Қасиет дарып, құт қонған Жамбыл өңірінің құрылғанына 85 жыл толды. Тамырын тарауы мен тағылымы мол тарихқа байлаған өңірдің торқалы тойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтойға арналған іс-шараларға еліміздің игі жақсылары жиналып, жүрекжарды лебіздерін айтты.
Іс-шаралар легі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Келелі басқосуға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Сенат, Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар қатысты.
Ғылыми-тәжірибелік коференцияда алғаш сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, жамбылдықтарды тарихи датамен құттықтады.
«Талайғы тарихтың куәсі болған Жамбыл өңірі ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы екені анық. Мұнда елдігіміздің тірегіне айналған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз, мәдениет пен өркениетіміз қалыптасты. Тарихы тереңде жатқан өңірдің жағдайы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Облыс еліміздің ауылшаруашылық саласында көшбасшыға айналғаны мәлім. Соңғы жылдары химия, тамақ өндірісі жөніндегі көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Құрылыс саласы да қарқынды дамып, көптеген тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Спорт саласында да ауыз толтырып айтарлықтай табыстар бар. Білім мен ғылым саласындағы жетістіктерді де айтпай кетуге болмас. Республикалық деңгейден бөлек, халықаралық деңгейде де нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Табысты жылдар тізбегі жалғасты болсын», деді ол өз сөзінде.
Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз топырағында ұйымдастырылған іс-шара барысында өңірдің өткені туралы аз айтылған жоқ. Конференция жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы атбасын бұрған меймандарға ризашылығын жеткізді.
Бұл қасиетті өлкеде Түркі қағанаты мен ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығының алтын қазығы қағылған. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірінің бір бөлігі осы өңірде өткенін сол тарих парақтарынан білеміз.
Облыс орталығы Тараз қаласының шежіресі тереңнен сыр шертеді. Тасын түртсең тарихы көрінетін шаһарға сонау заманнан бері құт-береке дарып, әлем елдері көз тігіп келеді. Тараз – мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «саудагерлер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды.
Бүгінде Жамбыл облысы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайтып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес. Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің халықаралық аренада одан әрі танылуына ықпал етеді», деді өңір басшысы.
Іс-шара барысында сөз алған Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов көне өркениеттің өзегі Әулиеата өңірінен бастау алатынын түрлі деректер арқылы жеткізді. Алатаудың ар жағындағы айырқалпақты ағайындардың сәлемін ала келген Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстанның Қырғыз еліндегі елшілігінің кеңесші уәкілі Жасұлан Ханалиев та ізгі тілектерін арнады. Мадияр Елеуов, Дария Қожамжарова, Берекет Кәрібаев, Досбол Байғұнақов, Жәкен Таймағамбетов, Төрәлі Қыдыр секілді тарихшылар тереңде жатқан тың деректерді сөйлетті. Спикерлер бұл өлкеде сыры ашылмаған құнды тарихи орындардың өте көп екенін алға тартып, зерттеу жұмысын жүргізу, нысандарды музейлендіру жөніндегі ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының PhD Садакатцу Кунитакен жапон-қазақ археологиялық экспедициясының қорытындыларын баяндады. Түркия елінен келген профессор Абдуллах Гүндоғдулы орта ғасырлардағы Талас пен Анадолы арасындағы өркениет қатынастары туралы ойларын ортаға салды. Конференция соңында ақын Маралтай Райымбекұлы көне Тараз туралы отты өлеңін оқып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бұдан кейін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өңірдің 85 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Айтулы мерекеге арнайы келген мәртебелі меймандар мерейтойға орай тігілген киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, музыка өнері мен қолөнер бұйымдары, сондай-ақ ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын, керамикалық бұйымдарды, ежелгі руна жазуының көшірмелерін көпшілік назарына ұсынды. Бұдан соң жиналған көпшілік көрме залында өңірдегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түрлі саладағы толайым жетістіктер топтастырылған бейнефильмді тамашалады.
Өңірдің 85 жылдық торқалы тойына арналған іс-шара аясында бірнеше жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Олардың қатарында «Тараз өркениет өрімдерінің куәгері», «Қарахан мен Айша: ғылыми деректер мен аңыздар» секілді еңбектер бар.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Президент Жарлығына сәйкес «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендеріне, «Ерен еңбегі үшін» медаліне, сондай-ақ Президенттің Алғыс хатына ие болған азаматтарды марапаттады.
Мерейтойға арналған іс-шара барысында «Туған өлкем – Жамбылым» атты республикалық әдеби байқаудың, «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өткізіліп, жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар табысталды. Іс-шара соңы мерекелік концертпен түйінделді.
Жамбыл облысы