Қордай ауданындағы шекара қызметіне әскерге шақырылған сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Күзгі шақырылым аясында Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздардың жүзінен жауапкершілік табын айқын аңғардық.
Сарбаздар үшін аса маңызды іс-шараға олардың туыстары мен достары, әскери бөлім командирлері қатысты. Жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне еліміздің әр қиырынан арнайы келген ата-аналар да қобалжып жүр. Олар үшін баласының әскери борышын абыроймен өтегені маңызды.
Кезекті шақырылым сарбаздары ел шекарасының күзетін қамтамасыз ететін Қордай шекарасы басқармасының қатарын толықтырды. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан бұл аймақ шекара қызметін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие екені белгілі. Әскер қатарына қабылданғандардың мойнына зор міндет пен жауапкершілік жүгі артылған. Ант беру рәсімі осы міндеттің рәміздік бастауы десек те болатын секілді. Бұл күні сарбаздар Отан алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, тәуелсіздік пен бейбітшілікті, тыныштықты сақтау жолындағы қызметке шын пейілмен дайын екенін жеткізді.
Жанарында от ойнаған жас жауынгерлер ант қабылдағаннан кейін бірден әскери даярлық бағдарламасына қосылды. Олар әскери бөлімде тактикалық және физикалық дайындықтан өтіп, шекара күзету ісінің қыр-сырын меңгеруге кіріседі.
«Әскери өмірдің әрбір сәті шыдамдылық пен шыңдалуды талап ететіні мәлім. Біз сарбаз ретінде мүмкіндігінше шекара қорғау ісіне қажетті дағдыларды меңгереміз. Әрқашан қырағы болуға машықтанамыз. Міндетіміз – ел тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғау. Сондықтан да Отан алдындағы қызметімізді әрдайым адал атқаруға дайынбыз. Ең бастысы – абырой», дейді олар.
Қырғыз Республикасымен шекаралас орналасқан Қордай ауданында өткен ант қабылдау рәсіміне жалпы саны 321 сарбаз қатысты. Күзгі шақырылым аясында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өздерінің алғашқы қадамын жасаған олардың жүзінен шаттық лебі есіп тұрды.
Ант қабылдау рәсіміне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, полковник Ғани Бекмырзаев арнайы қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде әскер қатарына қосылған жауынгерлердің еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, сарбаздардың Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруына тілектес екенін жеткізді.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы