Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылуына орай ауқымды баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының» қолдауымен ұйымдастырылып отырған Орта Азиядағы ең ірі кинофестиваль биыл үш бірдей мерейтойдың құрметіне – ұлттық кинонының негізін қалағандардың бірі Шәкен Аймановтың 110 жылдығына, «Қазақфильмнің» 90 жылдығына, киностудияға Ш.Айманов есімінің берілгеніне 40 жыл толғанына арналып отыр.
Кинофестивальдың басталуы алдында арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ұйымдастырушылар халықаралық іс-шараның негізгі бағыттарымен таныстырып, байқау және байқаудан тыс бағдарламаларды жариялады. Сонымен қатар қазылар алқасы таныстырылып, алдағы көрсетілімдер туралы жан-жақты мәлімет берді.
Бәйгеге қатысатын фильмдерді іріктеу кезінде фильмге қойылған негізгі талаптардың бірі – шығармашылық өнімнің Еуразия кеңістігінен болуы және оның көркемдік сапасы басты шарт ретінде қарастырылады. Оңтүстік Африка, оңтүстік және солтүстік Америкадан жолданған фильмдер іріктеуге мүлде қатыса алмайды. Фестиваль директоры, «Қазақфильмнің» президенті міндетін атқарушы Айдар Омаровтың айтуынша, XVII «Еуразия» кинофестиваліне әзірлік жұмысы жылдың басынан бері жүріп келеді. Қазылар алқасының 70%-ын шетелден шақырылған меймандар құрайды, олардың жұмыс кестесіне орайластыра келісімге келу ұйымдастыру алқасына оңайға соқпаған. Биылғы қазылар алқасына Канн фестивалінің «Алтын пальма бұтағының» иегері, Түркияның беделді режиссерлерінің бірі Нури Бильге Жейлан төрелік етеді.
Өткен жылдармен салыстырғанда, биылғы XVII фестивальға шақырылған әлемдік кино жұлдыздар қарасы аз. «Еуразия» кинофестивалі Шығыс пен Батыс мәдениетін тоғыстырып, екі алып кеңістіктің киносын жақындастыру мақсатын алға қойған соң, бір күнге келіп-кеткен қаламақысына ақылға қонымсыз қаржы сұрайтын атақтыларды емес, отандық кино саласын дамытуға тікелей ықпалы бар пайдалы мамандар мен іскерлік алаңдарын қолайлы санап, осы ойды жүзеге асыруға басымдық берген.
– Кинофестиваль ауқымды екі секцияға бөлінген, оның бірі – 12 фильмді қамтыған халықаралық конкурс, екіншісі – 9 фильм ұсынылатын Орта Азия және Түркі әлемі секциясы. Жалпы алғанда, фестивальға 15 елдің кинематографистері қатысады. Олар: Бангладеш, Оңтүстік Корея, Аустрия, Қатар және Еуропа, Азия мен Таяу Шығыс елдерінің бірқатар мемлекеттері. Конкурсқа арналған фильмдердің көрсетілімі 25–29 қараша аралығында «Есентай» кинопаркінің аумағында өтеді. Сондай-ақ осы күндер аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында іскерлік алаңдар жұмыс істейді. Фестиваль аясында конкурстан тыс көрсетілімдер, іскерлік алаңдары, шығармашылық кездесулер өтеді.
NETPAC мүшесі, XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарлама директоры Диана Әшімова: «Жасанды интеллектпен жұмыс істеу біз өмір сүріп отырған кезеңнің ең белсенді жаңалығы болып отыр. «Кинематографиядағы жасанды интеллект және креативті көзқарас» деген мәселе өзекті мәнге ие, жақын күндері Қазақстанның нейрожүйесі мамандарымен бірге шетелдің тәжірибелі мамандарын шақырып, дөңгелек үстел басында бірге талқылауды діттеп отырмыз. Себебі киноның болашағы жасанды интеллектпен тікелей байланысты. Бұл мәселе қазір әлем кинематографистерінің де ең көп талқылайтын тақырыбына айналды» дейді.
Айдар Омаров XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бюджет қаржысына арқа сүйемей, «Bazis-A» халықаралық құрылыс компаниясы, «KAZ Minerals» кен өндіру компаниясы, «Sarens Kazakhstan» ЖШС, «Salem Entertainment» медиакомпаниясы, «Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісі, «Eurasian Resources Group» (ERG) және «Astana Motors» секілді отандық нарық алаңындағы ірі компаниялардың демеушілігімен өтетінін айырықша атап өтті.
PhD және AlmaU қауымдастырылған профессоры Айбарша Бөжеева жетекшілік ететін фестивальдың іріктеу комиссиясы құрамына француз журналисі, киносыншысы Барбара Лорей де Лашарье және Қазақстан режиссері Азат Хакимов енді. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген 60 фильмді сұрыптады.
АЛМАТЫ