«Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу» инвестициялық жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы іске асырып жатыр. Жоба Үкіметтің 2024 жылғы экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына кіреді. Жаңа газ құбырының құрылысы тамыз айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде басталған. Бүгінде жүз шақырымнан астам құбыр дәнекерленді.
Жалпы, Жетісу жерінде халықтың әл-ауқатын арттыруды көздеген мемлекет саясатына ерекше көңіл бөлінген. Оның айқын дәлелі – бюджет қаржы қоржынының 58 пайызы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Осынша қаржыға өңірде әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқарылып жатыр. Медициналық, спорттық, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, коммуналдық мәселелердің тіні тарқады. Тұрғындардың жайлы әрі қолайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз етуде көгілдір отынның қолжетімділігі де маңызды рөл ойнайды. Осы уақытқа дейін өңірде газдандыру қарқынды жүргізілгенмен, 3 ауданның тұрғындарына көгілдір отынды пайдаланудың ауылы алыс көрінген. Дей тұрғанмен, бірер жылдан соң Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары мен Ескелді ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары табиғи газды пайдаланбақ. Өйткені осы жылдың тамыз айынан бастап «Талдықорған– Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жуырда Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ («QazaqGaz» ҰК АҚ құрамына кіреді) бас директоры Манас Тасыбаев «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы барысымен танысты.
«Өңірде тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігін арттыру бағытында қолға алынған ауқымды жоба арқасында келер жылы 66 елді мекен көгілдір отынның игілігін көрмек. Негізі бұл жобаның аяқталу мерзімі 2026 жылға жоспарланған. Дей тұрғанмен, жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы «Талдықорған –Үшарал» магистралі іске қосылады. Негізгі үш ауданнан бөлек Ескелді ауданының шалғай орналасқан ауылдары осы магистраль арқылы табиғи газға қол жеткізеді. Көгілдір отынға қосылатын ауылдардың қатарын көбейтуді, соған сәйкес жоспар аясын кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.
Қазір құрылыс жұмыстары Ақсу ауданына қарасты Сағабүйен ауылынан әріге өткен. Шамамен жүз шақырымнан асқан. Негізгі мердігер «Asia Caspian Constraction» серіктестігі мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ арасында құрылыс-монтаж жұмысын бірлесіп жүргізуге келісім жасалған. Сол келісім негізінде құрылымның құрылыс басында 90-нан астам техника мен 130 жұмысшы қарқынды еңбек етуде. «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас инженері Меделхан Мырзаханұлының айтуынша, қазір 530 мм диаметрлік құбырды дәнекерлеу жұмысымен екі колонна айналысуда. Әр колоннада шынжыр табанды 3 дәнекерлеуші энергопойыз қызмет көрсетуде.
«Әр энергопойыздың атқарар өз міндеті бар. Бірі – құбырды бір-біріне жалғайды. Мұны өзектік (коренной) дәнекерлеу дейміз. Екіншісі ыстықты (горячая) және үшіншісі толықтыру немесе бетперде түрінде дәнекерлейді. Дәл мұндай ауқымды дәнекерлеуге себеп – құбыр қалыңдығының 10 мм болуы. Күніне әр колонна 1-1,2 шақырым құбырды іске қосады. Шамамен 100-110 құбырды бір-біріне жалғайды», – дейді бас инженер.
Қарашада Жетісу өңірінде ауа райы құбылмалы. Бірде қар, бірде жаңбыр. Соған қарамастан «Талдықорған – Үшарал» магистралінің жұмысы тоқтаған емес. Себебі бұл маңда Аян Батыр есімді өз ісінің білгірі де жұмыс істеп жатыр. Айтуынша, осындай мемлекеттік маңызы бар бастамада қолтаңбасын қалдырғанына разы.
«Бірнеше күн ауа райы қолайлы болды. Соңғы екі күнде тіпті өзгеріп сала берді. Алғашында жаңбыр жауды, артынша қар. Қазір сол қардың ызғары жүруде. Қаншама халықтың шаңырағына жылу сыйлайтын жобаға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Күннің салқынында жұмыс істеп жүріп, жоба аяқталғанда халықтан алар алғысымыз бой жылытады», – дейді Аян Батыр.
Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, магистральдық газ құбырының ұзындығы 302,4 шақырымды құрайды. Осынша ұзындықтағы құбыр бойында 6 газ бұру қондырғысы мен 6 автоматты газ тарату стансасы болады.