• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Марапат Бүгін, 09:15

Адал еңбекке – лайықты баға

72 рет
көрсетілді

Республика күні омырауына орден-медаль таққан танысыммен кездесіп қалғанымда: «Алғаш алған марапатыңыз қайсысы?» деп сұрағаным бар. Сонда ол: «Мектептің бірінші сыныбына барып, алғашқы тоқсанды кілең үздік бағамен аяқтадым. Жаңа жылдық шыршада Аяз ата маған озат оқушы ретінде әдемі қолшам сыйлап, «Білім – жарық, ал надандық – қараңғылық. Білімді бол!» деп бата берді. Басқа марапаттарыма жол ашып берген алғашқысы да сол еді», деді.

Расында да, әйгілі ағылшын жазушысы Джордж Элиоттың: «Атқарылған борыш үшін награда – келесі борышты атқару мүмкіндігі» дегеніндей, қандай марапаттың болсын адамды моральдық ынталандыру күші керемет. Ауылдағы бір механизатор ағамыз кеңес заманында Еңбек Қызыл Ту орденін алғанында көңілі өсіп қуанғаны соншалық, үйіне келіп, анасына: «Апа, өсіп барам, өсіп барам, қайда барам?» деген екен балаша мәз болып...

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардағы ауыр экономикалық дағдарыс кезінде ерен еңбегі­мен ерекшеленген азаматтарды кеңес заманындағыдай жаппай наградтау жүзеге асырылған жоқ. Себебі егемен еліміздің мемлекеттік наградалар туралы өз заңы болмады. Тек 1993 жылғы 1 сәуірде Жоғарғы Кеңес «Қазақ­стан Республикасының мем­ле­кеттік наградалары туралы» Заң­д­ы қабылдады. Оның негізіне кеңестік наградалар жүйесі алын­ғаны­мен, марапаттардың атаулары түгел қазақшаланды. Бұрынғы «Кеңес Одағының Батыры» және «Социалистік Еңбек Ері» құрметті атақтарының орнына «Халық қаһарманы» жоғары ерекшелік дәрежесі енгізілді. «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері және «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары тағайындалды.

Көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» берілетін болды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы мемлекеттік награда санатында қалдырылды. Сондай-ақ «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның ха­лық ақыны», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы», «Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер­тапқышы» құрметті атақ­та­ры белгіленді.

«Халық қаһарманы» жоғары ерекшелік дәрежесіне, «Отан» және «Даңқ» ордендеріне, құр­метті атақтарға, «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» ие болған­дар­ға кейбір әлеуметтік артық­шы­лық берілді.

1995 жылғы 12 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік наградалары тура­лы» жаңа заң қабылданып, «Алтын Қыран» ордені де ең жоғары ерекшелік белгісі болып айқындалды. Рес­пуб­лика Президенті өз лауазымы бойынша аталған орденнің иегері болып саналатын норма енгізілді. Сондай-ақ екі дәрежелі «Айбын» және «Достық» ордендері мен «Жауынгерлік ерлігi үшін» медалі тағайындалды.

Елорданың Алматы қаласы­нан Ақмолаға көшірілуіне орай Мем­лекет басшысының 1998 жылғы 2 маусымдағы Жарлы­ғы­мен «Астана» атты алғашқы естелік медаль тағайындалды.

1999 жылғы 26 шілдеде мем­лекеттік наградалар туралы қол­да­ныстағы заңнамаға өзгеріс­тер енгізіліп, «Даңқ» және «Достық» ордендері екі дәрежеге бөлінді, ал «Айбын» орденіне тағы бір дәреже қосылды. Жаңадан үш дәре­­­желі «Барыс» ордені та­ғайын­­далды. «Даңқ» ордені тек күш­­тік құры­лымдардың жоғары ком­ан­далық құрамына берілетін болып шешілді.

2008 жылғы 1 желтоқсанда «Қазақ­станның Еңбек Ері» құр­метті атағы тағайындалып, оның иегерлеріне айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені қоса тапсырылатын болды.

2015 жылғы 17 наурызда мем­ле­кеттік наградалар туралы қол­даныстағы заңнамаға үш дәре­же­лі «Еңбек Даңқы» орденін та­ғайындау туралы толықтыру енгі­зіл­ді. Осы орденнің үш дәре­же­сінің иегерлерінің мәртебесі «Қазақ­стан­ның Еңбек Ері» атағы­на ие болған адам­дарға теңес­тірілді.

