• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Қараша, 2024

Жасанды интеллект – маман көмекшісі

86 рет
көрсетілді

Түркістан қалалық емханасында аймақтық қызметкерлердің жұмыс жүктемесін азайту, халықпен хабарласудың тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект көмегі енгізілген. Бұл өз кезегінде мейіргерлердің уақытын, жұмыс күшін үнемдеуге көмектеседі. Жасанды интеллект пациенттерді дәрігердің қабылдауына, скринингтік тексеруден өтуге, флюорография-рентгенге түсуге, балаларды екпе алуға шақырады.

Скринингтік тексерулерден өту, профилактикалық екпелер алу, тағы басқа да себептермен емханаға келуі қажет аза­маттардың аты-жөні, байланыс нө­мір­­лері роботқа енгізіледі. Жасанды ин­тел­лект әр па­циентке хабарласып, айқын­да­уыш сұрақтар қою арқылы тексеру­лер­ге шақырады. Бұл жағдай операторлармен бақылауда болып, күнделік­ті өзек­тендіріліп отырады. Қабылдауға кел­гендер тізімнен өшіріліп, екпін басқа аза­маттарға беріледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді жұмыстарды жүзеге асыру, ден­саулық сақтау саласындағы дәрігер­лік кө­мектің қолжетімділігі мен сапа­сын жақ­сарту, дамыту қажеттігін атап өтті. Сон­дай-ақ Президент цифрландыру са­­ла­сында қол жеткізген жетістіктерді есе­­лей түсу, еліміз жасанды интеллектіні кеңі­­нен қолданатын, цифрлық технология­лар­­­ды дамытып жатқан елге айналуы қажет­ті­гін айтты. Бұл бағытта қалалық емхана­да жүзеге асырылып жатқан ин­но­вациялық жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні ақпараттық жүйемен байланыстыру жоспарланған. Ол жүзеге асқан жағдайда, тікелей пациентпен сөйлесу арқылы оған ыңғайлы уақытқа – күнін, сағат, минутына дейін көрсетіп жазуға мүмкіндік туады. Егер пациент қабылдауға келе алмай қалған болса, жасанды интеллект автоматты түрде қайта байланысқа шығады. «Неге келе алмадыңыз?», «Сізді қайта қай күнге, қай уақытқа жазайық?» деп сұрап, дәрігер қабылдауына қайта жазады. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі жұ­мыстар. Қазір біз бірінші кезеңге қатыс­ты жұ­мыс жүргізіп жатырмыз», дейді Түркіс­тан қалалық емханасының басшысы Райымбек Тасырбаев.

Емханадағы жасанды интеллектінің минутына 5 мың, ал күніне 100 мың азаматқа хабарласуға қуаты жетеді екен. Бүгінге дейін 3 ай көлемінде 27 769 азаматқа қо­ңырау шалған. Оның ішінде 7500 азамат келісім беріп, тексеруден өткен. Ал 2929-ы қабылдауға келуден бас тартқан. Азаматтармен хабарласудың орташа ұзақтығы бір минут көлемінде. Сондай-ақ емхана басшысы медицина саласындағы ақпараттық жүйелерді ғана емес, кең тараған «Google» платформасындағы Excel кестесі тетіктерін пайдаланып жат­қанын айтады.

«Дені сау ана – дені сау ұрпақ!» ұста­нымын ескеретін болсақ, ең алдымен ананың жүктілікке дейінгі хал-жағдайы өте маңызды болып келеді. Осы тұрғыда әйелдердің ақпараттары конфиден­циалды түрде жүргізіліп, медицина сала­сын­дағы ақпараттық жүйелерді өзара ұштастырдық. «Google Docs» бағдарлама­сы арқылы онлайн режімде әйелдер­дің, оның ішінде туу жасындағы әйелдер мен жүкті әйелдердің денсаулықтарын бақылау мүмкіншілігіміз бар. Яғни бар­лық әйелдің деректерін сол «Google Docs» бағдарламасына енгізгенбіз. Зертха­на­лық, аспаптық тексерулер, бейінді ма­ман­дардың консультациялары, әйел­дер­дің дербес ерекшеліктері туралы да ақ­парат енгізіледі. Әр дәрігер, әр мейір­гер қарауындағы әйелдің мәліметін базаға енгізе алады. Мәліметтің толық­қандылығы, дәйектілігі бірінші орында болады. Біз оны көріп отырамыз. Бү­гінге дейін қай әйел қаралды, қайсысы қаралмады деген сұрақтарға тез әрі оңай жауап ала аламыз. Сол онлайн режімдегі кесте арқылы бақылау жүргіземіз. Бұл өз кезегінде мониторинг жасауға, сыни жағдайдағы әйелдердің, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілетін жүкті әйелдердің санын азайтуға көмектеседі. Ана мен бала өлімінің алдын алуға мүмкіндік береді. Осылайша, жүкті әйелдердің жағдайын бақылау ең бірінші орынға қойылған», дейді емхана басшысы.

