Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Бас прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, нашақорлық пен есірткі саудасына сенімді тосқауыл қою бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, 75 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды, 87 адам, оның ішінде жақын және алыс шетел азаматтары (Молдова, Латвия, Үндістан және т.б.) ұсталды. 1,3 тоннадан астам синтетикалық есірткі заттары тәркіленді.
Есірткі сатумен айналысатын 13 қылмыстық топтың, оның ішінде 2 трансұлттық қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.
«Бас қадағалаушы орган есірткіге қарсы «Нашакорлыққа жол жоқ» іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеді. Нәтижесінде есірткіні насихаттағаны үшін 17 адам ұсталып, 10 мыңнан астам нарко жазбалар (граффити) жойылды», делінген хабарламада.
Заманауи технологияның дамуы есірткі сатумен айналысатын адамдардың интернет-платформаларды пайдаланып, ұзақ уақыт тасада қалуына және барлық процесті қашықтан басқарып отыруларына ықпал етті.
«Қазіргі таңда есірткі дүкендерінің «кураторлары» және есірткі бизнесінің басқа да ұйымдастырушылары, соның ішінде есірткі саудасынан түскен заңсыз табысқа жауапты адамдар ұсталды», деп хабарлады Бас прокуратура.
Тәртіп сақшылары есірткі бизнесінің әрбір буынын, яғни есірткі жарнамалаушыдан бастап есірткі саудасын ұйымдастырушыларға дейін анықтауға бел байлаған.