Астана мен Алматыда Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жұмыс істей бастады. ІІМ-нің хабарлауынша, «Ақылды» камералар теміржол вокзалдары, әуежай, қонақүйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтарында орнатылған.
Инновациялық жобаны Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген. ІІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологиялары арқылы іздеуде жүрген адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режімде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көліктің маркасын, моделін, түсін анықтайды.
Бүгінде жаңа жүйе тиімділігін көрсеткен. Мәселен, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу кезінде құқық қорғау қызметкерлері елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды осы «ақылды» камералардың көмегімен жедел тапқан. Сондай-ақ бейне-талдау жүйесі арқылы Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталған. Осындай іздестіру жұмыстары қазір Алматыда жүргізіліп жатыр. 30 адам анықталып құрықталған.
Енгізілген технологиялар – «ақылды» қалаларды құруға жасалған оң қадам. Олар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде көптеп қолданылады.
Осылайша, Қазақстан үздік тәжірибелерді игеріп, әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналып келеді. Алдағы уақытта камералар санын арттырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізіледі.
«Бүгінгі таңда меншік түріне қарамастан елімізде 1 млн 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған. Жалпы, инновациялық жобалардың қылмысқа қарсы іс-қимылда және адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көмегі зор. Іске қосылған жүйелердің басты мақсаты – әрбір азаматтың заң мен тәртіп орнаған қоғамда өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау», дейді ІІМ өкілдері.