• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Қаңтар, 2015

Бірлікті сақтаудағы исламның орны

725 рет
көрсетілді

Тарих бетін парақтасақ, қай дәуір, қандай қоғам болмасын, діннің орны ерекше болғанын байқаймыз. Белгілі бір сенімсіз жүйе болмағанын көреміз. Яғни, дінсіз өмір күнсіз тірлік кеше алмайтының секілді анық нәрсе. Ақиқаты осы. Ғасырлардың қойнауына сіңіп кеткен қай заманның жүйесін, ой-танымын алып қарасақ та, тіптен бірнеше сенім қатар дамыған қоғамды алсақ та, сан ғасырлар қалыптасып, өзінің негізін, мектебін қа­лыптастырған діндер әрқашан да адамзат баласы үшін айрықша мәнге ие екендігін аңғарамыз. Зайырлы қоғамның тыныс-тіршілігінің тұрақты, ынтымақты болуының алғышарты да осы – дәстүрлі, тамыры терең діни сенім жүйесі. Дәстүрлі дін мемлекет іргетасының берік болуына септігін тигізеді. Алайда ағысы алабөтен, көздегені бірлік емес, «бөліп алып билеу», жікшілдікке жол бастайтын жат ағымдардың да ел бірлігіне сызат түсіріп, мемлекет ұстанымына қайшы келіп, қайсыбір жағдайларда қауіп төндіріп жататынын да айта кетуіміз керек. Бұл сөзімізге алыс-жақын елдерде орын алып отырған діни сенімді саяси ойынға айналдырып, белгілі бір топтың томағасына тоғытып, адамилықтан ада соғыс, бүліктер дәлел болады. Дәстүрлі дін негіздерін ел ішінде орнықтырып, ауызбіршілікті арттыруға күш салу керектігін де осындай келеңсіздіктерге қарап жете ұғынуымыз қажет. Сабақ алуымыз керек. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі болып саналады. Елдегі ортақ ұйғарым, ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы. Татулықты ту еткен асыл дініміз Ислам XV ғасырға жуық уақыттан бері күллі адамзатты түрі мен түсіне, ділі мен тіліне, ұлты мен ұлысына қарамастан, ынтымақ, бірлікке шақырып келе жатқан соңғы дін. Бұған иісі мұсылман баласы үшін қасиетті Құран Кәрім айқын дәлел. Исламның туын желбіреткен сахабалар бірлік пен ынтымаққа қаншалықты мән берді?! Олар халыққа дініміздің хақтығы мен пәктігін паш етіп, Алла мен Расулалланың жолына шақырғанда, сол жолда күрескенде, алауыздыққа жол бермей, бір-бірімен араздасудан қалай сақтады десеңізші! Саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғұд (р.а.) хұтпасында былай деген: «Ей адамдар! Басшыға бағыныңдар, жамағаттан бөлінбеңдер. Өйткені, жамағат – Алланың бұйырған мығым арқаны. Жамағаттың арасында жүріп, ұнатпаған қандай да бір нәрсе, сендердің бөлініп, алауыз кездеріңдегі көңілдеріңе майдай жаққан нәрселеріңнен әлдеқайда қайырлы». Бұл жерден байқайтынымыз – көпшілікпен бірге болудың адам баласы үшін ең дұрыс шешім болатындығы. Қазақ халқында бірліктің мәнін «Бөлінгенді бөрі жейді» деген орамды оймен қысқа қайырады. Алла тағала «Һүд» сүресінің 118-ші аятында: «Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді. Олар үнемі қайшылықта тұруда. (118) Бірақ Раббыңның рақымына бөлеген басқа», дейді. Аяттан аңғаратынымыз, Алла тағала ра­қым-мейіріміне бөлегендерден басқасы үнемі қарама-қайшылықта болады. Тек, Жарат­­­­қан­ның жарылқауына лайықты болған жан­дар ын­ты­мақ-бірлікте ғұмыр кешері сөзсіз. Ал Құдай тағаланың рақымынан құр қалған пен­делер саналары сан-саққа жүгіріп, қырық пы­шақ болып бөлшектенерін осы аят айқындап тұр. Алаштың ардақты азаматы Әлихан Бөкей­ханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық ынтымақ қана», деп бұқараны бірлікке шақырады. Ал ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату тірлік кешуімен ғана келетіні әмбеге аян. «Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үш адам жайлы сұрама, олар: «Жамағаттан бөлінген кісі, басшыға қарсы