• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Орман алқаптары ұлғая түсті

36 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінің мемлекеттік орман қорында ағаш отырғызу жұмысы аяқталды. Жергілікті орман қорғау мекемелері жалпы аумағы 1,2 мың гектардан асатын аумаққа 6,8 млн көшет еккен. Мамандар жас ағаштардың өсу қабілеті арта түскенін анықтап отыр.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының мамандары биыл көктемде егілген ағаш көшеттерінің жерсіну, яғни өсу қабілетін сақтап қалу көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артық екенін мәлім етті.

– Павлодар облысы әкім­дігіне қарасты орман қорғау ме­кемелерінің аумағында 6,8 миллион дана екі жылдық қара­ғай көшеттері отырғызылды. Олардың жалпы ауданы 1,2 мың гектардан асады. Ормандарды молықтырудың бекітілген ке­шенді жоспарына сәйкес отыр­ғызу көлемі толық игерілді. Ай­та кету керек, орман-мәдени жұ­­мыстардың бір бөлігі, шамамен 25 пайызы меморандум шеңберінде Еуразиялық топ кә­сіпорындарының қар­жы­ландыру есебінен жүзеге асырылды. Жүргізілген түгендеу қорытындысында көктемгі ек­пелердің жерсіну көрсеткіші орташа алғанда 56,4 пайызды құрады, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір асып түсті. Орман күзеті отырғызылған көшеттерді тиісті күтіммен, қор­ғаумен қамтамасыз етеді, – деп хабарлады басқарма басшысы Сағын Төлеутаев.

Ал облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен айда үш бірдей орман қорғау мекемесін зерттеп, кейбір жерлерде егілген көшеттердің 70 пайызға дейінгісі өсу қабілетін сақтап қалғанын анықтаған. Мұндай зерттеу жұмыстары ал­дағы күндері «Ертic орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркі аумағында жүргізіледі деп күтіліп отыр.

Павлодар облысындағы мем­лекеттік орман қорының жал­пы аумағы – 478,7 мың гектар. Оның 275,5 мың гектары (57,5 пайызы) орманмен көмкерілген. Өңірдегі орман қорының сақталуына «Ер­тіс орманы» МОТР» РММ, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ, облыс әкім­дігіне қарайтын Павлодар, Үрлітүп, Максим Горький орман мекемелері, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жергілікті филиалдары жауапты. Орманда негізінен қарағай, қайың, қарағаш, көкте­рек, терек өседі.

Аталған орман шаруашы­лықтарының материал­дық-тех­никалық базасын нығайту бүгінде негізгі мәселе болып тұр. Облыстық әкімдікке қарайтын орман құрылымдары өрт сөн­діру көліктерімен толықтай қам­тылған.

«Соңғы 3 жылда өңірдегі орман мекемелеріне облыстық бюджеттен шамамен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оған 5 өрт автоцистернасы, 8 трактор, 10 шағын орман өрт кешені, 33 мотоцикл, 16 ағаш отырғызу машинасы, 11 соқа, 4 дискілі тырма, 101 рация сатып алынды. Биыл 4 өрт сөндіру автоцистернасы жет­кізілді. Осылайша, орман ша­руашылығын өрт сөндіру машиналарымен жарақтандыру мәселесі толығымен шешіліп, бұл көрсеткіш үш өңірлік мекемеде 100 пайызды құрады. Яғни 3 мекемеде 15 бірлік техника бар», деп хабарлады Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.

Жыл соңына дейін орман күзетіне патрульдік техника, әкімшілік істерді жүр­гізуге ар­налған планшеттер сатып алу, сондай-ақ орман шаруа­шы­лық­тарының радиобайланысы мен ұйымдастыру техникасын жа­ңарту жоспарланып отыр.

Биыл «Ертіс орманы» резерватында ағаштарды заңсыз кесу оқиғаларының күрт азайғаны да тіркеліп отыр. Жыл басынан орман ұрлығына қатысты небәрі бір факті анықталған.

«Резерват қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл заң­сыз ағаш кесу 97 пайызға азайды. Салыстырмалы түрде айт­сақ, 2023 жылдың 9 айында заңсыз ағаш кесудің 30 оқиғасы тір­келіп, көлемі 452,5 текше метр (келтірілген шығын көлемі – 9 млн 328,1 мың теңге) залал кел­тірілген. Ал жыл басынан «Ертіс ор­маны» бойынша 2,2 текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесу, ор­ман ұрлаудың бір фактісі тір­келді», дейді резерваттың бас дирек­торының міндетін атқа­рушы Қазбек Әметов.

Жергілікті орман шаруа­шылықтары келер жылы 1400 гектар алаңда 8,5 млн дана көлемінде орман дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр.

 

Павлодар облысы