15 қараша күні Павлодар қаласында мектеп кітапханашыларының кәсіби қызметінің заманауи аспектілеріне арналған облыстық семинар өтті.
Бұл семинар 2022 жылдан бері бастау алып, дәстүрге айналған. Іс-шараның мақсаты – кітапханашылардың кәсіби қарым-қатынасын нығайту, үздік жұмыс әдістерімен бөлісу және мектеп кітапханаларына цифрлық технологияларды енгізу.
Семинар барысында Павлодар облысының Білім беру басқармасының басшысы Самал Айтказина кітапханашылармен пікір алмасып, олардың жобалары оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. Кітапхана ісінде жобалардың жүзеге асуына бағыт-бағдар берді. Семинар бес тақырыптық алаңда ұйымдастырылды, олардың әрқайсысы оқушылардың қызығушылығын арттыру, зерттеушілік дағдыларын дамыту және зияткерлік қабілеттерін қалыптастыруға бағытталды. «Кітап әлемінде мүмкін емес нәрсе жоқ...» деп аталған алаңда №3 дарынды балалар гимназиясында көптілді жағдайдағы оқушылардың оқу дағдыларын дамыту әдістері ұсынылды.
Қатысушылар қазақ әдебиеті және әлем әдебиетіне арналған библиоперфомансқа, «Мен кітапты бейнелеймін» арт-галереясына экскурсия жасап, «Дәуірдің әдеби куәгері» атты креативті жоба ұсынды.Абай атындағы дарынды балалар гимназиясында «Кітапхана – білім мен ғылым орталығы» атты алаңда «Кейіпкерлер қонағында» көрмесін және «Кітап атауын тап» интерактивті логикалық алаңын ұйымдастырып, кітапхананы білім беру процесінің орталығы ретінде көрсетті.
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте «Кітапхана жұмысындағы жаңа форматты әдістер» алаңында оқушылардың зерттеу және қолданбалы дағдыларын дамытуға арналған тәсілдер ұсынылды. Қонақтар «Gamma App» платформасымен, жасанды интеллект элементтерімен және көркем әдебиет шығармалары бойынша «Q Talks» жобасымен танысты.
А.Байтұрсынұлы атындағы мектепте «Білім синергиясы: кітапхана және белсенділік» атты жобасы талқыланып, оқырмандарды қолдау мәселелері қаралды. «Қуана оқитын мектеп» жобасы және «READx» воркшопы сияқты идеялар ұсынылды.
«Заманауи оқырманға арналған заманауи кітапхана» атты алаң №7 мектепте өтті. Бұл жерде ағылшын әдеби кейіпкерлері бойынша викторина және «Кітаптар сөйлейді» кездесуі ұйымдастырылды. Бұл оқырмандардың қызығушылықтарын оятуға бағытталған алаң болды.
«Семинар барысында BOOK SLAM жобасы ұсынылды. Бұл жоба оқушылар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған. Желтоқсан айынан бастап BOOK SLAM қаланың және облыс аудандарының мектептерінде өткізілмек. 2025 жылдың мамыр айында байқау қортындысы болады», дейді Павлодар облысының Білім беру басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Азанбаева.
Айта кетсек, BOOK SLAM (букслэм) – бұл кітапты көпшілікке насихаттау мақсатындағы ең үздік презентацияға арналған шығармашылық байқау. Қатысушылар кітапқа деген қызығушылықты арттыратын жарнамаларды дайындап, туындыны ерекше форматта таныстыруда бақ сынасады.
«Бұл семинар мектеп кітапханаларының дамуына үлес қосып, оқу процесіне ықпалын арттырады және жаңа буын оқырмандарды шабыттандыруға көмектеседі», дейді Шарбақты ауданының Абай Құнанбаев атындағы мектеп кітапханашысы Самал Садуақасова.
Форсайт-сессиямен аяқталған семинарда мектеп кітапханасының келешегі туралы сөз қозғалды. Семинар соныңда өз тәжірибелерімен бөліскен кітапханашыларға және барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.