Саған қор болған қайран ғана жастық шағым-ай! Не қызметті мандытпадың, не елден қалмай елгезектік танытпадың, ана өзі­мізден көш ілгері кеткен дос-жарандарға қарап, қайдан ғана мына бөзөкпеге тап келіп едім деп нали ішім удай ашиды... е, әттең, байымсың, әйтпесе сенің де «көр-жеріңді» қозғап, ағыл-тегіл ағытылар едім!» деп кемшіліктерімді көзіме оттай басып, шерін тарқатып алды. Одан әрі еркек жөніндегі кері кеткен мақал-мәтелді көсілтіп: – «Жаман байдан жайдақтығым артық», «Бүркіт қартайса тыш­қаншыл болады», «Қатын да­уыс­ты ер­кектің күші болмас», «Еркек жол­дас, әйелден әзірейіл де қорқады, сен адамсың ғой, шыда!», «Әйел құқы әкеңнен үлкен», «Күйеу деген күл астында», «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті», «Сүйкімсіздің бөрік кигені де сүйкімсіз», «Әйелдер бүткіл жұмысты ат­қарады, қалғандары еркектерден артылмайды», «Халқыңа құл болмасаң би болмайсың, қатыныңа құл болмасаң үй бол­майсың», «Әңгіме — әйелден, бүлік  байдан шығады», «Әйел – әмиян, еркек – ақша», деп барып, байқамай тілін көрші бөлмеде отырған балаға тигізді. бала да шақар, әйда келіп бізге қарата:

 – Әттең, әке-шешемсіздер... – деп алып... Е, біздің де қай оңған қылығымыз болушы еді... Ұл соны айтып көсілген болып, бізге қатысты мақал-мәтелдің сорақысын сорғалатып барып ежірейгенде, бағанадан кем­пір екеуміздің өзімізше болып өзеурей қалған басымыз иіліп, ойнақшыған жанарымыз жер шұқи мүләйімси бү­рісіп отырып, әріге көз жүгірт­сем... Әрірек те өзімен өзі отыр­ған есі кірген немерем әкесінің әкіреңіне мұрын шүйі­ріп, оның айтқан «аталы» сөз­дерін ыждағаттылықпен тың­дап отыр екен. Өз басым, оған да шү­кіршілік етіп тәубеме келдім...

 

Берік САДЫР