Алайда еліміздің наградалар жүйе­сін жетілдіру барысында кей­бір кемшіліктерге де жол бе­ріл­ді. Мәселен, «Мемлекеттік наградалар туралы» жаңа заңнан «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық ақыны», «Қа­зақстанның еңбек сіңірген қыз­меткері», «Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі», «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген ғылым және тех­ника қайраткері», «Қа­зақ­­станның еңбек сіңірген өнер­тап­қышы» құрметті атақ­тары алынып тасталып, олар­дың ор­­нына «Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері» құрметті атағы беріліп келді. Бұл жұрт­шы­­­лық­тың көңілінен шықпай, әртүрлі мінберлерден бұрынғы құр­­метті атақтарды қайтару қа­жет­­тігі хақында сыни пікірлер айтылып жүрді.

«Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» және «Адал азамат» тұжырымдамаларын ұсын­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттік награ­далар жүйесін одан әрі жетіл­діруге тікелей бастамашы болды. Мемлекет басшы­­­сы­ның тапсырмасымен 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне педа­гог мәртебесі, оқушы мен мұға­лімнің жүктемесін төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң арқылы аса үздік же­тіс­тік­терге ие болған педагогтер үшін «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізілді. Осы жо­ғары атаққа ие болған ұстаз 1 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы төлем алады.

2022 жылғы 30 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңна­малық ак­тілеріне Мемлекет бас­шы­сы­­ның жекелеген тапсырмала­рын іске асыру мәселелері бо­­йын­ша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң ар­қылы «Қазақстанның ха­­лық әртісі» құрметті атағы қал­пына келтірілді. Ол театр, цирк, музыка өнері және кино өне­­рін дамытуға ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» немесе «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы­на ие болған адамдарға бері­леді.

2023 жылғы 16 қазанда қабыл­дан­ған «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық ак­тілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекетттік авиация, қор­ға­ныс өнеркәсібі және мем­ле­кет­тік қорғаныстық тапсырыстар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы «Қазақстанның ха­лық жазушысы» құрметті атағы да қайтарылды. Бұл награда елі­міздің әдебиетін дамытуға ай­рықша үлес қосқан, бұрын «Қа­­зақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері» құрметті атағын ал­ған немесе Мемлекеттік сый­лық­тың лау­реаты атанған ақын-жазу­шы­лар­ға беріледі.

Биылғы 19 сәуірде Президент қол қойған «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілді. Ол денсаулық сақтау саласында аса үздік жетіс­тік­терге қол жеткізген медицина қыз­мет­керелеріне арналған. Оған ие бол­ған маман 1 мың АЕК мөл­шерінде біржолғы төлем алады.

Ұлттық құрылтайдың Түр­кіс­­­танда өткен екінші отыры­сын­да сөйлеген сөзінде Мем­лекет басшысы: «Елімізде күн­де­лікті қажырлы еңбегімен мем­ле­ке­тімізді өркендетуге және аза­мат­тардың қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз етуге мол үлес қосып жүр­ген жандар аз емес. Олардың қата­рын­да мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіп­кер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық ие­ле­рі бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отан­шыл жандарды мемлекет әр­да­йым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән бере­мін. Сол себепті әрбір орден-ме­дальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет», дей келіп, қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қа­жеттігін және «Ел бірлігі» атты жаңа мем­лекеттік награда әзірлеп, бе­кітуді тапсырғанын айтты. Аталған орден 2023 жылғы 4 шіл­деде қабылданған «Қазақстан Рес­публикасының кей­бір заң­на­малық актілеріне кәсіп­тік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыз­­дан­дыру және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң арқылы та­ғайын­­­­далды. Осы орденмен азаматтар ұлт бірлігін нығайту және қо­ғам­дық тату­лықты қамтамасыз ету жолын­дағы жемісті еңбегі үшін марапатталады.

Бұған қоса Президенттің тапсырмасына сәйкес осы жылғы 26 сәуірде қабылданған «Қа­зақ­стан Рес­публикасының мем­ле­кеттік наградалары туралы» Қа­зақстан Республикасының заңы­на өзгерістер мен толықтыру ен­гізу туралы» заң бойынша I дәре­желі «Айбын» ордені – Сағадат Нұрмағамбетовтің атымен, II дәре­желі «Айбын» ордені – Бауыржан Момышұлының атымен, III дәре­желі «Айбын» ордені – Рахымжан Қошқарбаевтың атымен аталатын болды.

Тағы бір жағымды жаңа­шыл­дық – бұрын азаматтарға құрметті атақтар мен орден-медальдар тек Тәуелсіздік күні қарсаңында беріліп келген болса, қазір әр саланың төл мейрамдарына орай да тапсырылып жүр. Мем­ле­кет­тік награда жүрегі «Елім!» деп соға­тын азаматтардың адал еңбе­гіне лайықты баға, әрі руха­ни қолдау екенін ескерсек, бұл реттегі жомарттықтың жөні бөлек.