Батыс Қазақстан машина құрастыру компаниясы америкалық Lancair әуе фирмасы мамандарымен бірлесе отырып турбовинтті қозғалтқышы бар шағын ұшақ құрастырып шығарды.
Аталған тәжірибелік жобаны отандық өндірісшілер жаңа технологиялық әуе тәсілдерін игеру мақсатында іске асырған. Қазақстандық ұшақ құрастырмалы көмірсутегі материалынан жасалған. Мұның өзі оған көк жүзінде еркін қалықтауына мүмкіндік береді, дейді жоғарыда аталған компания басшысы Әліби Ахмеджанов. Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше, бірлескен ұшақ жобасын құрастырып сынақтан өткізуге мемлекет тарапынан ешқандай қаржы жұмсалмаған.
Компанияның бас конструкторы Владимир Гаслов алдағы уақытта мұндай ұшақты жинақтауды бір айдың ішінде аяқтауға болатынын айтып берді. Мәселе сұраныста және оның санының мөлшеріне байланысты. Отандық шағын әуе кемесінің сенімділігі осы тектес барлық үлкенді-кішілі ұшақтар секілді 99,9 пайызға тең. Оның қауіпсіздігі мен жарамдылығын жүз пайыздық деп айтпасақ та, сауатты әлі білікті түрде пайдаланылған жағдайда бұл толығымен өте сенімді ұшақ деді ол одан әрі.
Lancair 4-тің қуаты жеті жүз аттың күшіне тең. Коммерциялық мақсатты көздемейтін шағын ұшақтың салоны үш жолаушыға арналған. Бұл тұйғындай ықшам әуе көлігі сағатына 500 шақырым жылдамдықпен екі мың километрге дейін тоқтамастан ұша алады.Оның бір сағатта жұмсайтын жанармайының көлемі 160 литр. Өткен аптада Орал әуежайында өткізілген көрсетілімдік әрі сынақтық ұшу кезінде отандық ұшақ көкке емін-еркін көтеріліп, әуежай аумағын бір-екі рет айналып ұшып өтіп, содан кейін мұндағы ұшу-қону жолағына төмендеп келіп қонды. Осы арқылы ол өзінің шассиінің беріктігін дәлелдеп берді деуге болады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суретте: отандық ұшақтың сыртқы көрінісі.