Еліміздің ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңін сәтсіз аяқтады. Футболшыларымыз қарымды қарсыластарына тойтарыс бере алмады. Ресейлік маман Станислав Черчесов бас бапкерлік тізгінді ұстағалы ұлттық құрама қатарынан 5 матчта ұтылды.
Алдымен Аустрия құрамасының екпіні жайында бірер сөз. Алматының «Орталық стадионында» өткен тартыста 0:2 есебі тіркелді. Германияның «РБ Лейпциг» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы Кристоф Баумгартнер 15-минутта есеп ашты. Станислав Черчесовтің баптауындағы ұлттық құрама қарымта шабуылдан нәтиже шығармады. 23-минутта Александр Марочкин ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. «Фрайбруг» (Германия) клубының шабуылшысы Михаэль Грегорич 25-минутта екінші голды соқты.
Ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына Станислав Черчесов тағайындалғалы футболшылар УЕФА Ұлттар лигасында бес ойын өткізіп, төртеуінде жеңілді. Әлі қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқ. Өзі қақпашы болған Черчесовтің тәлімін алатын футболшыларымыз бес матчта өз қақпаларына 10 гол жіберіп алды. Топтық кезеңдегі соңғы ойынды 17 қарашада сырт алаңда, Норвегия құрамасына қарсы өткізіп, ойсырай ұтылды.
УЕФА Ұлттар лигасының В дивизионында тартысқа түсу біздің құрамаға әлі де ерте сияқты. Норвегияда өткен соңғы матч мұны айқындай түсті. Ойын аса тартысты өткен жоқ. Тіпті 1-таймда біздің жігіттер Норвегия ұлттық құрамасының қақпасына тура соққы бағыттай да алмады. 19 жастағы Антонио Нусаның өзі үш-төрт ойыншының ортасынан сытылып кетіп отырды. Норвегия ұлттық құрамасының капитаны Эрлинг Холанн 23, 37, 71-минуттарда гол соғып, хет-трик жасады. Серлот 41-минутта төртінші голды тоғытса, Нуса 76-минутта бесінші голды соқты.
Ұлттық құрамаға 2022-2023 жылдар өрлеу кезеңі болды. Ресейлік маман Магомед Әдиев бас бапкерлік тізгінді 2022 жылдың мамыр айында ұстады. Сол жылы УЕФА Ұлттар лигасының «С» дивизионында біздің футболшылар көш бастады. Былтыр Еуропа чемпионатына іріктеу сынында өткізген 10 матчта 6 рет жеңіп, 4 ойында жеңілді. 18 ұпаймен құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне сынық сүйем жетпей тоқтады.
С.Черчесов биыл маусым айында ұлттық құраманың бас бапкері лауазымына тағайындалды. Сол айда ұлттық құрама Армения, Әзербайжан құрамаларына қарсы жолдастық матч өткізіп те жеңілген еді.