шыққан адам, күнә жасаған күйінде көз жұмған пенде», деп ескертті. Имам Бухари мен Муслимде келген сахих хадисте пайғамбарымыз Хузайфата ибн әл-Яман деген сахабасына келешекте алауыздықтар мен басшылыққа қарсы шығу бүліктері болатынын хабардар еткенде, Хузайфа: «Уа, Алла елшісі! Сол заманға кезіксем, маған нені бұйыратын едіңіз?» – деп сұрады. Сонда, ардақты пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман жамағатымен және олар­дың басшысымен бірге болуың керек», – деп кеңес берді. Жер шары – күллі адамзатқа ортақ шаңырақ, құт мекен. Оны сақтау бәріміздің алдымызда тұрған адамзаттық борышымыз. Хазіреті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ғибратты өмір жолына қарасақ, кәпір болсын, мүшрік болсын, кітап иелерімен татулық пен жарастықта өмір сүргенін көреміз. Келісімдер, достық қарым-қатынастарда болу, сауда серіктестіктерін құру – Исламдағы дінаралық татулықтың аса маңыздылығын байқатады. Мұндай мысалдар хазіреті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) барша адамзат үшін көрсеткен үлгісі болғандықтан, бұл барлық мұсылмандар үшін де маңызды болмақ. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде қайтыс болған яһудиді жерлеуге апара жатқандарды көргенде, орнынан тұрып құрмет көрсеткен. Қасындағы сахабалары оның яһуди екендігін айтқанда, «кім болса да адам емес пе», деп адамдық ардың биік үлгісін көрсетеді. Қасиетті Құранның төмендегі аяты мұсылман жұртшылығын қоғамдағы ынтымақ-бірлікке шақырады. «Хужурат» сүресінде: «Уа, Адамзат! Біз сендерді бір еркек пен бір әйелден жараттық. Бір-бірлеріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлыстар мен түрлі ұлттарға бөлдік. Араларыңдағы ең ізгілерің тақуалықта тым жоғары болғандарың», делінеді. Бұл аятқа терең үңілсек, барша адамзат бір ата мен бір анадан өрбіп өскендіктен, баршамыздың арғы тегіміз бір. Бір атаның балаларымыз. Сондай-ақ, біздердің әртүрлі ұлыстар мен ұлттарға бөлінуіміздің астарында танысу мен білісу жатыр. Ал танысу мен білісу жолы – өзара татулық пен бірлік екендігі сөзсіз. Бүгінде бірлікті басты ұстанымы еткен елімізде жыл сайын Халықтар достастығы күнінің айтулы дата ретінде бекітіліп, аталып өтілуінің де өзектілігі осында. Бірлік – біздің басты ұстанымымыз. «Алтауы ала» елдің алдағы уақыттан алары аз. «Төртеуі түгел» елдің болашағы зор. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты. Бірлігімізге бекем болсақ, болашағымыз баянды, берекелі болары хақ. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлін­беңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген нақыл сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, біздің Бас мүфтиіміз халықты имандылыққа үндеп қана қоймай, адамдарды ауызбіршілікке шақырып келеді. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау – біздерге, дін өкілдеріне де жүктелген үлкен жауапкершілік. Біздер, мешіт имамдары жұма уағыздарымызда бірлігі жарасқан елге Алланың назары түсетінін айтып, халықты қанаттандырып отырамыз. Өйткені, діннің мақсаты – ізгілік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Еліміздегі барлық мешіттер мен медреселер бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында қызмет етіп келеді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенеміз. Бізге ынтымағы артып, бірлігі жарасқан тыныш елдің тұрғыны болуды жазған Алла тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Жаратушы Иеміз халқымыздың бірлігі мен берекесін, ауызбіршілігін арттырғай. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин! Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы.