Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысындағы өкілдігіне өңір тұрғындарынан биылғы он айда 156 арыз келіп түскен. Арызданушылардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 35-і – сотқа дейінгі тергеп-тексеру, оның заңдылығын қадағалау мәселелерімен жүгінген.
Әлеуметтік қамтамасыздандыру құқығы – 23, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану мәселелерімен 18 арыз түскен. Сотталғандардың құқығы, медициналық мәселемен арызданғандар да аз емес. Мысалы, өкілге денсаулық сақтау саласының қызметіне қатысты арызданған азамат емхана кепілденген медициналық қызмет көрсетуден бас тартқанын айтқан. Яғни заңмен белгіленген кепілді медициналық көмектің көлемін тегін алу құқығы шектелген. Аталған фактіге қатысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облыстық филиалына ұсыным жіберіліп, нәтижесінде заң бұзғаны үшін медициналық ұйымға экономикалық шара қолданылыпты.
Сондай-ақ уәкілдің Түркістан облысындағы өкіліне Ресейде тұратын Қазақстан азаматының туысқаны арызданған. Туысқаны үйінде болған өрттің кесірінен туу туралы куәлігін жоғалтқан. Сол себепті жеке басын анықтайтын құжаттарды рәсімдей алмай жатқанын мәлім еткен. Уәкілдің өкілі әділет департаментіне және Түркістан қалалық АХАТ бөліміне туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу үшін хат жолдап, нәтижесінде аталған құжат арыз иесіне жолданған.
«Уәкіл, оның өкілдері өз өкілеттіктері шеңберінде мемлекеттік органдарға жедел қабылдауға кіру құқығын пайдаланады. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар уәкілге, оның өкілдеріне дереу жәрдем көрсетуге міндетті. Биылғы 10 айда өкілдікке келіп түскен, тіркелген 156 арыздың 67-сіне жазбаша түсініктемелер берілсе, 67 арызданушының талабы, сұрағы қанағаттандырылды. Ал 17-сі құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды, бесеуі қаралып жатыр. Арыздарды қарау барысында 32 ұсыным жіберілді. Нәтижесінде, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, бір азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова.
Өкіл 166 азаматты жеке қабылдап, оның 126-сы бойынша құқықтық түсіндірмелер жүргізсе, 40-ның мәселесі шешімін тапқан. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге азаматтарды бірлескен 33 қабылдау өткізілген.
«Уәкілдің құзыреттерінің маңызды саласы – азаптаудың, қатыгез қарым-қатынастың алдын алуда Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) жұмысын үйлестіру. Осылайша, ҰАТ қоғам өкілдерінен құралған сарапшылардан тұратын жүйе болса, уәкіл мемлекет атынан осы механизммен өзара ықпалдастықта болып, оның жұмысын үйлестіріп отырады. Бүгінде өңірде 7 белсенді азаматтан, сарапшыдан құралған ҰАТ тобы бар, осы топпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз», дейді Наталья Сұңғатқызы.
Қазір өкіл – 6 консультативтік-кеңесші және бақылау органдарында мүше. Биылғы 7 айда консультативтік-кеңесші және бақылау органдарының 17 отырысына қатысып, адамдардың құқы мен бостандығын қорғауды жетілдіру мақсатында 8 ұсыным беріліпті. Сондай-ақ биылғы он айда өкіл 79 мандатты мекемелерге барған. Нәтижесінде, құзырлы органдарға 54 ұсыным жолданған. Өкілдің жолдаған ұсынымдары нәтижесінде 14 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 10 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Түркістан облысы