• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Елорда Бүгін, 12:25

Астанадағы көшенің біріне бұрынғы премьер-министрдің аты берілді

30 рет
көрсетілді

Елордада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа көше Астананың Есіл ауданында орналасқан, оның ұзындығы 1100 метрді құрайды. Түркістан көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін созылады.

«Бүгін елордада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды және ескерткіш тақта орнатылды», деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға қала әкімдігінің, Энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым, сондай-ақ Нұрлан Балғымбаевтың отбасы мен туған-туыстары қатысты.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Балғымбаевтың Қазақстандағы мұнай-газ саласын дамытуға сіңірген еңбегін және оның мұнай-газ кен орындарын барлаудағы, заманауи технологияларды енгізудегі, кадрлар даярлаудағы және жаңа кәсіпорындарды құрудағы басты рөлін атап өтті.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен бұл оқиғаның тарихи маңызына тоқталды.

«Нұрлан Өтепұлы ел Үкіметін басқарған кезде көптеген игі реформаларды қолға алып, жұмысты жақсартуға көп үлес қосты. Ал мұнай-газ саласына жетекшілік еткен жылдары елдің инвестициялық әлеуетін көтеріп, салаға тың серпін берді. Ол саналы ғұмырын ел игілігіне, мұнай-газ саласын дамытуға арнап, абыроймен ғұмыр кешті. Атқарған көп ісі тәуелсіз ел тарихына алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Елге қызмет еткен қайраткерлерді ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау – қажет іс. Осы арқылы мықты азаматтар буынын тәрбиелей аламыз. Нұрлан Өтепұлының есімі ешқашан ұмытылмайды деп сеніммен айта аламын», деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Айта кетейік, елордадағы бір көшеге Балғымбаев есімін беру Мемлекет басшысының тапсырмасы еді.

Нұрлан Балғымбаев 1997-1999 жылдар аралығында Қазақстанның премьер-министрі болды. Одан кейін «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ және «Қазақстан мұнай-инвестициялық компаниясы» АҚ президенті болды.

Осыдан кейін Балғымбаев 2009 жылға дейін ҚР Тұңғыш Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. Содан кейін ол итальяндық «Eni» мұнай-газ компаниясымен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұйымның бас директоры қызметіне тағайындалды. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі 2015 жылдың қазан айында қайтыс болды.