Цифрландырудағы мұндай жұмыс әзірге қалалық емханадан басқа ешбір медициналық мекемеде жоқ екен. Бұл жаңашылдық әйелдердің ауыр жағдайда перинаталдық орталықтарға түсуі, ерте босанудың азаюына алып келіп отыр.

Қалалық емханаға келуші азаматтар­ға медициналық қызметті пайдалану ың­ғайлы әрі сапалы болуы үшін пациент­ маршруты барынша жеңілдетілген. Оған қоса колл-орталығы жұмыс істей­ді. Нәтижесінде, емханада келушілер дәрігер қабылдауын күтіп, ұзын-сонар кезекте отырмайды. Сондай-ақ аймақтық дәрігердің жүктемесін азайту мақсатында кеңейтілген практикадағы мейіргерлер жұмысы іске қосылған. Нәтижесінде, азаматтар барлық қағазбасты жұмыстарын мейіргер көмегімен тындырады. Оған қоса зертханалық, аспаптық тексерулерге жолдама сынды қызметтер де аймақтық мейіргер көмегімен орындалады, дәрі­гердің жүктемесі азаяды. Осылайша, аймақтық дәрігердің қабылдауын қажет ететіндер, яғни ауырып келгендер, созылмалы аурудың өршу сатысында еміне коррекция талап ететін азаматтар кедергісіз көмек ала алады.

«Емханада енгізілген жаңашылдық­тардың, жүйелі жұмыстардың қанша­лық­ты нәтижелі болғандығын өткен жыл­дың және биылғы жылдың 9 айын­дағы жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен мейір­би­келердің қабылдау санын са­лысты­рып қа­рағанда аңғару қиын емес. Өткен жыл­дың 9 айында аймақтық дәрігерлер – 155647, мейіргерлер 5647 қызмет көрсеткен. Бұл жалпы қызметтің 3 пайызын құрайды. Биыл 9 айдың қо­рытындысында аймақ­тық дәрі­герлердің еншісінде 159557 қыз­мет болса, мейіргерлер тарапынан көрсетіл­ген қызмет саны 32271-ге жетті, бұл жал­пы қызметтің 20 пайызын құрайды. Кейін­гі үш жылдың 9 айлық көрсеткіште­рін салыстыра отырып, жылдан-жылға ауру көрсеткіштерінің төмендегенін анық­тай аламыз. Мысалы, бірінші инсульт жағдайлары 2022 жылы – 85, 2023 жылы – 73, 2024 жылы – 70. Ал қайталама инсульт алушылар 2022 жылы – 51, 2023 жылы – 40, 2024 жылы 38 жағдайға дейін азайған. Миокард инфарктісі 2022 жылы – 40, 2023 жылы – 38, 2024 жылы – 39 жағдай. Ал қайталама миокард инфарктісі 2022 жылы – 8, 2023 жылы – 6, 2024 жылы 5 жағдайға дейін төмендеген», дейді Р.Тасырбаев.

Емханада азаматтармен кері байла­ныс­тың қолжетімділігі үшін телеграм-бот (@turkistanpoliklinicabot) енгізілген. Онда емхана туралы барлық ақпарат­ты алу­ға болады. Халық арасында жиі қо­йы­латын сұрақтардың жауабын алу оңай­латылған. Ботқа оңай қосылу үшін QR-кодтар қалалық емхананың бар­лық бөлімшелерінде қолжетімді жерлерге ілінген. Яғни кері байланыс жыл­дам жүргізіледі. Осы арқылы биыл 51 өті­нім келіпті. Оның басым көпшілігі ақпарат­тық сұрақтар. Жалпы, өткен жылы 9 айда – 2, биыл 9 айда 2 арыз-шағым түс­кен. Емхана басшысының мәлімдеуін­ше, зерделеудің қорытындысында биыл­ғы арыздың екеуі де негізсіз деп танылған.

 

ТҮРКІСТАН