• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Университет 20 Қараша, 2024

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 80 жылдық мерейтойын атап өтті

95 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Балуан Шолақ мәдениет және спорт сарайында өткен салтанатты іс-шарада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын ғылымға қосқан үлесі үшін марапаттады.

«80 жыл бұрын сол кездегі басшылар ең қиын кезеңде, әлемдік соғыстың төртінші жылында университет ашу туралы үлкен шешім қабылдады. Ежелгі Грекияда бір жақсы нақыл сөз бар. «Қоғам қашан үлкен болады? Сол қоғамдағы адамдардың үлкендері көлеңкесіне отыра алмайтынын біле тұра ағаш еккен». 1944 жылы үлкен ағаш егілсе, сол ағаштың көлеңкесінде қазір біз отырмыз. Біріншіден, ұстаздарға, профессорлық-оқытушылық құрамға, университет басшылығына айтарым, ағаштарды еге беріңіздер, шамшығарымыз сөнбесін. Қыздар университеті – тек білім беру ордасы емес, ұлттық құнылықтарды дәріптеуші және тікелей қоғамға жеткізуші білім ордасы», деді министр.

Салтанатты іс-шараға университеттің директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев, Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев,Ұлттық инженерлік академия Президенті Бақытжан Жұмағұлов, Парламент Мәжілісі депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Қарақат Әбден Жақсылыққызы, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова, «Тұран» университетінің ректоры, академик Рахман Алшанов, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Парламент Мәжілісінің депутаты  Ирина Смирнова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Қанай Гүлмира Әмірханқызы Директорлар кеңесінің төрағасына алғысын білдіріп, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін медаль табыс етті.

«Мерейтой аясында бір жыл бойы көптеген конференциялар, ғылыми жобалар жүзеге асырылды, орталықтар ашылды, профессорлар дәріс оқыды. Бірақ бүгінгі күн ерекше, себебі университетіміздің басты жетістігі, қоғамға берген жақсылығы сіздердің алдарыңызда отыр. Университетіміздің өркендеп, өсуіне үлес қосып жүрген ел ағаларына алғыс айтамын. Омархан Нұртайұлы университетімізге көлемді инвестиция алып келді. Қыздардың білім алуына қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан Алматының орталығынан ғимарат берілуіне, зертханалардың ашылуына септігін тигізді», деді ректор.

Іс-шара барысында  Аягүл Миразова ұжымды құттықтап,  сәттілік тіледі.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығы – ­ барша Қазақстанның қуанышы десем, артық айтқаным емес. Озық ойлы ұлтты тәрбиелеуде ана мен ұстаздың алар орыны ерекше. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы жолда аянбай еңбек етуде. Небір тұлғалар осы университеттен түлеп ұшты. Тарихы өте терең университетіміз өркендей берсін. Білікті ұстаздарымыз, елді әлемге танытатын түлектеріміз көп болғай», деді Аягүл Төреқызы.

Парламент Мәжілісі депутаты Ирина Смирнова қоғамда қыз бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, «Тәрбиелі, ізгі қасиеттерге ие қыздар болашақта ұлттың ар-намысын сақтайтын, қоғамға үлгі болатын ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөлге ие», деп атап өтті.

Университет түлегі, ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Парасат» және 2 дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері Асылы Осман құттықтау сөз сөйлеп, болашақ мамандарға сәттілік тіледі.

Форумда университет ректоры Гүлмира Қанай білім және ғылым, мәдениет салаларын дамытуға үлес қосқан түлектерге алғыс айтып, мерейтойлық төсбелгі табыстады.

Салтанатты кеште қонақтар концерттік бағдарлама тамашалап, университет түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина 1 курс студентіне  Студенттік билет табыстады.

 

 АЛМАТЫ